Әнші Тоқтар Серіков пен сазгер Арайлым Мамырбек арасында өрбіген даудың нүктесі қойылды.
Осы уақытқа дейін әлеуметтік желіде Тоқтар Серіков пен Арайлым Мамырбекке қатысты видео тараған болатын. Алдымен ҚР Мәдениет саласының үздігі, сазгер Арайлым Мамырбек Тоқтар Серіков әнін ұрлап алғаны туралы «Асылтас.тв» ютуб арнасында мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
«Өз басым осы уақытқа дейін Тоқтар Серіковтың өнерін жақсы бағалайтынмын. Әндерін сүйіп тыңдайтынмын. Бірақ бір күні ақпан айында оның концертін көзім шалып қалды. Бір кісі «Мынау сенің әнің ғой» деп салып жіберіпті. Сөзін өзгертіп тастаған. Әуені айнымай ұқсап тұр енді. Жатып кеп телефон нөмірін іздедім, тапқан нөмірдің бәріне «Мына екі ән қалай ұқсап кеткен» деп жаза бердім. Үн жоқ, екінші рет қайта жазғанда мені бұғаттап тастады. Сосын көмекшісіне телефон соғып едім, «Ол кісі қазір концерттерден босамайды. Сізбен сөйлесуге мүлдем уақыты жоқ» деп жауап берді. «Әлгі әнді концерттерде айтпасын, алдымен менімен кездесіп, осының ақ-қарасын ажыратып алайық» деп оған айтып едім, «Жоқ, ол әннің сөзі де, әні де Тоқтардікі» деп мойындамады. «Сіздің әніңіз соншалықты хит пе еді, байбалам салатындай не көрінді» деп өзіме қарсы шықты», - деді сазгер.
Өнер иесінің сөзіне сенсек бұл әнді 2021-жылы жазылған. Кейіннен әннің сөзі ұнамай, Светқали Нұржанға қайта жаздырған. Осылайша 2022 жылдың сәуір айында «Баба дала баяны» деген ән дүниеге келіпті. Қаражаттың жоқтығынан ән қараша айында елге таныстырыла бастаған.
«Сәуір айында Тоқтар Серіков ләм-мим деместен менің әнімді «Ауылым» деген атпен бүкіл платформаларға таратып тастады. Осы жағдайдан кейін менің жүйкем сыр берді. Ішімнен шыққан әнімді айдың-күннің аманында иемденіп кете салғаны жаныма батты, денсаулығым нашарлап кетті. Елдің бәрі «Сен Тоқтардың әнін ұрлап айтып жүрсің» деп жазатын болды. Осыдан кейін сотқа шағымданып, әнімді өзіме қайтарып алғым келді. Дәлелдеуге шамам жетеді, материалдық және моральдық шығын талап етемін», - деді Арайлым Мамырбек.
Араға біраз уақыт салып Тоқтар Серіков Арайлым Мамырбекті іздеп тауыпты. Осы әнге қатысты бір үстелдің үстінде отырып келісімге келгені жайында Арайлым Мамырбек видео таратты.
«Осы бір-екі айдың көлемінде әсіресе тик-ток, инстаграм желісінде біз туралы үлкен дау-дамай туып жатыр. Ән туралы. Мынау Арайлым деген қарындасым. Композитор. Бірнеше әндердің авторы. Әнші. Екеуміз бір елден, бір жерден екенбіз. Оның үстіне мен оқыған мектепте оқыған екен. Құдайға шүкір! Арнайы Арайлымды іздеп, Есік қаласына келіп жолығып отырмын. Ондағы мақсат-мүдде бір-ақ нәрсе. Бізді, Арайлымды да мені де халық арасында қаралап жатқандар бар. Айдың жарығында ән ұрлапты деген әңгіме болып жатыр. Жоқ, Құдай сақтасын! Олай емес. Сезімге ешкім бөгет бола алмайды. Жүрегімнен шыққан әнді ешкімге ұқсатпай жазамын деп ойлайтынмын. Сөйтсем, бір елден болғаннан кейін ба, әлде бір жерден болғанан кейін бе, айтса адам таңғаларлық ұқсас Арайлым екеуміздің әніміз өте ұқсас жазылған екен. Дегенмен бұл әнді мен еш жерден ұрлап алған жоқпын деп бетпақтанып отырым алуыма болады. Жоқ мен қыз баланы... Қыз деген атын сыйлап, аяулы ана деген киелі есімін сыйлап, қарындасыма арнайы келіп жолығып отырмын. Жасыратыны жоқ екі ән ұқсайды. Бірақ сөзі бөлек. Арайлым шығарған әннің авторы қазаққа белгілі ақын Светқали Нұржан ағамыз. Ал менің шығарған әнімді сөзінде әнінде мен шығарғанмын деп жүрмін. Сондықтан Арайлымның алдына келіп, сөйлесіп, қарындасыма мұңайма басыңды төмен салма. Сен болашақ ән жазуда шығар белесің бар. Жолың болсын деп мен үзілді-кесілді әнімді тоқтатамын. Бұл жерде халық түсінбей қалмасын. Алыс-беріс жоқ. Аға қарындасты шешіммен келісім жасалды. Жүрек аман болса талай ән дүниеге келеді, деді Тоқтар Серіков.
Бұған дейін әнімді ұрлады деп мәлім еткен Арайлымның өнер иесіне ешқандай реніші жоқ екендігін айтты.
Құдай сақтасын! Ондай кереғар пікірлер болмаса екен. Арамызда осылай түсіністік болып жатыр. Ағатайымды әрқашан қолдаймын. Қарындас деген тілекші. Осыған дейін де, осыдан кейінде басымды иіп өтем Тоқтар ағамыздың Бейбіт жеңгеміздің өнеріне. Ары қарай өнеріміз өрістей берсін! – деді Арайлым Мамырбек.