Алматыда мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауында дауыс беру аяқталды. Мегаполистен депутаттық мандатқа 168 кандидат үміткер болды, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.

Таңертеңнен бастап қаладағы 670 сайлау учаскесінде белсенділік байқалды. Тұрғындар отбасымен және достарымен бірге дауыс беруге келіп, тақырыптық акцияларға қатысып, көрмелер мен жәрмеңкелерді тамашалады.


Сайлау учаскелерінде «Менің таңдауым» атты тақырыптық фотоаймақтар безендіріліп, қала тұрғындарының қызығушылығын тудырды.


Сайлауға алғаш рет қатысқан азаматтарға естелік кәдесый мен тәттілерден тұратын символикалық сыйлық әзірленді.

Дауыс беруге түрлі жастағы және сан алуан мамандық иесі қатысты. Тұрғындар сайлау учаскелеріне отбасымен ғана емес, тұтас еңбек ұжымдарымен де келді. Мәселен, «Алматы Тазалық» кәсіпорны мен «Асфальтобетон 1» ЖШС қызметкерлері жұмыс кестесіне қарамастан, азаматтық ұстанымын білдіруге уақыт тапты.
Егде жастағы сайлаушылар да ерекше назар аудартты. 80 жастағы Рахымжан Аюпов №459 сайлау учаскесіне велосипедпен келді. Зейнеткер белсенді өмір салтын ұстанып, денсаулығына көңіл бөледі және жасының ұлғайғанына қарамастан, ел өміріндегі маңызды оқиғалардан қалыс қалмайды.

102 жастағы Кәмиля Досқалиқызы Көсүмова егде жасына қарамастан, белсенді азаматтық ұстаным танытып, дауыс беруге өзі келді.

Қазақстанның халық артисі, Алматы қаласының құрметті азаматы Бибігүл Төлегенова үйінде дауыс берді. №559 учаскелік комиссия мүшелері әншінің үйіне барып, оған гүл табыстап, сайлауға қатысқаны үшін алғыс айтты.

– Мен сайлауға әрдайым қатысамын. Сайланған депутаттар алматылықтардың сенімін ақтап, қаламыздың игілігі үшін еңбек етеді деп үміттенемін, – деді Бибігүл Төлегенова.
Дауыс беруге мәдениет және өнер саласының белгілі өкілдері де қатысты.

№502 сайлау учаскесінде Қазақстанның халық артисі, театр және кино актері, режиссер әрі профессор Тұңғышбай Жаманқұлов дауыс берді. Ол ел тағдырына қатысты маңызды шешімдер халықтың қатысуымен қабылдануға тиіс екенін, ал әр азаматтың дауысы ортақ болашаққа қосылған үлес екенін атап өтті.

Дауыс беруге қатысқан мәдениет қайраткерлерінің қатарында Қазақстанның халық артисі, дирижер Мұрат Серкебаев, еңбек сіңірген артистер Айжан Нұрмағамбетова мен Сәбила Әбуева, әншілер Асхат Тарғын мен Талғат Күзембаев, актерлер Салтанат Бақаева, Ерболат Тоғызақов пен Қаракөз Тілеубекова, суретші Талғат Тілеужанов, ақын әрі ғалым Әділғазы Қайырбеков, қоғам қайраткері Асылы Осман және басқа да азаматтар болды.


Сайлау учаскелерінен танымал спортшыларды да кездестіруге болды. Бокстан Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов отбасымен бірге дауыс беруге келді. Бұл олардың бұрыннан қалыптасқан дәстүрі. Карате WKF бойынша XX жазғы Азия ойындарының қола жүлдегері Бэлла Самашева да таңдау жасады.

Спорттық құзға өрмелеуден Азия ойындарының жүлдегері Дамир Тоқтаров та дауыс берді.

