Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен бақылаушы органдарға 24 қарашаға дейін сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылықтарды барынша азайту жөнінде ұсыныс беруді тапсырды. Сондай-ақ квазимемлекеттік сектордағы компаниялар мен олардың қызметкерлерінің жұмыс сапасын жақсарту қажеттігін айтты, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Жауапкершілік туралы
Президенттің айтуынша, жоғары лауазымға ие болу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ал адамның қызметіне, еңбегіне немесе туыстық байланыстарына қарамастан, ешкім заңнан аттап кете алмайды.
«Жоғары лауазымға ие болу – әрқашан және әрдайым жүктелетін жоғары жауапкершілікті дұрыс түсіну деген сөз. Қоғамымызда атқаратын лауазымына, сіңірген еңбегіне не болмаса тамыр-таныстарына, соның ішінде туыстық байланыстарына қарамастан, ешкім де заңнан аттап кете алмайды. Бұл – мен үшін мызғымайтын, яғни өзгермейтін ұстаным», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кәсіпкерлерге қолдау
Мемлекет басшысы соңғы уақытта кейбір келісімдер мен шарттардың қайта қаралғанын атап өтті. Сонымен қатар билік кәсіпкерлерге кедергі келтіруді көздемейтінін айтты. Керісінше, оларға қолдау көрсету жалғаса бермек.
Президент келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын кәсіпкерлікті тексеруге тағы үш жылдық мораторий жариялау жөнінде тапсырма бергенін еске салды.
«Бірақ биліктің кәсіпкерлерге кедергілер, тосқауылдар жасайтын ойы да, ниеті де жоқ. Керісінше, біз оларға әрдайым жан-жақты қолдау көрсетіп жатырмыз және алдағы уақытта да солай болады», – деді Мемлекет басшысы.
Мемлекеттік компаниялардың жұмысы
Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен мемлекеттік компаниялардың, соның ішінде «Қазақстан темір жолының» жұмысы қалыпты режимде жалғасатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, жемқорлыққа қарсы күрес инвесторлар мен несие берушілердің сенімін арттыруға мүмкіндік береді.
«Жағдай қаншалықты күрделі болса да «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының аппараты мен мемлекеттік компаниялардың, соның ішінде «Қазақстан темір жолының» жұмысы тоқтап қалмайды, үздіксіз жүре береді. Мемлекеттік компанияларға қарасты барлық мекемелер қалыпты тәртіппен жұмыс істеп жатыр», – деді Президент.
Активтерді қайтару
Сондай-ақ Мемлекет басшысы заңсыз иемденген активтерді қайтару жұмысына тоқталды. Оның айтуынша, Бас прокуратура жалпы сомасы 1,3 триллион теңгеден асатын активті мемлекетке қайтарған. Бұл қаражат 466 әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысанның құрылысына бағытталған.
Қазіргі уақытта олардың 383-і, соның ішінде медициналық мекемелер, сумен жабдықтау желілері, мектептер мен спорт кешендері салынып біткен. Президент нысандардың, әсіресе жолдардың сапасын тексеру қажеттігін де атап өтті.
Сыбайлас жемқорлықты азайту
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік компаниялардағы сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтары саланың осал тұсы екенін айтты. Осыған байланысты Үкімет пен бақылаушы органдарға тиісті ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.
«Дегенмен осы оқиғаның өзі жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтар мемлекеттік компаниялардың ең осал тұсы, яғни, басты дерті екенін айқын көрсетіп отыр.
Осы орайда, Үкімет пен бақылаушы органдар биыл 24 қарашаға дейін сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылықтарды барынша азайту, квазимемлекеттік сектордағы компаниялар мен олардың қызметкерлерінің жұмыс сапасын айтарлықтай жақсарту жөнінде маған ұсыныс берсін», – деді Мемлекет басшысы.