Бұл күн телевизияның техникалық қырларына емес, оның қоғамға тигізетін ықпалына арналған, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Бұл мереке 1996 жылғы 17 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясының № A/RES/51/205 қарарымен жарияланды. Ол 1996 жылғы 21–22 қарашада БҰҰ штаб-пәтерінде өткен алғашқы Дүниежүзілік телевизия форумына орай белгіленді.
Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) тұжырымдамасына сәйкес, бұл күн телевизияның техникалық қырларына емес, оның қоғамға тигізетін ықпалына арналған. Мемлекеттерге бұл мерекені бейбітшілік, қауіпсіздік, экономикалық және әлеуметтік даму, сондай-ақ мәдени байланыстар тақырыптарын қамтитын телебағдарламалармен алмасу арқылы атап өту ұсынылды.
Телевизияның қазіргі қоғамдағы рөлі
Интернет, видеохостингтер мен стримингтік платформалар қарқынды дамып жатқанына қарамастан, телевизия бұқаралық аудиовизуалды коммуникацияның маңызды құралы ретіндегі мәнін әлі де жоғалтқан жоқ.
Қазір көрермендер тікелей эфирді, жаңалықтарды, спорттық трансляциялар мен деректі фильмдерді смартфондар мен компьютерлер арқылы жиі тамашалайды. Сонымен қатар дәстүрлі телеарналар да цифрлық ортаға белсенді түрде бейімделіп, өз контентін онлайн платформалармен ықпалдастырып келеді.