Алматының қызметтері су тасқыны мен көшкін маусымына дайындық жұмысын қалыпты жұмыс режимде жүргізіп жатыр, деп хабарлайды aqshamnews.kz
Жағдайды бақылауда ұстап, қажетті шаруаларды алдын ала қолға алуға кірісті, жедел әрекет етуге күш пен құрал жағы да жеткілікті. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті Ескерту басқармасының бастығы Алмаз Құрманов осылай деді.
Оның айтуынша, маусымдық өзгеріс көбіне жауын-шашын мол түсіп, көктемде қар ерігеннен болады, бірақ бұл Алматы үшін қалыпты нәрсе. Биыл топырақтың тоң қату тереңдігі 37–39 см-ден аспайды, бұл қолайлы көрсеткіш, еріген қар суының тез сіңуіне мүмкіндік береді. Ақпан айында ауа райы салыстырмалы түрде қолайлы болады, орташа температура шамамен −2,4 °C, жауын-шашын мөлшері қалыпты деңгейден сәл жоғары.
«Біз барлық табиғи құбылысты алдын ала талдап, соған сай қам жасаймыз. Қазір жағдай тұрақты, қалалық қызметтер де төтенше жағдайдың алдын алу үшін ғана барынша сайланып, сақ отыр», – дейді Алмаз Құрманов.
ТЖД бақылауында бұрын су басқан Алатау мен Бостандық ауданындағы жеті учаске бар. Қазір Көкқайнар шағын ауданында Боралдай өзенінің арнасы кеңейтіліп жатыр, Жәңгір хан көшесінде сорғы станциясын орнатуға дайындық жүргізіле бастады. Қалған учаскелердің қауіптілігі орташа деңгейде болғандықтан, мамандар оларды үзбей бақылап отыр.
Көктемгі кезеңге дайындық аясында қаладан алдын ала 147 мың текше метр қар шығарылды. Қажетті күш пен техника жасақталған. 1 800-ден астам адам мен 700-ден астам арнаулы техника тартылды осы іске, профилактикалық жұмыстарға арналған материалдар мен жабдықтар да дайын тұр.
«Оқыс оқиғаға жол бермей, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндетіміз. Барлық қызмет толық жасақталған, техника да тексерілген, алдағы жұмыстың бәрін күні бұрын пысықтап қойдық», – дейді спикер.
Көшкін қаупін азайту бағытында да жүйелі жұмыс істеліп жатыр. Алматыда шамамен көшкін болуы мүмкін 190 қауіпті аумақ бар. Былтырдан бастап сегіз жерде инженерлік іс-шаралар қолға алынды, олар тұрғын үйлер мен туристік инфрақұрылымды, соның ішінде Медеу – Шымбұлақ бағытын қорғайды. Өткен жылы тағы осындай 15 учаскеде жұмыс істелді.
Сонымен қатар селден қорғану жағы да ескерілген. Қала үстіндегі барлық мореналық көлдер қысқы режимде және қауіп төндірмейді. Оларды бақылау мен босатуды көздейтін жұмыс жаз мезгілінде жоспарлы түрде жалғасады.
Мамандар қысқы және көктемгі кезеңде тауда негізгі қауіпсіздікті сақтаудың маңыздылығын еске салады. Биік таулы аймақта қар көшкіні табиғи құбылыс болғандықтан, қала тұрғындары мен туристерге бейінді қызметтердің ұсынымдарын ескеріп, бағыттарын күн райына қарай жоспарлауды ұсынды.
Жалпы, Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Алматы маусымдық өзгеріске сабырлы әрі жүйелі түрде дайындалып жатыр, тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаруалар алдын ала қолға алынған.