Биыл сумен жабдықтайтын желілердің тозу деңгейін 49%-ға, су бұру желісінің тозуын 48%-ға дейін төмендету жоспарланып отыр, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Сонымен қатар қалада коммуналдық нысандарды бақылаудың цифрлық жүйесі енгізіліп, суды ұтымды пайдалану мақсатында көлік жуатын орындарға қойылар талап та күшейтілгелі жатыр. Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында энергетика және сумен жабдықтау басқармасының басшысы Нұрбақыт Серікбай осылай деп мәлімдеді.
Айтуынша, былтыр 390,7 шақырымнан астам су желісі салынып, жаңғыртылған. Соның арқасында желінің тозуы 51%-ға дейін төмендепті.
«Қазір қалада кезекті жөндеу маусымы басталды. Биыл тағы 339,1 шақырым сумен жабдықтау желісін салып, жаңғыртпақпыз. Бұл тозу деңгейін қосымша 49%-ға дейін төмендетіп, қала тұрғындары үшін коммуналдық инфрақұрылымды сенімді ете түсуге мүмкіндік береді. Мұндай жұмыс Алматының барлық ауданында қолға алынды», — дейді Нұрбақыт Серікбай.
Су бұру саласында өткен жылы 311,9 шақырым желі салынып, жаңғыртылған. Соның арқасында тозу деңгейі 49%-ға дейін азайыпты. Биыл қала билігі тағы 285,1 шақырым желіні жаңартып, салуды жоспарлап отыр екен. Бұл көрсеткішті 48%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік бермекші.
Алматыда коммуналдық саланы цифрландыруға да ерекше көңіл бөліне бастады. Қалада технологиялық процестерді автоматтандырылған басқару жүйесі — АСУТП енгізіліп жатыр. Бұл жүйелер сумен жабдықтайтын, су бұратын нысандарды тәулік бойы бақылап отыруға мүмкіндік бермек.
«АСУТП енгізу апатты жағдайды жедел анықтап, жабдықтардың сенімділігін арттырып, су мен электр энергиясының шығынын азайтуға сеп болады. Сонымен қатар жұмысты автоматтандыру коммуналдық жүйені тиімді басқарып, халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттырады. Бұл қалалық инфрақұрылымды жаңғыртудағы маңызды қадам», — деп отыр басшы.
Жұмыстың тағы бір бағыты — су ресурстарын ұтымды пайдалану. Алматыда көлік жуатын орындарда суды қайтара пайдалану жүйесі де енгізіле бастады.
Қазір 162 нысанда осындай жүйе орнатылыпты, оның 33-ін жыл басынан бері енгізіп қойған. Барлық көлік жуатын жерлер деректі автоматты түрде жіберетін су есептегіш құралмен жабдықталған. Биылғы 1 мамырда талапқа сәйкес келмеген осындай көлік жуатын 146 орынның қызметі тоқтатылған.
«Желілерді жаңғыртып қана қоймай, су қорын пайдалануға жауапкершілікпен қарау мәдениетін де қоса қалыптастыру керек. Көлік жуатын орындардағы суды қайтара қолданатын жүйелер ресурсты тұтынуды және қалалық жүйеге түсетін жүктемені айтарлықтай азайтады. Сондықтан бұл бағыттағы бақылау жалғасады», — деп түйіндеді Нұрбақыт Серікбай.