конституция 2 шілде
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • Басты бет
  • Құрылтай
  • Барлығы
    • Ресми бөлім
    • Спорт
    • Керек кеңес
    • Медицина
    • Білім және ғылым
    • Заң мен тəртіп
    • Оқиға
    • Не? Қайда? Қашан?
    • Эксклюзив
    • Алматы көшелері
    • Жолдау
    • Келешек мектептері
  • Жаңа Конституция
Қазақ Qazaq قازاق Русский
Қазақ Qazaq قازاق Русский
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • 🏠 Басты бет
  • Құрылтай
  • Барлығы
    • • Ресми бөлім
    • • Спорт
    • • Керек кеңес
    • • Медицина
    • • Білім және ғылым
    • • Заң мен тəртіп
    • • Оқиға
    • • Не? Қайда? Қашан?
    • • Эксклюзив
    • • Алматы көшелері
    • • Жолдау
    • • Келешек мектептері
  • Жаңа Конституция
  • 📰 Газет архиві

Біз әлеуметтік желілерде:

💱 Валюта бағамы:

Басты бет / Мәдениет / Экраннан экранға: «Baiqonyr-2026» фестивалі не ұсы...

Экраннан экранға: «Baiqonyr-2026» фестивалі не ұсынады?

Мәдениет Бүгін 17:19 40
Экраннан экранға: «Baiqonyr-2026» фестивалі не ұсынады?

«Baiqonyr» халықаралық дебюттік және қысқаметражды кинофестивалі биыл он бірінші мәрте өтпек. Алматы қаласында ұйымдастырылатын фестиваль 19–25 қыркүйек аралығында мамандар мен көрермендер үшін өз есігін ашады.

«Baiqonyr»-дың жылдан-жылға ұлғайып келе жатқаны сөзсіз. Биыл фестивальдің географиялық ауқымы одан әрі кеңейе түсті. Соның нәтижесінде байқау бағдарламасына Еуропа елдерінің кинематографистері де қосылды. Өтінімдерді іріктеу нәтижелері 1 тамызда жарияланды. Ендеше, байқау бағдарламасымен танысып шыққан жөн.

Ұлттық қысқаметражды фильмдер байқауы

Ұсынылған 180 фильмнің арасынан 16 туынды таңдалған:

1. «Tamyr», режиссері - Тимур Хошанов

2. «Mom is on the Way», режиссері - Амина Өмірзақ

3. «Summer That Was Bright», режиссері - Әмір Кәкен

4. «Spark», режиссері - Алдияр Узиятов

5. «Qulpynai», режиссері - Әмір Сәлімжан

6. «Ice», режиссері - Амина Бектенова

7. «Aues», режиссері - Әсемай Қонысбек

8. «The Eye Taker», режиссері - Наталия-Раминта Бараускайте

9. «The Fruits of Labor», режиссері - Адель Омар

10. «Er Bolady», режиссері - Мадияр Мұрат

11. «Diary», режиссері - Нұрсат Қыдырбай

12. «The Horseman», режиссері - Шыңғысхан Ермахан

13. «Журнал», режиссері - Азамат Утянов

14. «Uide», режиссері - Альмира Сәлімова

15. «299.4», режиссері - Әмірхан Бақтыгерей

16. «Мамыр», режиссері - Махамбет Мырза

Аталған туындыларда көтерілген тақырыптар мен идеялардың ауқымы кең. Қатпарлы көңіл-күй мен түрлі-түсті реңктерге толы жеке әлемдер құрастырылған бұл фильмдер тізімі назар аудартпай қоймайды. Байқау бағдарламасындағы туындыларға тақырыптық тұрғыдан үңілсек, олардың бір бөлігі балалық шақ әлеміне жетелесе, енді бірі спорт, отбасы және ана бейнесі секілді бағыттарды алға шығарады.

Бағдарламадағы бірқатар фильм көрерменді балалық шақ әлеміне жетелейді.  «Tamyr», «Summer That Was Bright», «Spark», «The Fruits of Labor», «Er Bolady», «The Horseman», «Uide», «Мамыр», «Qulpynai» фильмдері бала кейіпкерлердің қиындыққа да, арман мен үмітке де толы өмірлерін жырға қосады. Достық, алғашқы махаббат пен отбасы сынды мәңгілік тақырыптар әлеуметтік мәселелер аясында ортаға алынған. Ал оқиғалардың қозғалтқыш күшіне ұлттық аспап, ойын мен спорт айналады.

Қызығы, Әмір Кәкеннің («Summer That Was Bright»), Адель Омардың («The Fruits of Labor») және Алдияр Узиятовтың («Spark») фильмдерінде Молданазардың әндері сүйемел ретінде қолданылған. Ұлттық байқау аясында балалар мен жасөспірімдер жайлы сыр шертетін туындылардың ортақ гимнін орындаушы Молданазар атанғандай.

