Бұл технология ДНҚ талдауы арқылы адамның спорттық қабілетін, жарақат алу қаупі мен кәсіби ауруларын бағалауға, жаттығу мен тамақтанудың оңтайлы режимін таңдауға, сондай-ақ балаға лайықты спорт түрін ұсынуға мүмкіндік береді.
Аталған ірі ғылыми жобаның нәтижелері туралы Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметіне ҚР ҒЖБМ ҒК Генетика және физиология институтының популяциялық генетика зертханасының меңгерушісі, PhD докторы, қауымдастырылған профессор Назым Алтынова айтып берді, - деп хабарлайды Aqhamnews.kz.

Дене шынықтыру мен спортты дамыту Қазақстанның мемлекеттік саясатының басым бағытының бірі болып отыр: халқымыздың 41%-дан астамы спортпен тұрақты айналысса, балалар мен жасөспірімдер арасында бұл көрсеткіш 30%-дан асады. Спорттың ең танымал түрі – бокс, дзюдо мен еркін күрес. Осындай жағдайда, ғалымдардың айтуынша, спортшыларды іріктеу мен даярлауда ғылыми негізделген тәсілдің маңызы арта түскен. «Әлемде спорттағы жетістіктегі генетиканың рөліне назар аудара бастады. Неге кейбір адамдар ұзаққа шыдап, тез қалпына келіп, төзімді болады деген сұраққа осы генетика жауап бере алады», – дейді Назым Алтынова.
Ауқымды ғылыми жоба өткен жылы Генетика және физиология институтында бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында жүзеге асты. Жобаға ҚР ҒЖБМ ҒК Генетика және физиология институты, «Қазақ тағамтану академиясы» ЖШС және Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті қатысты. «Әр ұйымға бір-бір міндет жүктелді. Біздің міндетіміз – кәсіби спортшылардың, әуесқойлар мен балалардың жеке генетикалық ерекшеліктерін толықгеномды SNP-генотиптеу негізінде талдау, кәсіби спортшыларға арналған генетикалық паспорттарды әзірлеу, кәсіби аурулардың даму қаупін бағалау мен балаларға спорттың болашағы бар түрлерін ұсыну болды», – деп толықтырды Назым Алтынова.
Зерттеу деректер жинаудан басталды. Ғалымдар ұлттық құрамалармен, Спорттық медицина және оңалту орталығымен, Республикалық спорт колледжімен меморандумдар жасасып, фитнес-клубтармен, жаттығу залдарымен, жеке тұлғалармен ынтымақтастық орнатқан. Сөйтіп 1400-ден астам адам – кәсіби спортшылар, әуесқойлар мен спортпен айналыспайтын адамдар зерттелді. Барлығы ерікті түрде келісім беріп, зерттеу жағы биоэтика мен сыр сақтай отырып жүргізілді. Сауалнамалар спорттық жетістіктер, жаттығу режимі, тамақтану, жарақаттары мен денсаулығы туралы деректерді қамтыды. Зерттеуге республикалық және халықаралық жарыстардың чемпиондары мен жүлдегерлері, спорт шеберлері мен спорт шеберлігіне үміткерлер қатысты, әсіресе халықаралық әлеуеті жоғары, ұлттық спорттың түрлеріне басымдық берілген.
75 геннің 97 генетикалық маркерінен тұратын бірегей панель – патенттелген «Спортшының генетикалық паспортының» әзірленуі ең басты табыс болды. Паспорт спорттық қасиеттерді, жарақаттар мен спортқа тәуелді аурулар қаупін, тамақтану мен зат алмасу ерекшелігін, сондай-ақ психогенетикалық сипаттамаларды – күйзеліске бейімділікті, жауынгерлік қасиеттерді, тәуекелге бейімділік пен когнитивтік ерекшеліктерді талдауды қамтиды. Генотиптеу Illumina платформасында жүргізіліп, кейін биоинформатикалық және статистикалық өңдеуден өтеді. Нәтижелерді түсіндіру үшін кешенді тәсіл, спортшының әлеуеті мен денсаулыққа келетін қауіптерді көрнекі бағалауға мүмкіндік беретін 10 балдық шкала қолданылады. Әдістеме мен егжей-тегжейлілігі бойынша бұл әзірлеме әлемдік стандарттарға сай келеді.
«Спортшыларға арналған генетикалық паспорттар беретін зертханалар қазір әлемнің түкпір-түкпірінде пайда болып жатыр. Бұл кездейсоқ емес: осы саладағы әлемдегі кіл мықтылар Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарында да көш бастап келеді. Олар Ұлыбритания, АҚШ, Қытай, Германия, Жапония мен Ресей сияқты елдер», – деп атап өтті Алтынова.
Әзірлеменің практикалық маңызы – қазақстандық спортшылардың халықаралық аренадағы нәтижелілігін арттырып, жарақаттануды азайтып, жаттығу барысына ғылыми негізделген тәсілді қалыптастыруға керек. Генетикалық паспортты спортшылар мен әуесқойлар өз мүмкіндіктерін бағалау үшін, жаттықтырушылар жүктемелерді даралау үшін, дәрігерлер мен генетиктер жарақаттардың алдын алып, қалпына келуді жеделдету үшін, диетологтар жекелендірілген тамақтануды таңдау үшін, ата-аналар мен балалар оңтайлы спорт түрін таңдау үшін пайдалана алады.
Ғалымдардың айтуынша, спортшылардың генетикалық паспортын енгізу спорт ғылымын дамытудағы маңызды қадам болып, Қазақстанды даярлау бойынша әлемдік стандартқа жақындатып, ұлт денсаулығын нығайтпақ.