Мықты оқытушы болғың келсе, беретін пәнің мен оқытатын шәкіртіңді жақсы көруің керек» депті екі ғасыр бұрын орыс тарихшысы, профессор Василий Ключевский. Ал пәнін де, шәкіртін де жақсы көретін екі ұстаз болса, соның бірі есімі «Қазақ әдебиеттанушылары» энциклопедиясына енген білім иесі, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің Журналистика факультетінің профессоры Айгүл Рамазан десек, қателеспеспіз.
Бұлай дейтін себебіміз, шәкірттерінің ол кісі туралы «апай қатаң болып көрінеді, бірақ сол қатаңдықтың артында бізге мүмкіндігінше көп нәрсені үйретуге деген ерекше ықылас, аяулы қамқорлық жатады» дегенін өз құлағымызбен естідік.
Расында да, филология ғылымының докторы Айгүл Әмірғалиқызы – заманауи, талантты ұстаздың жарқын мысалы. Бекзат болмыстың иесі. Жұмсақ, мәдениетті жан. Бірақ ұлттық мүддеге байланысты мәселеге келгенде тастай қатты. Ұлттық позицияны қолдан бермейтін ұстаз. «Талапшыл және принципті, бірақ тақырыпты тереңірек зерт-теуге шабыттандырады. Дәрістерінде дискуссияға да жол ашып отырады» дейді шәкірттерінің бірі, PhD докторы А.Ақынбекова.
Айгүл Рамазан – ғылымда жетістікке жете білген тұлға. Бастаған кез келген дүниесін толық аяқтауды, толық меңгеруді мақсат ететін, мұратына жетпей тынбайтын жан. Еңбекқор.
Қазақ мемлекеттік университетінің Журналистика факультетін 1987 жылы үздік дипломмен тәмамдаған соң «Өнер» баспасында редактор болып қызмет атқарған. 1989–1993 жылдар аралығында Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің Қазақ әдебиеті кафедрасының аспиранты болып, 1993 жылы кандидаттық диссерта-циясын қорғаған.
«Ғалым қыздар арасынан біліктілігімен дараланып тұратын Айгүл – Серік Мақпыровтың ең алғашқы аспиранты. Ол әдебиетші Амантай Оспанов екеуі бір күнде кандидаттық диссертация қорғады. Біз бұл қорғауға бастан-аяқ қатыстық. Себебі, Айгүлмен қатар оқығанбыз, ал Амантаймен сол тұста «Жас Алашта» бірге қызмет істейтін едік. Екеуінің тақырыбы да бірінен- бірі өтеді. Айгүл қазақ повестеріндегі экология тақырыбын тамаша жіктеп-жіліктеген еді» деп жазды кезінде белгілі қаламгер, академик Бауыржан Омаров.
«10.01.10» журналистика шифры бойынша докторлық диссертация қорғаған ғалымның саны он саусаққа да жетпейді, солардың бірі әрі бірегейі – Айгүл Әмірғалиқызы Рамазан. «Қазақ баспасөзі және Қазақстандағы тіл саясатының қалыптасу, даму жолдары» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғап, совет дәуірінде, тоталитарлық жүйенің қылышынан қан тамып тұрған кезде қазақ тілін жоймақ болған әрекеттерді толық әшкерелеген, толымды еңбек жазып шығады.
– Отарлық кезеңдегі тіл саясатын зерттей отырып біраз жайтқа қанықтым. Әліпби ауыстырудағы, ұлт мектептерін жоюдағы, ұлт тілін тұқыртудағы, жергілікті баспасөзді жоюдағы басты мақсат – ұлтсыздандыру болатын. «Бір тілді, бір ұлтты ел» болудағы саяси жоспар «біртұтас совет халқы» концепциясымен бүркемелене отырып, біртіндеп жүзеге асқан. Бір-екі жылда 700-ден аса қазақ мектебінің жабылуы да осы жоспарға сай келеді. Қазақ тілі жайында мәселе көтерген журналист Рахманқұл Бердібайдың басы пәлеге қалып, партиядан шығарылып, жұмыстан қуылатыны да осы кез. «Коммунизмге жетуде қазақ тілі тормоз болды» деп делқұлы мақала жазылатын да осы кез, – дейді Айгүл Әмірғалиқызының өзі.
А.Рамазанның «Әлем баспасөзі тарихынан» (авторлық бірлестікте), «Шет ел журналистикасының тарихы» атты оқу құралдары мен монографиялары жарық көрген. 100 шақты ғылыми мақаланың, бірнеше типтік бағдарламаның иесі.
Айгүл Әмірғалиқызы өзінің нағыз ғалым ғана емес, іскер басшы екенін де дәлелдеді. 2018 жылы Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының меңгерушілігіне келе салып, бес жылдың ішінде «Медиадизайн» (2020 ж.), «Баспа менеджменті және типографика» (2021 ж.), «Цифрлы медиа драматургиясы» (2023 ж.) сияқты мамандықтар ашты. Кафедрада Бангладеш, Қытай, Ресейден шетелдік студенттер оқиды. Түркияның Мармара университетімен келісім-шарт жасасып, магистранттарды тәжірибеден өткізіп жүр.
Бұл кісі келгенде кафедра студенттерінің саны 100-ге жетпесе, қазір 400-ден асады екен. Міне, көрсеткіш!
Айгүл Рамазан қазір 1917 жылы жарық көрген «Сарыарқа» газетін терең зерттеп жүр. Профессордың ғылыми жетекшілігімен шәкірті Алтын Ақынбекова докторлық диссертация қорғады. Былтыр «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-не сіңірген еңбегі үшін» күміс медалімен марапатталды. Жүздеген шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаздың Қаз-ҰУ-ге еңбегі сіңгені рас, Астанадағы, Семейдегі университеттерде бірнеше жыл дәріс оқыған үзілісі болмаса, Қазақ ұлттық университетінде сабақ беріп жүргеніне отыз жыл толыпты.
Үш баланың анасы, әзірге екі немеренің әжесі болып отырған, алпыс жасқа үлкен абыроймен келіп жатқан білікті ұстаздың журналистік, сыншылық, зерттеушілік, педагогтік қасиеттері турасында тұстастары, шәкірттері, әлі де болса, кеңінен тарқатып жазары анық, біз болсақ, осы бір шағын дүниеде ол кісінің нағыз ғалым екенін көр-сеткіміз келді.