Биыл қазақ балалар киносының негізін қалаушылардың бірі, көрнекті режиссер Абдолла Қарсақбаевтың туғанына 100 жыл толып отырғанын да ескерсек, ұлттық байқаудағы балалар әлеміне назар аудару символдық мәнге ие. Қарсақбаев шығармашылығында бала болмысы, оның ішкі әлемі мен қоршаған ортамен қарым-қатынасы экран тілі арқылы өзіндік орын алған еді. Бүгінгі жас режиссерлердің балалық шаққа қайта оралуы осы дәстүрдің қазіргі кинодағы жалғасын аңғартатындай.

Балалық шақ тақырыбы спортпен ұштасатын туындылар да байқау бағдарламасынан орын алған. Амина Бектенованың «Ice» атты қысқаметражды фильмі мәнерлеп сырғанаумен айналысатын жасөспірім қыздың спорттағы жолымен таныстырады. Ал Шыңғысхан Ермаханның «The Horseman» туындысында Ақкөз есімді баланың бәйгеге талпынуы көрсетіледі. Екі фильмде де спорт кейіпкердің өзін сынауымен қатар, арманға ұмтылудың бір жолына айналады.

Айта кетсек, Шыңғысхан Ермахан («The Horseman»), Наталия-Раминта Бараускайте («The Eye Taker») мен Азамат Утянов («Журнал») - «Shabyt Lab» лабораториясының қатысушылары.

Байқаудың тағы бір тақырыптық арнасы ана бейнесімен байланысты. Амина Өмірзақтың «Mom is on the Way» мен Әсемай Қонысбектің «Aues» фильмдері ана жолының ауыртпалығын ашады. Дегенмен, екі туындыны осы тақырыптық бағыт біріктіргенімен, көрерменге ұсынатын көңіл-күйі екі түрлі болмақ.

Халықаралық қысқаметражды көркемфильмдер байқауы

Жалпы 466 өтінімнің арасынан бағдарламаға 13 фильм енді:

1. «Innocent» - Токтобек Усонов (Қырғызстан)

2. «Қызыл туфлилер» («Красные туфли») - Алина Байтокова (Қырғызстан–Әзербайжан)

3. «Early Feelings» - Нурлан Хасанли (Әзербайжан)

4. «Inherited Silence» - Мәриям Хатчвани (Грузия)

5. «Doorman» - Лили Газарьян (Армения)

6. «Cold Spring» - Нодир Абдукаримов (Өзбекстан)

7. «Happy as can be» - Ирина Большова (Ресей)

8. «Maut» - Дмитрий Давыдов (Ресей)

9. «It Sounds Louder on Rainy Days» - Ким Сан Юн (Оңтүстік Корея)

10. «Lukhtak» - Самариддин Мухитдинов (Тәжікстан)

11. «Tiger's Smile» - Стелла Фахингер (Германия)

12. «Umbral» - Дарина Манапова (Португалия)

13. «What Have You Done, Zarina?» - Камила Сағынтхан (Қазақстан)

Ұлттық байқаудың үндестігін жалғастыратын болсақ, алдымен балалардың экрандағы көрінісіне назар аударайық. Нурлан Хасанлидің «Early Feelings» (Әзербайжан) атты туындысы 11 жасар баланың жүрегінде алғашқы махаббаттың оянуы мен өлім тақырыбын тоғыстырады. Ал Алина Байтокова «Қызыл туфлилер» (Қырғызстан–Әзербайжан) фильмінде алшақтаған ана бейнесін бала көзімен ашады.

Бала мен ата-ана арасындағы қақтығыс өзге елдерден ұсынылған жұмыстардан да көрініс табады. Мәселен, Ким Сан Юнның «It Sounds Louder on Rainy Days» (Оңтүстік Корея), Дмитрий Давыдовтың «Maut» (Ресей) пен Стелла Фахингердің «Tiger's Smile» (Германия) туындыларын осы қатарға жатқызуға болады. Әр фильм өз мәдениетінің аясында ұрпақаралық алшақтық мәселесіне жүгінеді. Бір-бірінен географиялық тұрғыда алшақ жатқан туындылардың отбасылық қарым-қатынас, түсініспеушілік пен айтылмаған сөздер төңірегінде тоғысуы халықаралық бағдарламаның ортақ тақырыптарының бірі ретінде көрінеді.

