Оның фильмдеріндегі шынайылық, қарапайымдылық, бала әлеміне деген ерекше ықылас пен өмірге деген ізгі көзқарас бүгінгі көрермен үшін де маңызын жоғалтқан жоқ, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Қазақстан Республикасының Ұлттық орталық музейінде қазақ киносының көрнекті өкілі, әйгілі кинорежиссер Абдолла Қарсақбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай көрме ашылды.
Абдолла Қарсақбаев – қазақ киносының дамуына өлшеусіз үлес қосқан, ұлттық экран өнерінің көркемдік көкжиегін кеңейткен бірегей тұлға. Оның шығармашылығы қазақ халқының рухани құндылықтарын, ұлттық болмысын, бала жүрегінің тазалығын және адамгершілік қасиеттерін терең бейнелеуімен ерекшеленеді.
Режиссердің шедевр туындыларының бірі – “Менің атым Қожа” фильмі ұлттық кинематографиямыздың алтын қорына ғана емес, әлемдік балалар киносының классикасына енді. Атап өткен жөн, бұл туынды 1967 жылы Францияның Канн қаласында өткен халықаралық кинофестивальде жоғары бағаланып, Құрметті дипломға ие болды. Бұл қазақ киносының тарихында халықаралық аренада мойындалған тұңғыш маңызды жетістіктердің бірі еді.

Режиссердің шығармашылық мұрасы – ұрпақ тәрбиесіне, ұлттық мәдениетті дәріптеуге және өнерге деген құрметті қалыптастыруға қызмет ететін асыл қазына. Оның фильмдеріндегі шынайылық, қарапайымдылық, бала әлеміне деген ерекше ықылас пен өмірге деген ізгі көзқарас бүгінгі көрермен үшін де маңызын жоғалтқан жоқ.
“Абдолла Қарсақбаев – қазақ киносының құлагері” атты көрме халықаралық ЮНЕСКО ұйымының аясында ашылған. Іс-шараның негізгі мақсаты – ұлы режиссердің өмірі мен шығармашылығын кеңінен насихаттау, ұлттық кино өнерінің тарихына құрмет көрсету, жас ұрпақтың мәдени танымын арттыру және қазақ киносының көрнекті тұлғаларының мұрасын дәріптеу. “Қазақ киносы тарихында жүз жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде тұңғыш рет тойланып жатқан тұлға - кинорежиссер Абдолла Қарсақбаев. Бұл кісі өмірді де, өнерді де, өзін көтерген халқын да риясыз сүйіп өткен адам. Сондықтан да осындай құрметке лайық деп ойлаймыз. Абдолла Қарсақбаев түсірген фильмдер әлемдік деңгейге шығып, халықаралық дәрежедегі жүлделер иеленген. Қазақ киносының алтын қорына өшпестей жазылып қалған өміршең картиналарын бүгінгі буын да көріп жүр. Оның тарихи деректер мен дәйектерге құрылған деректі фильмдерінің өзі бір төбе. Әрине, бұл біз үшін үлкен мақтаныш”, - дейді Абдолла Қарсақбаевтың келіні Майра Қарсақбаева.

Іс-шара бағдарламасында режиссердің өмір жолы мен шығармашылығына арналған таныстырылым, деректі материалдар мен фотосуреттер, фильмдерінен үзінділер көрсетілді. Алматылық оқушылар “Менің атым Қожа”, “Алты жасар Алпамыс” фильмдерінде шырқалған әндерді әуелетті.
Абдолла Қарсақбаевтың 100 жылдық мерейтойы – тек бір тұлғаның шығармашылық жолын еске алу ғана емес, сонымен қатар қазақ киносының тарихына үңіліп, ұлттық өнердің құндылығын ұғынатын маңызды мәдени оқиға. Оның экранда қалдырған ізі мен рухани мұрасы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, қазақ киносының шежіресінде мәңгі сақталады.
Нұржамал ӘЛІШ