Күздің соңғы күнінде Алматының Ұлттық кітапханасында «Көшпенділер» тақырыбында көрме өтті.
Суретші Нурия Абдолова салған әр суретіне жанының бір бөлшегін бере, үлкен өнер тудырған. Кіреберісте «Шежіре» суреті қарсы алды. «Гүлайым» картинасындағы бұрымды қыз өжеттік пен қайсарлықтың символы іспетті. Ал «Махаббат» картинасы бозбала мен бойжеткен арасындағы пәк сезімге сүйсіне қаратты. Нурияның суреттері тікелей махабатқа, отбасылық құндылықтарға, әйелдің жан дүниесіне, әдет-ғұрып пен аңыздарға жетелейді. Көрме уақыты ұзаққа созылған жоқ. Бірақ біз суретшімен аз-кем лебіздесіп үлгердік.
– Нурия, сіз қанша жасыңыздан бастап сурет сала бастадыңыз?
– Мен 3 жасымнан бастап сурет сала бастадым. Ата-анам талантымды бала кезімнен-ақ байқады. Әкем жұмысынан руллон қылып орап, үлкен A3 парақтар әкелді. Мен бір күннің ішінде түгел толтырып сурет салып тастайтынмын. Екінші күні әкем тағы әкеліп беретін.
– Сіздің үлгі тұтатын суретшіңіз?
– Маркетинг жағынан алып қарасам, Сальвадор Далиді үлгі тұтамын. Ол суреттеріне жаңа дем беріп, заман ырғағына салды. Суреттерін брендке айналдырды. Ал өзіме жақын санайтыным – Клод Моне. Егер қателеспесем, қазір Алматыда оның көрмесі өтіп жатқан болуы керек.
– Сізге шабыт берген 1 қазақ суретшісінің, 1 шетел суретшісінің картинасын айтсаңыз?
– Егер шет елдікі болса, онда тағы да айтарым – Клод Моненің «Кувшинки» суреті. Ол мені өзінің тереңдігімен, қанық түстерімен мені баурап алады. Ал қазақ картиналарынан А.Ақанаевтың «Сәукеле» картинасы. Бұл суреттен мен шабыт аламын және салыну техникасы ұнайды. Сурет шынайы көрінеді және бұл техниканы әлі күнге дейін көп адамдар қайталай алмайды.
– Кім үздік суретші: Абдолова Нурия ма әлде оның ұлы
ма?
– Қандай қызық сұрақ! Менің ойымша, менің ұлым. Себебі оның бұл әлемге деген көзқарасы енді қалыптасып келе жатыр және мен ұлымның суретке деген көзқарасы ерекше болатынына сенемін.
– Сурет салар алдында ритуалдарыңыз бар ма?
– Ерекше ритуал жоқ. Жай дем алып, ойымды жинақтаймын. Сурет салып жатқанда уақыт өтпейтіндей болады, сосын бір бұрылып терезеге қарасам, күннің қалай тез өтіп кеткенін де сезбей қаламын. Байқағандарыңыздай, мен нобайын салмаймын, нәтижесі өзіме қызық. Әр салған суретімнің өзі – мен үшін саяхат.
– Салып отырған суретіңіз ұнамаған кез болды ма? Ондай жағдайда не істейсіз? Бәрін өшіріп қайта саласыз ба?
– Жо-жоқ, сызып тастап, лақтырған холстым бірде-бір рет болған жоқ.
– Суреттеріңізге тарихи және этноаңыздарды қайдан аласыз?
– Қазіргі уақытта жеке кітапханамды жинап жатырмын. Менде Серікбол Қондыбайдың жиі табыла бермейтін мифологиялық кітаптары бар. Ол – өмірден ерте озған жазушылардың бірі. Этнографтардың еңбегін жақсы көремін. Мұны сіздер картинадағы құпия мағына қалдырған ою-өрнектерден байқарсыздар.
– Картиналарыңызда жиі көрінетін анар – қандай ассоциация?
– Мәңгі өмір мен ақылдың символы. Сіз көрген «Қорқыт» картинасы. Аңыз бойынша, ол мәңгі жасаймын деп музыкамен айналысқан. Жалпы, картина мақсаты өткен аңызды жас буынға жаңаша форматта жеткізу болатын.
– Картиналарыңызды «қымбат» деген адамдарға қандай жауап қайтарасыз?
– Иә, қымбат деп айтушылар бар, бірақ көп емес. Маған жақында ғана бір кісі картинамды мақтап, «құнына ештеңе жетпейтін, керемет картинаның бірі» деп хабарлама жазды. Өнерім кез келген адамның қолында болғанын қаламаймын. Оны түсінетін, жақсы көретін адамның қолына табыстағым келеді.
– Басқа қандай ауыр сөздер естідіңіз?
– «Не істейсің, сурет салынады қалады, саған азық болмайды, ешкім сатып алмайды» дегенді жиі естідім.
– Келешекте қазақ романдарын сіздің картиналарыңыздан таба аламыз ба?
– Өте қызық ұсыныс! Негізі, қарсы емеспін. Неге байқап, бағымды сынап көрмеске! Жалпы, суретшілерге ұсыныстар жиі келіп түседі. Алматыдағы көрме кезінде маған бір академик келіп « Мен тарихпен, жылқыларды зерттеумен айналысамын. Сіздің суреттеріңіз жазған жұмыстарыма ерекше сән беретін сияқты. Егер рұқсат болса біреуін алып, кітабыма орналастырайын деп едім» деген. Мұндай ұсыныстарды қабылдаймын.
– Сізге шабыт беретін қалалар?
– Сеул қаласы ұнайды. Ол технологиялық қырынан өте жақсы дамыған. Азиялық мәдениет пен заманауи жаңа технологиялар баланс болып үйлесе алады. Олар алға жылжып кетсе де төл мәдениетін ұмытпай, күнделікті өмірде баршаға көрсетіп жүр
Сосын Алматы. «Мың бояулы қала» дейсіздер ғой, ол рас, келісемін. Әсіресе архитектурасы маған шабыт береді. Кеңес заманынан қалып қалған үйлер және жаңадан салынып жатқан биік ғимараттар, оның бәрі көз тартады. Басқа қалалар Алматы секілді контраст ұстай алмайды.
– Суретші ретінде алдыға қойған 2 жоспарыңыз?
Бірінші жоспарым, шет елде көрме ұйымдастыру, картиналарымды жаңа деңгейге көтеру. Екінші жоспар, галереямды ашқым келеді. Қазақстанда суретпен байланысты галереялар өте аз. Алматы мен Астананы санамағанда, басқа қалаларда галерея жоқтың қасы. Ал елімізде талантты суретшілер көп. Егер менімен жұмыс істеуге дайын адам табылса жақсы болар еді, жаңашыл идеяларым көп.