Ал Нодир Абдукаримовтың «Cold Spring» (Өзбекстан) және Ирина Большованың «Happy as can be» (Ресей) фильмдерін ортақтастыратын тақырып - жоғалту. Алайда екі режиссер қайғыны екі түрлі уақыттық нүктеден қарастырады. «Cold Spring» кейіпкердің жоғалуға дейінгі және одан кейінгі күйін қатар көрсетсе, «Happy as can be» оқиғаның салдарынан кейінгі өмірге назар аударады. Осы тұрғыдан алғанда, екі фильм де жоғалтудың өзін ғана емес, одан кейін жалғасатын өмірді бақылауға мүмкіндік береді.

Айта кетерлігі, Нодир Абдукаримовтың туындысы Шокир Холиковтың «Жексенбі» драмасын еріксіз еске түсіреді. Аталмыш ассоциация екі фильмдегі үнсіздік пен визуалды қатардың үйлесімінен туындайды. Сөзден гөрі кадрға, әрекеттен гөрі кейіпкердің күйіне мән беру арқылы екі туынды да қайғыны сыртқы драматизмнен ада, сабырлы баяндау арқылы жеткізеді.

Халықаралық байқаудың тағы бір тақырыптық арнасы - әйел тағдырына назар аударған жұмыстар. Бұл қатарға Токтобек Усоновтың «Innocent» (Қырғызстан), Мәриям Хатчванидің «Inherited Silence» (Грузия), Самариддин Мухитдиновтың «Lukhtak» (Тәжікстан) және Камила Сағынтханның «What Have You Done, Zarina?» (Қазақстан) фильмдерін жатқызуға болады.

Қоғам қысымы, зорлық-зомбылық пен арпалыстағы жалғыздық аталған фильмдерде айқын көрініс табады. Әр туынды әйел тағдырын әр қырынан қарастырғанымен, кейіпкерлердің өз өміріне қатысты таңдау жасау мүмкіндігі мен сыртқы қысым арасындағы қайшылық ортақ желіге айналады. Бұл тақырыптардың халықаралық көрермен назарынан тыс қалмағанын Камила Сағынтханның «What Have You Done, Zarina?» фильмінің фестивальдік жолы да аңғартады. Туынды Torino Film Festival-де қысқаметражды фильмдер байқауының үздік фильмі жүлдесіне ие болып, кейін Los Angeles Asian Pacific Film Festival секілді халықаралық кинофестивальдердің бағдарламасына енді. Өшпеген жаралар мен шешімін таппаған ахуалдарды алдыңғы қатарға шығаруда фильмдер тақырыптық ізденіспен ғана шектелмей, батыл визуалды шешімдерге де жүгінеді.

Халықаралық толықметражды дебюттік фильмдер байқауы

1. «Мерген» - Чингиз Нарынов (Қырғызстан)

2. «Победителей видно на старте» - Жаннат Алшанова (Қазақстан)

3. «Қыс сәулесі» (Winter Light)  - Чо Хён Со (Оңтүстік Корея)

4. «Күндізгі отшашулар» - Нина Волова (Ресей)

Іріктелген төрт туындының да фестивальдік жолы қалыптасқан, бұған дейін көрермен мен кәсіби орта назарын аударған фильмдер. Әр жұмыс өзіндік жанры, тақырыбы мен режиссерлік қолтаңбасымен ерекшеленеді. Ендеше, толықметражды дебюттер байқауындағы фильмдерге кезек берейік.

«Мерген» - Чингиз Нарыновтың мистикалық неонуар жанрындағы фильмі. Режиссердің фестивальдік жетістіктерінің қатарында Халықаралық Бішкек кинофестивалінде иеленген Гран-при мен FIPRESCI халықаралық киносыншылар жүлдесі бар. Оқиға желісінде аңшының өлімін тергеп жатқан тергеуші Нуртай браконьерлердің ізіне түседі. Осылайша басты кейіпкер шындықтың бетін ашу үшін күтпеген қиындықтарға тап болады. Туындының жанры күз мезгілінде тамашалауға сұранып тұрғандай. Тянь-Шань таулары мен тұманға оралған дала көріністерінен құралған детектив толықметражды фильмдер байқауын бастауға лайықты таңдау болмақ.

Келесі күні кешкі көрсетілімде Жаннат Алшанованың «Победителей видно на старте» атты туындысы ұсынылады. Режиссер соңғы жылдары өз есімін халықаралық кино кеңістігінде танытуда сәтті қадамдар жасап келеді. Фильмнің әлемдік тұсаукесері 2025 жылы Locarno Film Festival аясында өткен еді.

Жаннат Алшанованың фильмінде 17 жасар Мила есімді жасөспірім қыздың есею жолы бейнеленеді. Жүзумен айналысуы Мила үшін өміріндегі жаңа таңдау мен өзгерістердің басталуына айналады. Осы жолда оның тұлға ретінде қалыптасып, өз ұстанымдарын айқындай түскенін байқауға болады. Спорт пен есею тақырыптары фильмді ұлттық қысқаметражды фильмдер байқауындағы туындылармен де үндестіреді.

