Осы жылдың 1 сәуіріне дейін азаматтар 2024 жылдың автокөлік салығын төлеуі тиіс. Бұл ретте салық сомасы былтырғы айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерімен есептеледі. Былтыр АЕК – 3692 теңге болды. Биылғы мөлшері – 3932 теңге, деп хабарлайды aqshamnews.kz
Салық кодексінің 492 бабына сәйкес, автокөліктің салық сомасы АЕК-ке және салық мөлшерлемесіне байланысты. Салық мөлшерлемесі көп жағдайда көліктің қозғалтқыш көлеміне және ел аумағындағы алғашқы тіркеу жылына тәуелді болады.
Қозғалтқыш көлемі 3000 см кубқа дейінгі жеңіл көліктердің салық мөлшерлемесі тек АЕК-ке байланысты және 1 мен 9 АЕК аралығында ғана болады (яғни 3692 мен 33 228 теңге аралығында).
Қозғалтқыш көлемі 3000 см кубтан 4000 см кубқа дейінгі, ел аумағына 2013 жылдың 31 желтоқсанына дейін әкелінген көліктердің салық мөлшерлемесі – 15 АЕК (2024 жыл үшін – 55 380 теңге).
Ал қозғалтқыш көлемі 4000 см кубтан асып кететін автомобильдердің салық мөлшерлемесі 117 АЕК-ті (2024 жыл үшін – 431 964 теңге) құрайды.
Елге 2014 жылдан бастап әкелінген көліктердің салық мөлшерлемесі басқаша есептеледі. 2013 жылдың 31 желтоқсанынан кейін ел аумағына әкелінген, қозғалтқыш көлемі 3000 см кубтан асатын көліктердің салығы 35-200 АЕК (129 220 теңге – 738 400 теңге) аралығында болады.
2026 жылғы салық 2025 жылғы АЕК-пен есептеледі. Сонымен қатар биыл немесе келесі жылы Салық кодексі жаңартылмақ. Жаңа редакцияда шығарылғанына 10 жылдан асқан көліктердің салығын – 30%-ға, 20 жылдан асқан көліктердің салығын 50%-ға төмендету көзделген.