Өйткені Конституцияда заң мен сот алдында бәрі тең екені анық жазылды, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев жемқорлықты жою үшін қабылданған және қабылданатын шаралар туралы да ешнәрсені жасырмай, барлығын халыққа ашық көрсетіп отыру қажеттігін атап айтты.
«Тек соңғы үш жылдың ішінде, яғни 2023 және 2025 жылдар аралығында 3 168 сыбайлас жемқорлық бойынша құқық бұзушылық анықталды, соның ішінде 2 165 құқық бұзушылықты мемлекеттік қызметшілер жасаған, ал қалғанын басқа да тұлғалар, атап айтқанда, квазимемлекеттік сектор қызметшілері жасаған. Жалпы сомасы 248 миллиард теңгеден асады. Осы жылдың он айы ішінде 751 сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылық жасалған, соның 546-сын – мемлекеттік қызметшілер, ал 205-ін өзге де тұлғалар жасаған, соның ішінде квазимемлекеттік сектор қызметшілері де бар. Осы статистикадан көріп отырғанымыздай, еліміздегі сыбайлас жемқорлық ахуалы күрделі болып тұр. Бірақ біз ешнәрсені де жасырмаймыз, басын құмға тыққан страустың кейпіне түспейміз. Біз осы саладағы мәселенің бәрін ашық айтамыз, жемқорлықты жою үшін қабылданған және қабылданатын шаралар туралы да ешнәрсені жасырмай, барлығын халыққа ашық көрсетіп отырамыз», – деді Президент.
Сол себепті Мемлекет басшысы түрлі деңгейдегі басшылардың жымқыруға қатысты құқық бұзушылықтарын Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қызметі Бас прокуратурамен бірге жедел және жіті тексерілетінін тілге тиек етті.
Президенттің айтуынша, «өзіміздікі» және «өзіміздікі емес», тіпті «бөтен» деп бөлуге мүлде жол берілмейді. Өйткені Конституцияда заң мен сот алдында бәрі тең екені анық жазылды. Сондықтан бәріміз де осы заңға бағынуымыз керек.