Жаһандану дәуірінде кәсіби білім мен дағдыларды жетілдіру – кез келген маманның басты міндеттерінің бірі. Заман көшінен қалмай, бәсекеге қабілетті болу үшін үздіксіз ізденіс пен өзін-өзі дамыту аса маңызды. Осы мақсатта, Алматы қаласының білім беру жүйесін дамытуға арналған 2023–2030 жылдарға арналған өңірлік жол картасы аясында Бразилия мемлекетінде халықаралық тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болдым.
Бұл тағылымдама барысында Industry 4.0 технологияларымен терең танысып, заманауи өндірістегі соңғы жаңалықтарды зерттеуге жол ашылды. Бразилияның жетекші техникалық оқу орындары мен алдыңғы қатарлы өндіріс ошақтарында болып, автоматтандырылған жүйелер мен сандық модельдеу үдерістерімен таныстым.
Атап айтқанда, Festo компаниясының өндірістік кешендеріндегі ақылды өндіріс технологиялары, сенсорлық басқару жүйелері және цифрлық модельдеу шешімдері ерекше әсер қалдырды. Industry 4.0 дағдыларына арналған Festo байқауы – автоматтандыру мен инновациялық шешімдер бағытында жұмыс істейтін мамандар үшін үлкен мүмкіндік. Байқау барысында қатысушыларға өндірістік робототехника, жасанды интеллект және цифрлық технологиялар саласындағы нақты тапсырмалар берілді. Осы арқылы заманауи өндіріс талаптары мен кәсіби шеберліктің халықаралық стандарттарын терең түсіндім.
Тағылымдама нәтижесінде жинақтаған білімім мен тәжірибемді Қазақстандағы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне енгізу – басты мақсатым. Industry 4.0 қағидаттарын оқу процесіне енгізу, сондай-ақ өндірістік оқытуда заманауи технологияларды пайдалану – студенттердің халықаралық талаптарға сай маман ретінде қалыптасуына ықпал етеді. Сонымен қатар, өндірістік мекемелермен тығыз байланыс орнату арқылы дуальді оқыту жүйесін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік бар.
Тағылымдама нәтижесінде айқындалған бағыттар:
- Оқу бағдарламаларын жаңарту
Industry 4.0 технологияларын қамтитын арнайы оқу модульдерін әзірлеу қажет (автоматтандыру, цифрлық өндіріс, жасанды интеллект негіздері). - Практикалық оқыту әдістерін дамыту
Студенттерге арналған практикалық сабақтарда ақылды сенсорлар мен өндірістік роботтарды қолдануды үйрету – басты талап. - Өндіріс орындарымен әріптестік орнату
Дуальді оқыту аясында кәсіпорындармен байланыс орнатып, студенттердің өндірістік ортада тәжірибе жинауына жол ашу.
Бұл бағыттар техникалық мамандықтар бойынша білім беруді қазіргі заман талабына сай етіп, түлектердің еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттырады.