Қаламыздың Мемлекеттік орталық музейінде «Көшпенділер» трилогиясы – «Тәуелсіздік жаршысы» атты көрменің ашылу салтанатты өтті. Іс-шара Тәуелсіздіктің 30 жылдығының қарсаңында «Көшпенділер» трилогиясының жарыққа шыққанына 50 жыл толуына орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz.
Көрме аясында Ілияс Есенберлиннің 6 томдық толық шығармалар жинағы ұсынылды. Басылымға жазушының барлық шығармалары, оның ішінде «Көшпенділер» және «Алтын Орда» тарихи эпопеялары, сонымен қатар советтік кезеңде жарық көрмей қалған романдары кірді. Аталмыш іс-шараға мемлекет, ғылым, өнер қайраткерлерімен қатар, Алматы қаласы Мәдениет басқармасының өкілдері мен көрнекті жазушының немерелері қатысты. Сонымен қатар қаламыздағы І.Есенберлиннің есімі берілген 25-мектеп-гимназиясының мұғалімдері сөз сөйледі.
ҚР Мемлекеттік орталық музейінің директоры Нұрсан Әлімбаев өз сөзінде: «І.Есенберлиннің шығармаларының тарихи, ғылыми тағылымы өз алдына бөлек әңгіме, ал идеалогиялық тұрғыдан қарастырғанда өзіндік ерекшелікке толы. «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған» деп ұлы Абай айтпақшы, қазақ барда оның еңбектері тасқа қашап жазғандай ғасырдан-ғасырға сақталатынына күмән жоқ», - деп тоқталды.
Жалпы, «Көшпенділер» трилогиясы әлемнің 30 тілінде жарық көріп, 50 рет қайта басылған. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Көшпенділер» трилогиясын «Қазақ халқының энциклопедиясы» деп атап, жазушының шығармашылығын жоғары бағалаған. Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ілияс Есенберлиннің еңбектеріне терең бойламаған адам ұлт тарихын жетік білемін деп айта алмаса керек», - дейді. Көрменің ашылуында сөз сөйлеген ақын Олжас Сүлейменов І.Есенберлиннің есімі қазақ әдебиеті мен тарихында алтын әріппен жазылып, ел есінде қалатынын сөз етті.
Ал тарих ғылымдарының докторы Зиябек Қабылдинов:
«Бүкіл елдің тарихшылары, соның ішінде, Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының ұжымы осы жеті том академиялық басылымды дайындауға кірісіп кетті. Осы бағытта Ілияс Есенберлиннің тарихи тұжырымдамаларын міндетті түрде пайдаланамыз. Ілияс Есенберлин – цензураға қарамай, сол заманның дерек базасының аздығына қарамай, қазақтың шын тарихын көркем әдебиетте жеткізе білген қазақтың біртуар азаматы», – деді.
Көрмеге жинақтан бөлек қаламгердің ғұмырынан сыр шертетін фотоматериалдар мен құжаттар, марапаттар мен қолжазбалар, жеке хаттары қойылды. Көрме қараша айының соңына дейін жалғасады.