Қазір әлемнің әр түкпіріндегі спортсүйер қауым біздің Гимнді, Көк Туымызды жақсы біледі. Десе де, әлемдік додаларда алты Алаштың көк байрағы алғаш рет қай жылы көтерілді? Әнұранымызды ең алғаш рет қай спортшымыз, қай жылы асқақтатты? Кім біледі?
Бұл тақырып әлі күнге дейін спортшылар арасында даулы мәселе күйінде қалып отыр. Біздің білетініміз, төрткүл дүниені мойындатып, ең алғашқылардың бірі болып Әнұранымызды шырқатқан спортшы – 17 жасар алматылық Екатерина Полевая еді.
Ешкімге белгісіз жас спортшы өзінің досы, сол кездегі су астындағы бағдарлау бойынша КСРО құрамасының Еуропа чемпионы Людмила Шумиловамен бірге 1992 жылы Австрияның Фельдкирх қаласында өткен әлем чемпионатына барады. Су астындағы спорттың «бағдарлау» жаттығуында Е.Полевая бірінші орынды иеленеді.
Бұл туралы бүгінде суасты спортының бапкері былай деп еске алады: «Жарысқа кетердің алдында бір нәрсені сезгендей біртүрлі қызық сезімде болдым. Ұлттық Олимпиада комитетіне барып, ел туын сұрап алдым. Радиоға барып Қазақстанның Әнұранын жаздырып алдым. Сөйтсем, бәрін дұрыс істеппін. Майшаферзее көлінің жағасында тұрған мыңдаған жанкүйер көк жүзімен таласа желбіреген Көк байрағымызды тамашалады. Сондай-ақ, әлем картасында жаңадан пайда болған мемлекеттің Әнұранын да шамамен 5 минут тыңдады. Ол-ол ма, бір жағдайға байланысты ұйымдастырушылар Әнұранымызды екі рет қосып жіберді»…
Осылайша Екатерина Полевая Қазақ Елі спортының тарихына оның құрметіне алғаш рет Қазақстанның Әнұраны шырқалған және егемен елдің алғашқы әлем чемпионы атанған спортшы ретінде енді. Әнұранымызды спортшылардың өздері жанды дауыста айтқан жағдайлар да болған екен.
– Францияда ойнап жүрміз, – деп бастады сөзін Алматының «Айсұлу» атты хоккейшілер командасының бапкері А.И.Мальцев. – Матч басталмай тұрып Қазақстан мен Еуропадан келген қарсыластардың Әнұраны ойналуы тиіс еді. Бірақ біздің мемлекетіміздің Әнұраны жазылған диск белгісіз бір себептермен «оқылмай» қойды. Не істерімізді білмей тұрғанда, спортшылардың біреуі қасыма келіп: «Біз Әнұранды жанды дауыста айтамыз», – деді.
Менің ғана емес, матчты көруге жиналған көрермендердің де таңданысында шек болмады. Стадион бізді үлкен қошеметпен қарсы алды. Жүректі тебіренткен әдемі көрініс болды. Яғни өз еліңнің патриоты екеніңді сөзбен емес, іспен дәлелдеген сәт еді бұл.
Қыздар Әнұранды жатқа айтты. Спортшыларымыз жаңа Әнұранның мәтінін де жатқа біледі. Өйткені, спорт әлемінде неше түрлі біз күтпеген нәрселер орын алып жатады. Мысалы, жаңа Әнұранымыздың мәтіні барлық елде жоқ. Кейбір мемлекеттерде, тіпті көрші тұрған мына Қытайда да осындай жағдайға тап болған едік.
Жарысты ұйымдастырушылар Әнұранның ескі нұсқасын қойып жіберген кездер талай болды. Сондықтан бәріне дайын болу керек.