Балалар жылына 46 кітап оқи ала ма? Шетел тәжірибесі және әр бала оқуға тиіс 10 кітап

Балалар жылына 46 кітап оқи ала ма? Шетел тәжірибесі және әр бала оқуға тиіс 10 кітап Сурет: ЖИ көмегімен салынды

Ғаламтор мен әлеуметтік желі дамыған заманда кітаптан бас алмай оқып жатқан балалар мен жасөспірімдерді жиі кездестіре қою қиын. Бос уақыттың басым бөлігі телефон мен түрлі цифрлық платформаларға ауысқан бүгінгі кезеңде баланың кітапқа деген қызығушылығын ояту өзекті мәселеге айналды. Сондықтан балалар әдебиетіне келгенде олардың жас ерекшелігін, қызығушылығы мен қабылдау деңгейін ескеріп, оқуға шын мәнінде құнды шығармаларды дұрыс таңдай білу аса маңызды.

Кейбір ата-ана баласына оқуға тұрарлық кітапты таңдауға келгенде қиналатын көрінеді. Себебі қазір кітап та көп, автор да жетерлік. Жыл сайын жаңа бестселлерлер шығып, заманауи әдебиет жаңарып отырады. Алайда сол көп дүниенің ішінде баланың санасын дамытатын, тәрбиелік мәні бар, уақыт сүзгісінен өткен шығармаларды табу - ата-ана мен ұстаз үшін маңызды мәселе.

Осы орайда Aqshamnews.kz тілшісі балаға да, ата-анаға да қызық болатын, ең бастысы - ой салатын әрі рухани тұрғыда байытатын 10 кітаптан тұратын тізімді ұсынады.

10. Жюль Верн — «20 000 лье су астында»

Ғылыми-фантастика жанрының классигі Жюль Верн бұл романында оқырманды су асты әлеміне жетелейді. «Наутилус» кемесімен саяхаттаған кейіпкерлердің бастан кешкен оқиғалары  - қиялды дамытып, ғылымға қызығушылық оятатын тамаша шығарма.

9. Мигель де Сервантес - «Дон Кихот»

Төрт ғасырдан бері әлем әдебиетінің алтын қорынан түспей келе жатқан туынды. Дон Кихот пен Санчо Панстың оқиғалары арқылы адалдық, арман мен шындықтың арақатынасы шебер суреттеледі.

8. Лев Толстой - «Балалық шақ. Жеткіншектік. Жастық»

Автордың өмірінен алынған бұл трилогия баланың ішкі әлемін, психологиясын терең ашады. Әсіресе жеткіншек жасындағы оқырманға ой саларлық шығарма.

7. Александр Грин - «Алқызыл желкендер»

Арманға сену, үміттен айнымау, мақсатқа адал болу - Ассоль бейнесі арқылы берілген басты идеялар. Жеткіншектер үшін шабыт сыйлайтын туынды.

6. Роальд Даль - «Чарли және шоколад фабрикасы»

Ертегіге ұқсас болғанымен, тәрбиелік мәні өте жоғары шығарма. Қарапайымдылық, ата-анаға құрмет, сабыр мен адалдық — кітаптың негізгі өзегі.

5. Антуан де Сент-Экзюпери - «Кішкентай ханзада»

Бұл - балаға да, ересекке де арналған философиялық шығарма. Жауапкершілік, мейірім, адамгершілік туралы терең ойларға жетелейді.

4. Бауыржан Момышұлы - «Ұшқан ұя»

Қазақы тәрбие, ұлттық болмыс, дәстүр мен тағылым — осының бәрі бір кітапта. Әрбір бала өз тегін, тамырын тану үшін оқуға тиіс туынды.

3. Бердібек Соқпақбаев - «Менің атым Қожа»

Балалық шақтың шынайы бейнесі, мектеп өмірі, бала мен ата-ана, ұстаз арасындағы қарым-қатынас — барлығы шынайы әрі юмормен берілген.

