Футбол десе ішкен асын жерге қоятын алматылық жанкүйер ару кім?

Футбол десе ішкен асын жерге қоятын алматылық жанкүйер ару кім? Сурет: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Әдетте футболды жігіттер ғана көретін сияқты ма, қалай?! Ал шын мәнінде теңбіл доп десе ішкен асын жерге қоятын нағыз жанкүйер қыз-келіншектер де аз емес. Сондай жандардың бірі – алматылық Қасиет Балқыбекова. Футбол көру – ең сүйікті хоббиі.

– Қасиет, футболға деген қызығушылығыңыз қалай басталды?

– Кішкентай кезімде әкеммен теледидардан бірге көруден басталған. Кейін жазғы демалыстарда ауылға барғанда, ағаларым күнде түні бойы әлем чемпионаттарын көріп отыратын. Мен де оларға қосылып футбол көріп, клубтардың атын жаттап, әр елдің және қала атауларын осы футбол арқылы ажырататын болдым.

– Біздің «Қайратқа» қашан және қалай жанкүйер болдыңыз?

– «Қайратты» 2015 жылға дейін тек газет-журналдардан оқып біліп жүрдім. 2015 жылы Еуропа лигасының плей офф кезеңінде франциялық «Бордо» командасынан жалпы есепте тең түсіп, тек сырт алаңда соғылған голдың көмегімен келесі кезеңге «Бордо» өткен болатын. Сол ойыннан бастап «Қайратқа» деген қызығушылығым басталды. Ол кезде жасым кішкентай болғандықтан, стадионға барып көруге қорқатынмын. Тек теледидардан көріп, жаңалықтарын үзбей бақылап жүрдім.

Қазақстандық ойыншылар әлемнің қай командасында ойнаса да сол командаларға жанкүйерлік етемін. Мысалы, Түркияның «Бешиктасында» Бақтияр Зайнутдинов ойнаған, ал ресейлік «Зенит» командасында Нұралы Әліп ойнайды.

– Әлемдік деңгейдегі қай команданың жанкүйерісіз?

– Испанияның «Реал Мадридінің» ойындарын жібермей көремін деп айта алмаймын, жаңалықтарын, ойындары қалай болып жатқанын қарап жүремін. Англияның «Ливерпуль», Германияның «Бавариясының» ойындарын да көремін. Айтпақшы, «Реалдың» бір ойынын көруге дайындалып жүрген кезім. Тұңғышыма аяғым ауыр еді. Ойындар көбінде түнде болады. Ойын басталды, артынша толғағым да басталды. Толғағым басыла қалса, теледидар алдына жүгіріп барып «көк жәшікке» үңіле қоямын. Ойын біткен соң жедел жәрдем шақырып, перзентханаға кеттім. Сол күнді футбол жайлы әңгіме болып қалса, анам есіне алып «бұл толғатып жүрсе де футбол көреді» деп күліп отырады.

– Стадионға жиі барып тұрасыз ба, әлде үйде көргенді жөн санайсыз ба?

– Стадионға барып жанкүйерлермен бірге ойын тамашалаған өте керемет сезім. Ішіңдегі бар эмоцияңды шығарып аласың, тауға барып айқайлап шығарғанмен бірдей. Барлық ойыншының аты-жөнін білемін. Стадионда отырып достарыма комментатор болып, доп кімде екенін айтып отырамын. Футболға достарыммен, олар бос болмаса, қызыммен барып тұрамын. Сырт алаңда болатын ойындарды теледидардан немесе «Кинопоиск» қосымшасы арқылы көремін. Бұл қосымшада «Қайраттың» бүкіл ойынын үзбей көруге арнайы жазылғанмын. Одан бөлек, «Қайраттың» өзінің «Qairat SuperApp» деген жеке қосымшасы бар. Барлық жаңалықты сол жерден қараймын, билетті де сол жерден табуға болады. Менің футбол көретінімді туыстарым, дос-жарандарым біледі. Қонаққа не басқа да жерлерге шақырарда «бүгін матч бар» десем, маған ыңғайлы уақытқа өзгертіп жатады.

– «Қайрат» ойынынан ең есіңізде қалғаны қайсысы?

