Қала аумағында ECO Network-тің үш Эко-Хаб пен қайталама шикізатты қабылдайтын сегіз пункт жұмыс істейді, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматыда қазір тұрғындарға қалдықты өз бетінше бөлек жинап, қайта өңдеуге қатысуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым қалыптасып келеді.
Қала аумағында ECO Network-тің үш Эко-Хаб пен қайталама шикізатты қабылдайтын сегіз пункт жұмыс істейді. Олардың қатарында Ecosen мобильді қосымшасы арқылы жұмыс істейтін «Алатауэковтордың» үш станциясы, «Алатауэковтордың» бес қабылдау пункті, сондай-ақ LS пен KZ Recycling компанияларының пункттері бар.
Пластик бөтелкелер мен алюминий банкілерді жинау үшін қалада 73 фандомат орнатылған: оның 68-ін Freedom Shapagat компаниясы, тағы бесеуін Sparklo орнатқан. Жеке бағыт ретінде тоқыма қалдықтарын жинау жұмысы жүргізіледі: FABRIQA компаниясы 20 арнайы экобокс орнатты.
Алматы әкімдігінің Экология және қоршаған ортаны қорғау басқармасының пікірінше, инфрақұрылымның қолжетімді болуы экологиялық жауапкершілікті бір реттік белсенділік санатынан күнделікті тәжірибеге біртіндеп ауыстыруға мүмкіндік береді.
«Бүгінде қоршаған ортаның тазалығы – тек коммуналдық қызметтің жұмысы немесе қаланы абаттандыру мәселесі емес. Бұл әр тұрғынның жауапкершілігін, оның күнделікті әдеті мен қоршаған ортаға деген көзқарасын қамтитын маңызды бағыт», – деді басқарма басшысының орынбасары Думан Қаптағаев.
Оның айтуынша, «Таза Қазақстан» бастамасының міндеті тазалықты қамтамасыз ету ғана емес, жаңа экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
«Мақсатымыз – тұрғындарға қалдықты бөлек жинауға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құрып қана қоймай, экологиялық жауапкершілік күнделікті әдетке айналатын қалалық мәдениетті қалыптастыру», – деді спикер.