ffin.kz

Балалар құқығы жан-жақты қорғалса игі...

Балалар құқығы жан-жақты қорғалса игі... almaty-akshamy.kz

    Ресми деректерге жүгінсек, бүгінде елімізде ата-ана қамқорлығынсыз қалған 22 мыңнан астам бала бар көрінеді. Олар, сәйкесінше, балалар үйлері мен интернаттарда тәрбиеленуде. Жуырда Мәжілістің жалпы отырысында жетім және қамқоршысынан айырылған балалар мәселесі қозғалды.


    Аталған жайтты сөз еткен депутат Ерболат Саурықов Қазақстанда бала асырап алғысы келетіндер саны жыл сайын көбейіп келе жатқанына тоқталды. Ол сондай-ақ асырап алынған жеткіншектерді балалар үйіне қайтару көрсеткішінің де азаймай тұрғанына да назар аудартты. Айтуынша, мәселен, кейінгі 5 жылда қайтарылған балалар саны 64 пайызға өскен. 2020 жылы 160 бала, 2021 жылы – 197, ал 2022 жылы 217 жеткіншек балалар үйіне қайтарылған.


    Бұл жағдайды Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан да растады. Алайда бұл  көрсеткіштің не себепті өсіп отырғанын тап басып айту қиын. Бұл ретте, қазір Парламентте балалардың құқығын қорғау туралы заң жобасы қаралып жатқаны мәлім. Аталған құжат аясында кәсіби асырап алушы отбасы институты енгізілетіні, мәселені шешуге мұның септігі тиюі мүмкін екендігі үміт ұялатады.


    Оқу-ағарту министрлігі ұсынған жобаға сәйкес, кәсіби асырап алушы отбасы, ол – тәулік бойы қызмет ететін балабақша тәрізді құрылым деуге болады. Жетім, ата-ана қамқорлығынсыз, қараусыз және панасыз қалған немесе қиын жағдайға тап болған жеткіншектер бірнеше аптадан бірнеше айға дейін кәсіби отбасыға беріледі. Ары қарайғы мәртебесі анықталғанша немесе асырап алуға ықыласты жандар табылғанша, бала кәсіби асырап алушы-тәрбиеші қамқорлығында болады. Ол үшін Үкіметтен 70 айлық есептік көрсеткіш көлемінде арнайы жалақы да қарастырылады. Оған қоса, әр баланың қажеттілігіне айына 10 АЕК шамасында қаржы бөлінеді. Кәсіби отбасы атануға үміткерлерге қойылатын арнайы талаптар да жоқ емес және олар бірнеше кезеңнен тұратынын айта кеткен жөн. Ал уақытша асырап алған ата-ана баланы ары қарай да қамқорлығына алғысы келсе, ол әрекетін асырап алудың бүгінгі таңдағы қолданыстағы, яғни патронаттық, асырап алушы отбасы және қамқоршылық сияқты үш түрінің біріне сүйеніп рәсімдей алады.



    Жалпы, еліміздегі бала асырап алу төңірегінде қалыптасқан жағдай көңіл көншітпейді. Әлеуметтік желідегі, ел арасындағы әңгімелерге қарағанда, асырап алушылардың дені  балаларды тиісті мекемелерден құдды базарда жүргендей таңдап, талғап алады. Алып кеткеннен кейін жүре келе денсаулығынан қандай да бір кінәрат байқалса, емдетіп, сауықтырудың орнына, баланы кері қайтарып беріп, құтылуға асығады. Бұл жаңа отбасыға бауыр басып, үйренісе бастаған бала псикикасына ауыр тиері анық. Ал жаңа заң жобасы бойынша кәсіби отбасы балаларды таңдап алмайды және қалаған уақытында кері қайтара салмайды. Яғни кәсіби асырап алушы отбасы құрылымы жеткіншектердің жаны жараланбауына, жайлы ортада, лайықты тәлім-тәрбие алып өсіп-жетілуіне жағдай туғызуға мүдделі.



    Осы орайда, тағы бір мәселеге тоқтала кету артықтық етпейді. Естеріңізде болса, 2000 жылдардың басында шетелдіктердің, оның ішінде америкалықтардың Қазақстаннан бала асырап алуға құлшынысы артып кетті. Еліміздегі жетімдер үйлерінің дені мұхит асып келгендерге есігін айқара ашып, талай қаракөзді оп-оңай жетектетіп жіберді.


