Тараптар жасанды интеллект пен цифрлық технологияны дамытуға ерекше назар аударды, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжон Ки Хонмен кездесті. Тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін талқылады.
Алматы әкімі Қазақстан мен Корея Республикасы екіжақты қарым-қатынасты дәйекті түрде нығайтып келе жатқанын атап өтті. Биыл қыркүйекте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына жасаған мемлекеттік сапары маңызды кезең болды. Сапар қорытындысы бойынша екі елдің қарым-қатынасы болашаққа бағдарланған жан-жақты стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілді.
Алматы қаласы Корея инвестициясын одан әрі тартуға және бірлескен жобаларды дамытуға мүдделі. Атап айтқанда, Дархан Сатыбалды кореялық компаниялардың Almaty Innovation & Financial Zone арнайы экономикалық аймағына қатысуын кеңейтуді, сондай-ақ Almaty Downtown іскерлік ауданын дамыту және заманауи EXPO орталығын құру бағытында ынтымақтастық мүмкіндіктерін қарастыруды ұсынды.
Тараптар жасанды интеллект пен цифрлық технологияны дамытуға ерекше назар аударды. Қала әкімі ғылыми-зерттеу зертханаларын, есептеу инфрақұрылымын және технологиялық компанияларды біріктіретін Almaty AI Park жобасы туралы айтты. Сондай-ақ робототехника, ғылыми зерттеулер және қалалық инфрақұрылымды цифрлық басқару саласындағы ынтымақтастық жайы талқыланды.
Елші Чжон Ки Хон Корея тарапының Алматы қаласымен ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін атап өтті. Оның айтуынша, жасанды интеллект, туризм және мәдени жобалар – өзара ықпалдастықтың келешегі зор бағыттары. Сондай-ақ ол халықаралық мәдени-туристік кеңістік құруды көздейтін Almaty Global жобасы шеңберінде кореялық бизнеспен байланыс орнатуға жәрдемдесуге дайын екенін білдірді. Бұдан бөлек, Елші келесі жылы Алматыда ауқымды K-pop концертін өткізуге қызығушылық бар екенін жеткізді.
Кездесу соңында тараптар әріптестікті нығайтуға, іскерлік байланыстарды кеңейтуге және бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға өзара мүдделі екенін растады.