– Ол Шотландияның Селтикпен болған ойыны десем, бүкіл жанкүйер мені қолдайды деп ойлаймын. Ол 70 жылдан астам тарихы бар «Қайрат» командасының тарихындағы алғашқы чемпиондар лигасының топтық кезеңге шыққан шешуші ойындағы Анарбековтің пенальти қайтарғаны бәрінің есінде шығар. Комментатор Әлімжан Асқардың «Еуропа қарашы, бұл қазақтың баласы!» деген ұраны әлі құлағымызда.

– Сүйікті ойыншыңыз кім?

– «Қайрат» футбол академиясының түлегі, талантты, болашағынан зор үміт күттіретін жас футболшы Дастан Сәтпаевты айтар едім. Ол небәрі 16 жасында әлемдік топ клубтардың бірі – лондондық «Челси» клубымен келісімге келген алғашқы қазақстандық ойыншы. Тіл-көзден сақтап, әлемдік жұлдыз ойыншы болуын тілейміз. «Қайрат» академиясынан әлі де танымал ойыншылар шығатынына сенімім мол. Көптеген турнирден жеңіспен оралып жүрген ойыншылар жетерлік. Рамазан Бағдат, Азамат Тұяқбаев, Олжас Байбек, Дәулет Орынбасар, т.б.

– «Қайрат» жанкүйерлері арасындағы бірлік пен қолдауды қалай сипаттар едіңіз?

– Жанкүйерліктен де жоғары – «Қайраттың» фанаттары, олар 51-ші сектордың жігіттері. Әр матчта 90 минут бойы ыстық-суыққа қарамай, орындарынан тік тұрып ойыншыларға рух, жігер беріп ұрандатып тұрады. Трибунада шоу жасауға, үлкен перфоменс жасауға тырысады. «Қайраттың» фан-клубтары да жақсы дамыған. Оларға алғысымыз шексіз. Жанкүйер, фанат бұл 12-ші ойыншы деп айтар едім. Соңғы жаңалықтардан соң «Қайраттың» жанкүйерлері Қазақстанның кез келген өңірінде ғана емес, әлемнің әр түкпірінде де кездеседі.

Футбол көбіне ер адамдардың спорты деп саналады. Әйел жанкүйер ретінде мұны қалай қабылдайсыз?

– Футбол – спорт. Спортқа жанкүйерік ету жас пен жыныс талғамайды. Футболды тек ерлер емес, қыздар да ойнайды. Әлемдік жүлделерді де алып жатады. Қыздар неге жанкүйер болмасқа! Мектепте оқып жүрегенде басқа мектептің қыздарымен футбол ойнауға жарысқа баратынбыз. «Қайраттың» қыздар командасы бар жаңадан құрылған, енді оларға да жанкүйерлік етемін.

Иранда 30 жастағы Ходаяри есімді әйел футбол матчына баруға тыйым салынғаны үшін және сол үшін сотталуы мүмкін болған соң өз-өзіне қол жұмсаған. Жалпы футбол қарайтын жас қыз-келіншектер, тіпті үлкен апаларды да кездестіруге болады.

Сіздің жанкүйерлік өміріңіздегі ең қызық оқиға қандай?

– Стадионда болған жағдай. Кезекті матч өткен. «Қайрат» пен «Ақтөбе» командаларының ойыны біткен кез. Өзім екіншіме аяғым ауыр кез. Қасымда құрбыларым және таэквондошы бөле әпкем Әйгерім бар. Ойыннан соң қайтып келе жатырмыз. Стадион алдында «Ақтөбе» командасының бір топ жанкүйері «Қайраттың» жалаушасын жерге тастап, өртегелі жатыр екен. Соны көрдім де, жүгіріп барып орталарына кірдім де «не істеп жатсыңдар, «Қайрат» та қазақстандық команда ғой, бұларың дұрыс емес» деп ызадан айқайлап, балалардың біреуін ұрдым. Әйгерім әпкем де біреуін теуіп, көзілдірігін сындырды, құрбым біреуін итеріп жіберді. Қыздардан мұндай оқыс қарсылықты күтпеген болу керек, бәрі тосылып тұрып қалды. Сонымен ол жерден шығып кеттік. Сол кезде елімнің туы жерде жатқандай кеудемді өксік қысты. Бір жағы сүйікті командамды жерден көтергендей іште мақтаныш сезімі де бар. Бірақ неге екенін білмеймін, жылап қалдым. Әпкеме «неге қатты тептің?» десем, «саған емес, ішіңдегі балаға зияны тиіп кете ме деп қорықтым» дегенде, екеуміз құшақтасып жыладық. Сол күнгі матч ұмытылмастай болған еді.