Келесі кезекте таныстырылатын Чо Хён Соның «Қыс сәулесі» фильмі де есею мен отбасылық жауапкершілік тақырыптарына назар аударады. Басты кейіпкер Да-бин - ересек өмір табалдырығында тұрған бозбала. Ол отбасылық жағдайдың салмағын арқалап, бір жағынан есейуге асықпаса, екінші жағынан отбасы алдындағы жауапкершілікті мойнына алуға мәжбүр. Фильм кейіпкердің осы өтпелі кезеңін өзіндік «қыс» ретінде суреттейді.

Чо Хён Соның «Қыс сәулесі» туындысы 26-шы Jeonju халықаралық кинофестивалінің корей фильмдері байқауында Бас жүлдеге ие болған. Кейін фильм Seoul Independent Film Festival сынды басқа да корейлік және халықаралық фестивальдердің бағдарламаларына шақырылды.

Байқау көрсетілімдеріне нүкте қоятын Нина Волованың дебюттік «Күндізгі отшашулар» фильмі де атауымен-ақ назар аудартады. Сюжет Виктор есімді кейіпкердің қарыздарын өтеу мақсатында іскерлік серіктесі Вэйхонгпен келісімге келуі төңірегінде өрбиді. Алайда әкесінің шешімімен келіспеген үш әпкелі-сіңілі оған кедергі келтіруге тырысады. Осылайша отбасылық шаңырақтың өзгерістерге бейімделуі мен оны сақтап қалуға деген талпынысы фильмнің негізгі желісіне айналады.

Автор өз кезегінде Антон Чеховтың «Шие бағы» пьесасын заманауи тілмен интерпретациялайды. Чеховтық мотивтің бүгінгі қоғамға қандай сипатта бейімделгенін, автордың классикалық туындыға қандай жаңашылдық енгізгенін анықтау мақсатында көрсетілімді жіберіп алмаған жөн. Классикалық туындының жаңа уақыт пен жаңа мәдени ортада қайта оқылуы киноның мәдениеттер мен дәуірлер арасындағы диалог құра алатын мүмкіндігін аңғартады. Бұл тұрғыдан алғанда, мұндай мәдени алмасу «Baiqonyr» фестивалінің де басты құндылықтарының бірін айқындайды.

Сондықтан «Baiqonyr»-дың биылғы бағдарламасын тек байқау аясындағы фильмдер тізімі ретінде қабылдау аздық ететіндей. Мұнда отандық кино халықаралық үдерістен оқшау қалмай, өзге елдердің кинематографиялық тәжірибесімен қатар ұсынылады. Биыл Еуропа елдерінің кинематографистеріне де жол ашылуы осы халықаралық диалогты кеңейте түседі. Бір елдің тәжірибесі экран арқылы екіншісіне жетіп, көрерменге өзге қоғамның тынысын сезінуге мүмкіндік береді. Осылайша «Baiqonyr» мәдени коммуникация мен өзара түсіністікке жол ашатын кеңістікке айналған.

Қай фильм көрермен көңілінде ұзақ сақталатынын, қай режиссердің үні ерекшеленетінін фестиваль күндері көрсетеді. Ал әзірге экранға дейінгі бұл жолда әр туындыға өз сұрағымызбен барып, жауабын фильмнің өзінен іздеп көрелік.

Киносыншы

Қуандық Әзиза

Телеграм арнаға жазылыңыз
#фильм #фестиваль
Бөлісу:
Жүктелуде...

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанның атом саласын дамыту - энергетика, өнеркәсіп, ғылым, технология және кадр даярлау бағыттарын қамтитын кешенді жұмыс

Бүгін 17:26

Алматыда Жандосов көшесінің бір бөлігінде көлік қозғалысы уақытша шектеледі

Бүгін 17:21

Telegram мен Pinduoduo бұғаттала ма?

Бүгін 17:15

Халықаралық тревел-блогер Ahmed Haggagovic Алматыны жаңа қырынан таныды

Бүгін 16:34

Оқушыға баға қоюдың жаңа тәртібі енгізіледі

Бүгін 16:10
Telegram
Жазылыңыз
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті

"Alatau Aqparat" медиахолдингі

Сілтемелер

  • Біз туралы
  • Байланыс
  • Жарнама
  • Жазылу
  • Газет архиві

Байланыс

  • Республика Казахстан. 050022, г. Алматы, Адрес: ул. Шевченко, 106 а
  • +77272930803
Copyright 2026, "Alatau Aqparat" медиахолдингі
Яндекс.Метрика
// SMI24 виджет setTimeout(function() { if (typeof Smi24 !== 'undefined') { Smi24.init('[data-smi-widget-id="130"]'); } }, 1500);