Халықаралық көрме 22 қарашаға дейін жалғасады, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
2026 жылы 10 қарашада Алматы қаласы музейлер бірлестігінің құрамына кіретін Алматы галереясында түрік суретшісі, акварель кескіндемесінің шебері Ахмет Өгретеннің «Су жолы: Босфордан Ұлы далаға дейін» атты халықаралық көрмесі салтанатты ашылды.
Халықаралық көрме Алматы қаласы әкімдігі мен Түркия Республикасының Алматыдағы Бас консулдығының қолдауымен ұйымдастырылды.

Көрмеге түркі әлемінің тарихи болмысы мен бай мәдени мұрасын бейнелейтін суретшінің 54 акварель туындысы қойылған. Автор еңбектері арқылы Босфор жағалауынан Ұлы далаға дейінгі кеңістікті қамтып, түркі халықтарының ортақ тарихын, мәдени мұрасы мен ғасырлар бойы сақталып келе жатқан рухани байланыстарын көркем бейнелейді.
«Көрмеде Босфордан Ұлы далаға дейінгі сапарды баяндаймын. Бұл жай ғана көркем туындылар көрмесі емес, түркі халықтарының ортақ мәдениеті мен тамырын таныстыратын, тарихи-мәдени байланыстарымызды көрсететін шығармашылық жоба. Құндылықтарымызды көрерменге жеткізу мен үшін маңызды», – деді көрме авторы, суретші Ахмет Өгретен.
Халықаралық көрме 22 қарашаға дейін жалғасады. Кіру тегін. Алматы галереясы сейсенбіден жексенбіге дейін сағат 10:00-ден 19:00-ге дейін жұмыс істейді. Дүйсенбі – санитарлық күн. Мекенжайы: Достық даңғылы, 44.