«Болмаған балалық шақ» – өмір шындығынан өрілген тағдыр хикаясы

«Болмаған балалық шақ» – өмір шындығынан өрілген тағдыр хикаясы видеодан алынды

Алматыда белгілі ақын, жазушы Ақберен Елгезектің балалық тағдырына негізделген «Болмаған балалық шақ» фильмі көрерменге жол тартты. Фильмнің премьерасы ерекше жағдайда өтті – бір ғана залға сыймаған көрермендер үшін қосымша екі зал ашылды. Бұл – халықтың шынайы өмірге, боямасыз тағдырға деген қызығушылығының дәлелі, деп хабарлайды aqshamnews.kz

«Болмаған балалық шақ» кітабы мен спектаклін оқып, көрген жандар үшін фильм мүлде бөлек әсер қалдырды. Себебі, кітапта айтылмаған, сахнаға сыймаған шынайы өмір үзінділері кинода шебер көрініс тапқан. Режиссер Фархат Молдағалидың шығармашылық шешімдері, Ерлан Біләл, Берік Айтжан бастаған актерлердің шынайы ойыны көрерменнің көңілін толқытты. Ал бала Ақош рөлін сомдаған Шәкәрім Алмасбек пен бозбала Ақберенді бейнелеген Нұртілек Жарылқасын өз кейіпкерлерінің бейнесін сәтті жеткізді. Ең таңқаларлығы, олардың өмірдегі Ақберен Елгезекке ұқсастығы ерекше әсер қалдырды.

Балалықтың болмағаны – тағдырдың сыны

Фильм – әкесінен ерте айырылып, тірі анасынан алыстап, тағдырдың сынағына түскен кейіпкердің мұң мен сағынышқа толы өмірін баяндайды. Оны көрген әрбір көрермен отбасының, әке-шеше мейірімінің қаншалықты құнды екенін сезінеді. Фильм көрерменді шынайы эмоцияға бөлеп, жүрегіндегі қаттылықты жібітеді.

«Болмаған балалық шақ» – балалар мен жасөспірімдер үшін де үлкен мәні бар туынды. Бір әке мен ананың аялы алақанынан алыстаған баланың рухани өсуі, табиғатпен тілдесуі, жалғыздықтан Жаратқанға жақындауы – фильмнің басты лейтмотивіне айналған.

Көрермендердің бірі бұл фильмнен кейінгі әсерін былай сипаттайды:

«Фильм басталғаннан соңына дейін тапжылмай отырып көрдік. Үйге қайтар жолда балам ойларын жасыра алмай, әр сюжетті әңгімелеп, түсінбеген жерін сұраумен болды. Бұл – ең алдымен есін білетін, қалыптаса бастаған балалар үшін таптырмас фильм дер едім. Мұнда әлемде өлшеулі бағасы жоқ ең қымбат құндылық – отбасы деген қасиетті ұғымның қадірін түсінуге зор мүмкіндік бар».

Фильмде Ақбереннің өмірінде болған қиындықтардың оны қалай ширатып, ерте есейткенін, «қу балаға» қалай айналғанын көрсете отырып, трагедияның өзінде өмірлік сабақ бар екенін меңзейді. Ерекше есте қалатын сәттердің бірі – кейіпкердің қырғыз апаны алдап кететін эпизоды. Бұл көрініс көрерменге күлкі сыйлап, басты кейіпкердің өмірге бейімделу қабілетін аша түседі.

Режиссерлік шешім және актерлік шеберлік

Фильмде шынайылық пен эмоциялық әсер ерекше орын алады. Оған режиссер Фархат Молдағалидың еңбегі зор. Ол көрерменнің жүрегіне жететін нәзік штрихтарды дәл тауып, әр детальды терең сезіммен жеткізе білген.

Ақберен Елгезектің өмірін шебер бейнелеген актерлер де өз рөлдерін сәтті сомдады. Бала Ақоштың бейнесі арқылы көрермен өз балалығын, өз мұңын еске алды. Бұл туралы пікір білдірген көрермендердің бірі былай дейді:

«Көзімізге жас алмау мүмкін болмады. Әркімнің жүрегінде бір болмай қалған балалық шақ бары рас қой. Осы фильм арқылы сол кездер қайтадан еске түскендей...»

Фильмнің мәні мен мағынасы

Фильм – тек бір адамның өмірбаяны емес, бүкіл қоғамның ортақ тағдыры. Себебі, әрбір көрермен фильмде өз өміріне ұқсас сәттерді таба алады. Әкесіздік, ананың алыстығы, отбасының ыстық мейіріміне деген сағыныш – бұл тек Ақбереннің ғана емес, мыңдаған баланың тағдыры.

Бұл туындыны көргенде «Сенің ғажап табиғатыңды кімге айтам, Кім құмартса, өзі көрсін көзімен», - деп келетін Мұқағали Мақатаевтың әйгілі өлеңі еске түседі.

Сол сияқты, бұл фильм туралы да көп айтуға болады. Бірақ оны көру керек, оны сезіну керек.

«Болмаған балалық шақ» – жүрекке мейірім ұялататын, отбасылық құндылықтарды тереңірек түсінуге жетелейтін әсерлі фильм.

Айта кетейік, фильмді Астана жұртшылығы да тамашалады.  Астаналық көрермендер де фильмнің айтары бар, ой салатын көркем туынды екенін айтып жарысуда. 

Ақберен Елгезекке, шығармашылық топқа алғысымыз шексіз!

Фильмді көріңіздер, жүрекпен ұғыңыздар!

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
2
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

16:02

15:39

15:30

14:44

14:41

14:28

14:14

13:56

13:32

12:57

12:54

12:48

12:28

11:54

11:51

11:43

11:33

10:56

10:31

10:30

10:15

09:19

08:53

22:45

22:37