№617 сайлау учаскесінде сайлаушылар дауыс беріп қана қоймай, ұлттық ойындарға да қызығушылықпен қатысты. Мұнда асық ату, тоғызқұмалақ және шахматтан жарыс ұйымдастырылып, оған кез келген адам қатыса алды. Ұйымдастырушы Алина Берікқанқызының айтуынша, қала тұрғындары дауыс бергеннен кейін ойындарға ықыласпен қосылған. Әсіресе асық атуға қызығушылық жоғары болды.
– Ұлттық ойындар көптеген сайлаушының қызығушылығын тудырды. Адамдар дауыс бергеннен кейін бірден тарамай, жарысқа қуана қатысып, нағыз спорттық құлшыныс танытты. Жеңімпаздарға естелік сыйлықтар дайындадық, – деді ол.

Дауыс беру күні мәдени және қоғамдық бастамалармен қатар өтті. Мәселен, №73 сайлау учаскесінде сайлаушыларды ақ жаулықты әжелер қарсы алып, шашу шашты, қонақтарға дәм ұсынып, елге бейбітшілік, береке және бірлік тіледі.


№57 және №43 мектептерде Алматы тарихы туралы кітаптар, балалардың суреттері мен қыштан жасалған бұйымдар қойылды. Ал №176 мектептегі №508 сайлау учаскесінде ұлттық дәстүр мен қазақы нақышты бейнелейтін картиналар және сәндік-қолданбалы өнер туындыларының көрмесі ұйымдастырылды.
Бауыржан Момышұлы атындағы №131 мектеп-гимназиядағы №379, №381 және №382 сайлау учаскелерінде арнайы бағдарлама әзірленді. Мұнда «Сайлаушымен бірге ән айт» акциясы өтті. Дауыс бергеннен кейін ниет білдіргендер микрофон алып, сүйікті әнін орындай алды. Акцияға жастар да, аға буын өкілдері де қатысты.

Демалып, пікірлескісі келген тұрғындар үшін арнайы аймақтар да жабдықталды. Атап айтқанда, автомеханика колледжінің ғимаратында орналасқан №322 және №350 сайлау учаскелерінде шахмат, дойбы және тоғызқұмалақ ойнауға арналған алаңдар ұйымдастырылды.

Ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері де күннің маңызды бөлігіне айналды. Сатып алушылар өнімдерді қолжетімді бағамен алса, өндірушілер қала тұрғындарын тауарларымен тікелей таныстырды.

Сонымен қатар кітап және қолөнер жәрмеңкелері жұмыс істеді. №138, №157 және №197 сайлау учаскелерінде шеберлер қолдан жасалған бұйымдар мен ұлттық кәдесыйларды ұсынды. Самал-2 шағынауданында тоқылған бұйымдар, авторлық ойыншықтар және полимерлі саздан жасалған әшекейлер ерекше қызығушылық тудырды.

Тағы бір пайдалы бастама көзді тегін тексеру. Оптикалық компания мамандары келушілерге кеңес беріп, көзілдірік таңдауға көмектесті.

Көптеген қала тұрғыны сайлау учаскелеріне отбасымен келді.


Тұрғындар мен қала қонақтарына қолайлы болу үшін 29 қарашада қоғамдық көлік тегін қызмет көрсетті. Күні бойы қалалық автобустармен, троллейбустармен және метромен ақысыз жүруге мүмкіндік берілді.

Алматыда дауыс берудің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін 170 инватакси көлігі мен 80 ымдау тілі маманы жұмылдырылды. Сонымен қатар қалада тұрғылықты жері бойынша тіркеуі жоқ азаматтар үшін 41 сайлау учаскесінде бір күндік тіркеу қызметі көрсетілді.
Бүгінгі дауыс беру Алматының бей-жай қарамайтын, белсенді адамдардың қаласы екенін тағы бір мәрте көрсетті. Әркім қала өміріне өзінше қатысады, бірақ олардың бәрін оның болашағына үлес қосуға деген ұмтылыс біріктіреді. Алматы мен ел тағдырына деген ортақ жауапкершілік осындай жеке шешімдерден құралады.