Фестивальде soundrama, муздрама, performance, storytelling сынды түрлі бағыттар қамтылды, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматы қаласында «Алатау» дәстүрлі өнер театрының 10 жылдық мерейтойына орай, Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен «ALMATY THEATRE FEST» республикалық театр фестивалі басталды. 2026 жылғы 15–20 қараша аралығында өтетін мәдени шара еліміздің театр өнеріндегі үздік туындыларды бір сахнада тоғыстырып, дәстүр мен жаңашылдықтың үндесуіне жол ашпақ.
Алты күнге жоспарланған фестивальдің басты мақсаты – ұлттық өнердің құндылықтарын дәріптеу, заманауи театр үдерісіндегі тың ізденістерді таныстыру, шығармашылық ұжымдар арасындағы тәжірибе алмасуды дамыту және көрерменге сан түрлі жанрдағы сахналық туындыларды ұсыну.

Фестивальдің алғашқы күні баспасөз конференциясы мен салтанатты ашылу рәсімінен басталды. Ал кешкі сағат 17:00-де көрермен назарына режиссерлік шешімімен Фархад Молдағалидің «Мәмлүк. Сұлтан Бейбарыс» soundrama қойылымы ұсынылды.
Фестиваль бағдарламасы мазмұндық әрі жанрлық алуандығымен ерекшеленеді. 16 қарашада режиссер Мейрам Хабибуллиннің «Войцек» трагедиясы және Әли Бидахметтің «Сәйгүлік» музыкалық драмасы сахналанса, 17 қарашада көрермен Гүлназ Балпейсованың «She Is Aiel» soundrama қойылымын және Еркебұлан Қабдылдың «Жабайы алма» драмасын тамашалай алады.

18 қарашада Дина Жұмабайдың режиссерлігімен Александр Островскийдің «Найзағай» драмасы ұсынылады. Сондай-ақ сағат 15:00-де «Дәстүрлі өнер және заманауи театр кеңістігі» тақырыбында республикалық ғылыми-практикалық конференция өтеді. Кешкі бағдарламада да Дина Жұмабай сахналаған «Қорғансыз» трилогиясы көрерменге жол тартады.
19 қараша фестивальдің мазмұндық тұрғыдан ерекше күндерінің бірі болмақ. Бұл күні Гүлназ Адайдың режиссерлігімен «Томирис» performance қойылымы, Григорий Лайконың «Ортеке» storytelling туындысы және Александр Недомолкиннің сахналаған Уильям Шекспирдің мәңгілік махаббат тақырыбын арқау еткен «Ромео мен Джульетта» soundrama қойылымы ұсынылады.
Ал 20 қарашада Ералхан Мырзахметтің режиссерлігімен «Гүлге ұмтылған екеу» драмасы сахналанып, кешкі сағат 17:00-де фестивальдің салтанатты жабылу рәсімі өтеді.

Бір аптаға жуық уақытты қамтитын өнер мерекесінде классикалық драматургия, ұлттық тақырып, тарихи тұлғалар тағылымы мен заманауи сахналық ізденістер өзара сабақтасады. Soundrama, муздрама, performance, storytelling сынды түрлі бағыттардың қамтылуы фестивальдің көркемдік көкжиегін кеңейтіп, театр өнерінің жаңа мүмкіндіктерін танытуға мүмкіндік береді.

«ALMATY THEATRE FEST» – тек сахналық қойылымдар шеруі ғана емес, сонымен қатар театр мамандарының басын қосатын, кәсіби пікір алмасуға және шығармашылық байланыстарды нығайтуға арналған маңызды мәдени алаң.
«Алатау» дәстүрлі өнер театрының он жылдық белесіне арналған бұл фестиваль ұлттық өнердің өрісін кеңейтіп, дәстүрлі құндылықтарды заманауи театр тілімен сабақтастыруға бағытталған айтулы мәдени оқиға болмақ. Өнер мен руханиятты тоғыстырған фестиваль Алматының мәдени өміріне тың серпін беріп, театрсүйер қауымға ұмытылмас әсер сыйлайды.