2. Мұхтар Мағауин - «Бір атаның балалары»

Соғыс жылдарындағы тағдырлар арқылы бауырмалдық, адамгершілік, ұлтқа бөлінбеу идеясы терең қозғалады.

1. Мұхтар Әуезов - «Абай жолы»

Қазақ әдебиетінің шыңы. Бұл шығарма - тек роман емес, тұтас бір халықтың тарихы, дүниетанымы мен рухани әлемі. Әрбір қазақ оқуға міндетті туынды.

Америкадағы 46 кітап оқу тәжірибесі: үлгі боларлық бастама

Айта кетерлігі, АҚШ-тың кейбір штаттарында мектеп оқушылары үшін 46 кітап оқу бағдарламасы енгізілген. Бұл сан кездейсоқ таңдалмаған - кейіпкер өмір сүретін өңірде 46 тау шыңы бар, ал әрбір шың оқушы үшін жаңа биікті білдіреді.

Мектеп арнайы кітап тізімін жасайды. Оқушы сол кітаптарды оқып болған соң, мектеп кітапханасының сайтында 10 сұрақтан тұратын тест тапсырады. Егер 7 сұраққа дұрыс жауап берсе, кітап оқылған болып есептеледі. Нәтиже төмен болса, қайта оқу мүмкіндігі беріледі.

Ең қызығы - мотивация жүйесі. Алғашқы кітапты оқыған бала мектепте микрофон арқылы аталып, шағын сыйлық алады. 10 кітап - балмұздаққа сертификат, 20 кітап - кинотеатрға билет. 

Шетелдік тәжірибе көрсеткендей, баланы кітап оқуға мәжбүрлеу емес, дұрыс жүйе мен мотивация қалыптастыру маңызды. АҚШ-тағы бастауыш сынып оқушыларына арналған 46 кітап оқу тәжірибесі - соның айқын дәлелі. Мұнда баланың жетістігі кезең-кезеңімен бағаланып, шағын сыйлықтар арқылы ынталандырылады. Бұл тәсіл оқуға деген қызығушылықты арттырып қана қоймай, баланың өзіне деген сенімін нығайтады.

Осындай озық тәжірибелер басқа елдерде де кеңінен қолданылады. Мәселен, Финляндияда бастауыш сынып оқушылары үшін «оқу күнделігі» жүйесі енгізілген. Бала әр оқыған кітабы бойынша қысқаша пікір жазып немесе сурет салып, мазмұнын қаншалықты түсінгенін көрсетеді. Мұнда кітап санына емес, ойды ұғыну мен талдауға басымдық беріледі, ал ата-аналар баламен бірге оқыған шығарманы талқылауға міндетті.

Ал Жапонияда кітап оқу мектеп бағдарламасының ажырамас бөлігі саналады. Күн сайын сабақ басталар алдында 10–15 минут «тыныш оқу уақыты» белгіленген. Бұл кезде бүкіл мектеп ұжымы - директордан бастап оқушыға дейін кітап оқиды. Мұндай тәсіл балалардың зейінін арттырып, оқуды күнделікті әдетке айналдыруға ықпал етеді.

Бір жылда 46 кітап оқу - қиял емес, дұрыс бағыт пен қолдау болса, қолжетімді мақсат. Ал баланың кітапқа деген қызығушылығын ояту жасына сай, мазмұны бай әрі тәрбиелік мәні жоғары шығармалардан басталуы тиіс. Ұсынылған 10 кітап - сол үлкен жолдың алғашқы қадамы. Кітаппен дос болып өскен бала ойы терең, дүниетанымы кең, болашағына нық қадам басатын тұлға болып қалыптасатыны сөзсіз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
1
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

18:29

18:24

18:18

17:57

17:53

17:48

17:44

17:41

17:29

17:15

16:50

16:24

16:15

15:55

15:32

15:23

15:12

15:02

14:51

14:45

14:32

14:20

14:13

13:02

12:59