Қазақстанның 10 театры қойылымдарын ұсынды, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматыда «Алатау» дәстүрлі өнер театрының 10 жылдығына арналған ALMATY THEATRE FEST республикалық театр фестивалі мәресіне жетті. 15-20 қараша аралығында алты күн бойы еліміздің әр өңірінен келген кәсіби театр ұжымдары бір сахнада бас қосып, көрерменге түрлі жанр мен бағыттағы қойылым ұсынды.
Алматы әкімдігінің қолдауымен өткен фестивальге 10 театр ұжымы қатысты. Бағдарламаға Ғ. Мүсірепов, С. Сейфуллин, Н. Бекежанов, Б. Римова, Х. Бөкеева, С. Қожамқұлов атындағы театрлардың, Мемлекеттік академиялық қуыршақ театрының, А. Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрының, Асанәлі Әшімов театрының және Silk Stage шығармашылық кеңістігінің қойылымдары енді.

Көрермен назарына «Войцек», «Сәйгүлік», «She is Aiel», «Жабайы алма», «Найзағай», «Қорғансыз», «Томирис», «Ортеке» және «Ромео мен Джульетта» спектакльдері ұсынылды. Бұл қойылымдар Қазақстанның қазіргі театр өнеріндегі жанрлық алуандылықты, көркемдік ізденістер мен шығармашылық тәжірибелерді танытты.
Фестиваль аясында кәсіби пікір алмасуға да ерекше мән берілді. Әр қойылымнан кейін театртанушылар, сыншылар, режиссерлер мен актерлердің қатысуымен талқылаулар өтті. Онда режиссерлік шешімдер, қойылымның көркемдік тұжырымдамасы мен актерлік шеберлік сараланып, қатысушылар өзара пікір және тәжірибе алмасты.

Сонымен қатар «Дәстүрлі өнер және заманауи театр кеңістігі» тақырыбында республикалық дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Онда ұлттық театр өнерін дамыту, дәстүрді сақтау және оны қазіргі сахна кеңістігімен ұштастыру мәселелері талқыланды. Сала мамандары ұлттық театрдың бүгінгі үрдістері мен даму мүмкіндіктерін, шығармашылық ізденістің жаңа бағыттарын ортаға салды.
Фестиваль қорытындысы бойынша 10 театр ұжымының барлығына арнайы мүсінше, диплом және 1 млн теңгелік сертификат табысталды. Бұдан бөлек, сарапшылар алқасы театр өнерінің өкілдеріне арнайы марапаттар берді. «Сахна өнеріндегі кәсіби шеберлігі үшін» номинациясымен Қазақстанның халық артистері Лидия Кәденова мен Кеңес Жұмабеков марапатталды.

Сондай-ақ қазақстандық театр өнерінің көрнекті өкілдері Серке Қожамқұлов, Байділда Қалтаев, Айша Абдуллина, Рахия Қойшыбаева, Хабиба Елебекова, Кәукен Кенжетаев, Бикен Римова, Мәкіл Құланбаев, Зәмзәгүл Шәріпова, Ыдырыс Ноғайбаев, Фарида Шәріпова және Алтынбек Кенжеков атындағы арнайы марапаттар табысталды.
ALMATY THEATRE FEST еліміздің театр ұжымдары арасындағы шығармашылық тәжірибе алмасуға, кәсіби байланысты нығайтуға және мәдени ынтымақтастықты дамытуға жол ашты. Фестиваль қазақстандық сахна өнерінің дәстүрі мен заманауи үрдістерін тоғыстырған маңызды мәдени алаңға айналды.