Әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) жекелей сында чемпиондық кестенің жаңартылған нұсқасын жария етті, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина 4 103 ұпаймен чемпиондық кестеде бұрынғыша көш бастап келеді.
Беларусь өкілі Арина Соболенко 4 015 ұпаймен екінші орында.
Америкалық Джессика Пегула (2 970 ұпай) үздік үштікті түйіндеп тұр.
Мадрид (Испания) WTA 1000 турнирінен кейін жаңартылған әлемдік рейтингіде Е.Рыбакина көш басындағы А.Соболенкоға бір табан жақындай түсті. Қазіргі кезде Аринаның еншісінде 10 110 ұпай болса, Е.Рыбакина (8 555) екінші орында нық тұр.
Польша өкілі Ига Швентек 6 948 ұпаймен америкалық Кори Гауфты (6 749) ығыстырып, үшінші орынға көтерілді.
Мадрид жарысында жеңімпаз атанған украиналық Марта Костюк 23-тен 15-ке, финалға дейін жеткен ресейлік Мирра Андреева 8-ден 7-ге жоғарылады.
Төртінші айналымда Е.Рыбакинаны қапы қалдырған аустриялық Анастасия Потапова 56-дан 38-ге, М.Костюктан ұтылған тағы бір қазақстандық Юлия Путинцева 80-нен 77-сатыға шықты.
Қазақстанның жұптық сындағы бірінші ракеткасы Анна Данилина 7-ден 8-ге төмендеді.
Әлемдік рейтингіде, сондай-ақ чемпиондық кестеде алдағы өзгерістер теннисшілердің осы аптада басталатын Рим WTA 1000 додасында қалай өнер көрсететініне байланысты болмақ.