Бүлдіршіндердің шат күлкісі естілген жерде мейірім мен жылулық орнайды. Әрбір бүлдіршін – болашақтың бастауы, ел ертеңінің үміті. Сондықтан олардың бақытты балалық шағы – қоғамның ең басты құндылықтарының бірі.
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасы мен «Ақ жол-М» балаларды оңалту орталығы бірлесіп «Бала – біздің болашағымыз» атты мерекелік шара ұйымдастырды. Бұл игі бастаманың негізгі мақсаты – балаларға қуаныш сыйлау, олардың шығармашылығын дамыту және рухани-танымдық қабілеттерін арттыру болды.
Шара барысында Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасының директоры Ғалия Сламбайқызы құттықтау сөз сөйлеп, балаларды мерекемен құттықтады. Ол өз сөзінде әр баланың бақытты өмір сүруге лайық екенін атап өтіп, жылы лебізін білдірді.
– Бала – біздің болашағымыз. Бүгінгі бала – ертеңгі ел тірегі. Сондықтан олардың жан-жақты дамуына, білімді әрі тәрбиелі болып өсуі барша қоғамның ортақ жауапкершілігі», – деді ол.
Мерекелік көңіл-күй әсем әуенмен өріліп, балалардың бір бөлігі музыка ырғағына қосылып қимыл-қозғалыс арқылы шаттықтарын білдірсе, ал енді бір бөлігі қол соғып, жүздеріндегі қуанышпен ортақ мерекелік атмосфераны сезінді. Сонымен қатар балалардың ойлау қабілетін дамыту мақсатында логикалық ойындар ұйымдастырылып, олар белсене қатысып, өздерінің тапқырлығын көрсетті. Мұндай ойындар балалардың зеректігін арттырып қана қоймай, өзара достық қарым-қатынасын нығайтты.
Шара соңында балаларға кітаптар мен балмұздақтар сыйға тартылды. Бұл сыйлықтар олардың көңілін көтеріп, кітап оқуға деген қызығушылығын арттырды. «Кітап – білім бұлағы» дегендей, әрбір берілген кітап баланың ой-өрісін кеңейтетін рухани қазына екені сөзсіз.
Бұндай тағылымы мол шаралар балалардың жүрегіне мейірім ұялатып, олардың бақытты балалық шағын қалыптастыруға үлкен үлес қосады. «Балалы үй – базар» дегендей, балалардың шат күлкісі әрдайым елдің еңсесін көтеріп, қоғамға қуаныш сыйлай берсін!
Әлия БОРАНБАЙ
Алматы облыстық орталық әмбебап кітапхана қызметкері