«Даму» қоры кәсіпкерлерді қаржылай қолдау бағдарламаларын іске асыруды жалғастырып, Қазақстандағы шағын және орта бизнестің өркендеуіне елеулі үлес қосып келеді. Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі баспасөз конференциясында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының Алматы қаласындағы бөлімшесінің директоры Жандос Нұрғазинов 2025 жылы өңірлерге, оның ішінде Алматыға ерекше көңіл бөлінетінін, жобалардың саны мен қаржыландыру көлемі жағынан айтарлықтай өсім бар екенін атап өтті.

Қордың мақсаты – тиімді құралдар арқылы кәсіпкерлікті тұрақты қолдап, оның дамуына ықпал ету. Негізгі стратегиялық міндет – кәсіпкерлерге қаржылай бағдарламаларды ұсынуды жалғастыру. Қор сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау, несиелерді кепілдендіру және жеңілдетілген несиелеу бағыттарында жұмыс істейді.
Бағдарламалар іске қосылған сәттен бастап бүгінге дейін жалпы сомасы 2 295 млрд теңге болатын 20,6 мың жоба қолдау тапты. Оның ішінде:
• 10,5 мың жоба – субсидиялау арқылы,
• 4,9 мың жоба – кепілдендіру арқылы,
• 4,9 мың жоба – жеңілдетілген несиелеу арқылы,
630,1 млрд теңгеге қаржыландырылған.
2025 жылдың алғашқы бес айында мемлекеттік бағдарламалар аясында жалпы сомасы 79,2 млрд теңге болатын 525 жоба қолдау тапты. Оның ішінде:
• Субсидиялау бойынша – 238 жоба (47,4 млрд тг),
• Кепілдендіру бойынша – 113 жоба (12,8 млрд тг),
• Жеңілдетілген несие бойынша – 174 жоба (19 млрд тг).
Салалар бойынша ең көп несие өңдеу өнеркәсібіне бөлінді – 26,9 млрд теңге (34%). Одан кейін:
• Көлік және қоймалау – 13,5 млрд теңге (17%),
• Денсаулық сақтау – 10,4 млрд теңге (13%),
• Білім беру – 5,6 млрд теңге (7%),
• Туризм – 4,2 млрд теңге (5%).
Қолдау алған жобалардың 86%-ы – микро және шағын бизнес, оның ішінде стартаптар, ал орта бизнестің үлесі – 14%.
Қаржыландыру мақсаттары бойынша:
• 76% – инвестициялық жобаларға,
• 24% – айналым қаражатын толықтыруға бағытталған.
Қолдау алған кәсіпкерлердің 39%-ын әйелдер құрайды. Әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға арналған арнайы бағдарламалар (ЕҚДБ, «Үміт» және т.б.) аясында 4,9 млрд теңгеге 303 жоба мақұлданған.
«Даму» қорының қызметі әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан тиімді нәтиже беріп отыр. Қор бағдарламаларына қатысушылар өндірген өнім көлемі 16 620 млрд теңгеге, төленген салық мөлшері 1 242 млрд теңгеге, ал жаңадан ашылған жұмыс орындары 14,5 мыңнан асты.
2024 жылы 2023 жылмен салыстырғанда қолдау алған жобалардың саны 33%-ға, ал берілген несиелер 4%-ға артты.
2025 жылы жаңа кепілдендіру механизмдері – Кепілдік қоры 1 және Кепілдік қоры 2 іске қосылды. Олар Президенттің тапсырмасы мен Үкімет қаулысына сәйкес енгізілген.
• Кепілдік қоры 1 – 7 млрд теңгеге дейінгі жобаларға арналған. Қарыз сомасының 85%-ына дейін, бірақ 3,5 млрд теңгеден аспайтын кепілдік беріледі. Шешім 2 жұмыс күні ішінде қабылданады, қайта бағалау талап етілмейді. Қазірдің өзінде 8,2 млрд теңгеге 69 жоба қаржыландырылып, 4,5 млрд теңге кепілдік берілді. Бағдарламаға 10 екінші деңгейлі банк қатысады.
• Кепілдік қоры 2 – 7 млрд теңгеден асатын ірі жобаларға арналған. Жоба құнының 30%-ына дейін кепілдік беріледі. Қарау мерзімі – 15 жылға дейін, жекелеген тәртіппен қаралады. Қаржыландыру республикалық және жергілікті бюджет, банктердің жарналары мен кәсіпкерлердің комиссиясы есебінен жүргізіледі.
2025 жылы жеңілдетілген несиелеу аясында жаңа «Өрлеу» бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама микро, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қолдауға бағытталған:
• Инвестициялық мақсаттарға – 7 млрд теңгеге дейін,
• Айналым қаражатына – 3,5 млрд теңгеге дейін несие беріледі.
Сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 12,6%-дан аспайды.
Мерзімі:
• Инвестициялық жобалар үшін – 10 жылға дейін,
• Айналым қаражаты үшін – 3 жылға дейін.
2025 жылғы 16 маусымнан бастап микро және шағын бизнес үшін сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау бойынша жаңа ережелер күшіне енді. Енді несиенің ең жоғары мөлшерлемесі – Ұлттық Банктің базалық ставкасы + 4%. Оның 40%-ы субсидияланады, ал кәсіпкер үшін соңғы мөлшерлеме 12,3%-дан төмен болмауы тиіс.
Несие сомасы – 200 млн теңгеге дейін.
Басым салалар: өнеркәсіп, көлік, туризм, білім беру және денсаулық сақтау.
«Almaty/Jana Business» өңірлік бағдарламасы ерекше маңызға ие. Алматы қаласы әкімдігімен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан бұл бағдарлама қаладағы шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған.
Жылдық 12,6% мөлшерлемемен, 7 жылға дейінгі мерзімге, 100 млн теңгеге дейін жеңілдетілген несие қарастырылған. Бұл бағдарлама әсіресе жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін тиімді.
2015 жылдан бері бағдарламаға 32,5 млрд теңге бөлінді, оның ішінде 18,1 млрд теңгесі – «Даму» қорынан. 2025 жылы тағы 3 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда 864 кәсіпкер қолдау алып, өндірілген өнім көлемі 1 216 млрд теңгеге, төленген салық 101,5 млрд теңгеге жетіп, 1 519 жаңа жұмыс орны ашылды.