    Нақты деректерге сүйенсек, 1998 жылдан бастап, 2013 жылға дейін шетелдіктер Қазақстаннан 8000 бала асырап алыпты және олардың 6000-ын америкалықтар әкетіпті. Ал енді солар бізден бала асырап алуға неге құмартты, жетімдер үйлері мен қамқорлықсыз, қараусыз қалған балалар оларда жоқ па десек, мұның артында үлкен мәселе бар екен.



    АҚШ заңы бойынша, егер ата-ана, немесе анасы баладан бас тартып, оны тиісті орындарға мәлімдесе, арнайы агенттік оған бала асырап алушыны табуға көмектеседі екен. Онда да баланың қандай отбасыда тәрбиеленетінін туған анасы шешеді және баланы өзі тәрбиелеуге қабілетті болып саналса, перзентін кез келген уақытта қайтарып ала алады. Яғни Америкадағы бала асырап алуға басты кедергі де осы – «аналық құқық» көрінеді. Мысалы, асырап алған ата-ана қалай дегенмен де балаға үйренісіп қалады, ал кез келген уақытта оны қайтарып беруі мүмкін екенін біле тұра, қалай ондай қадамға барады?! Сондай-ақ, асырап алған ата-ана әсіресе баланың қандай да бір сырқаты болса, оған көп ақша шығындап, емдетеді, бағып-қағады. Сөйтіп әлпештеп отырған перзентінен кім аяқасты айырылып қалғысы келеді?! Сондықтан өз елінен емес, баланы іздеуі, сұрауы болмайтын өзге елден алған, әрине, тыныш.



    Дегенмен, оны әркімнің қалтасы көтере бермейді. Сөйтіп, Американың өз ішінен де бала асырап алатындар бар. Бірақ олар «тәрбиелеуші, күтуші, қамқоршы» есебінде болатын көрінеді әрі сондай ата-ананың өзіне қойылатын талап өте қатаң. Мысалы, арнаулы қызмет орнынан баратын тексеруші олардың бірі үйде баланың көзінше ішімдік ішіп отырғанын немесе футболкасыз, кеудесі жалаңаш жүргенін көрсе «қамқоршылық» құқынан айыруы ғажап емес. Әлеуметтік қызметкер мұны бірден «балаға жасалған жағымсыз психологиялық қысым» деп есептейді. Егер отбасында біреу шылым шексе немесе астма, диабет сияқты созылмалы аурулармен ауыратын болса да, бала асырап алу мүмкіндігі шектеледі. Сондай-ақ, ол отбасының бала асырап ала отырып, қандай да бір материалдық, қаржылық мақсаттарды көздемейтіні жіті тексерілетін көрінеді. Бала құқы шын мәнісінде қорғалатын елдер, міне, осындай болса керек. Ал жоғарыда айтқанымыздай, шетелдіктер бізден асырап алып кеткен жеткіншектер қалай өсіп-жетілді, біз оларға қаншалықты іздеуші, сұраушы бола алдық, мұң-мұқтажын, құқын қорғай алдық па?!


    Ол – бөлек әңгіме және өте шетін мәселе. Біз шекара асып кеткен өрендердің жоғын жоқтамақ түгілі, күні бүгінге дейін өз еліміздегі, өз жеріміздегі асыранды балалар жағдайын реттей алмай жүрген жоқпыз ба?! Әдетте, бізде бала асырап алу өте қиын, машақаты көп шаруа деп айтылады. Бірақ баланың асырап алынғаннан кейінгі жағдайы қалай бақыланады, оларға қойылатын талаптар қандай, әлеуметтік қызмет орындары тарапынан ол қаншалықты қадағаланады?! Ол көпшілікке беймәлім. Міне, осы жағын да заңдық тұрғыда нақтылау өте қажет.

    Сіздің реакцияңыз?
    Ұнату
    0
    Ұнамайды
    0
    Күлкілі
    0
    Шектен шыққан
    0
    Соңғы жаңалықтар

    16:15

    16:07

    15:58

    15:19

    15:05

    14:30

    14:22

    14:14

    13:35

    13:10

    12:49

    12:43

    12:32

    12:21

    12:04

    11:51

    11:00

    10:53

    10:51

    10:37

    10:13

    10:04

    09:54

    09:53

    09:38