– Футболмен байланысты қандай естелік-сыйлық бар үйіңізде?

– Мені футболмен байланыстыратын сүйікті түсім – сары мен қара. Өзіме қажетті заттарымның көбі сол түсте. Менде жейде, шарф, телефонымның қабы, бәрі осы түстен тұрады. Ал хоббиім – тәспі коллекциясын жинаймын, көбіне сары-қара түстілерін алуға тырысамын.

Алда Қазақстан чемпионы атануға соңғы 3 ойын қалды. 3 ойын 3 финалмен тең. Былтырғы чемпиондық атақты қорғап, қазіргі жетістіктерін келесі жылы да қайталай алатынына сенемін және үміттенемін. Чемпиондар лигасындағы ойындарынан бір сенсация жасауға ойыншылардың мүмкіндігі бар. Қандай жағдай болмасын, ойыннан жеңілсек те, өмірден жеңілмесін. Жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. «Қайрат» жанкүйері ретінде мен соңына дейін қолдауға дайынмын. Алға «Қайрат»! Менің жүрегімнің командасы!

 

Сәкен СЫБАНБАЙ, қаламгер:


Қасиеттің бойындағы жанкүйерлік «дерт» ерекше. Әкесінен жұққан ғой деп ойлаймын. Әмірхан марқұм да спорт жанкүйері еді. Әсіресе, футбол мен боксты жібермей көретін. Көріп қана қоймай, соны қызу талқылайтын. Жас кезінде көрген айтулы тарихи ойындардың кей детальдарын ұмытпай айтып жүретін. 1982 жылғы әлемдік футбол чемпионатындағы Андрей Бальдің (КСРО құрамасының ойыншысы) Бразилия қақпасына голды нешінші минутта неше метр жерден салғанын сайрап айтып беретін.

Бірақ Әмірхан спорт жарыстарын көргенде эмоциясын аса қатты білдіре бермейтін сияқты еді. Ал Қасиет футболды... айғайлап отырып көреді. Ойыншылар қателік жіберсе, апандай қақпаны дәл көздей алмай, айдалаға тепсе, оларға ұрсып отырады, өкініштен жер тоқпақтап, тіпті жазықсыз теледидарды жазым қыла жаздайтыны да бар. Әсіресе, «Қайрат» командасының тілеуін ерекше тілейді. «Қайраттың» Алматыдағы барлық ойынын стадионға барып көреді, бірде-бір ойынды жібермейді. Бұл жағынан мен ұяттымын, стадионға бармағалы қашан. Тек теледидардан көремін.

Кейде екеуіміз футбол матчтарының нәтижелеріне жарыса болжам жасаймыз. Әрине, ақша тікпейміз. Жәй... «кімнің болжамы дәл келер екен» деген мақсаттағы қызығушылық қой. Кейде оның айтқаны тура келеді, кейде менің...

Футболға жанкүйерлік ететін қыздарды талай кездестірдім. Бірақ көбінікі – жәй ермек секілді еді: әдетте белгілі бір футболшыны жақсы көреді, ол басқа командаға ауысса, олардың қызығушылығы да ауысып сала береді деген секілді... Яғни тұрақты емес. Ал Қасиеттің жанкүйерлігі айрықша. Ол ойынды түсініп көреді, командалардың ара салмағын жақсы таразылайды. Оның футбол туралы білімі көп жігіттен артық.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
3
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

11:29

11:21

11:13

11:01

10:44

10:31

10:27

10:23

10:11

10:05

09:56

09:29

09:20

09:15

08:59

08:46

21:31

18:31

18:28

18:20

17:50

17:50

17:41

17:38

17:31