Жаңадан су басу жағдайы тіркелген жоқ, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматыда 10 қараша кештен бері жаңбыр жауып жатыр. «Қазгидромет» РМК мәліметінше, 11 қараша сағат 21:00-дегі жағдай бойынша қалада 42 мм жауын-шашын түскен. Бұл айлық норманың 76%-ы.
Алматының коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасының мәліметінше, бұған дейін қалада жергілікті су басудың сегіз учаскесі анықталған. «Алматы Тазалық» МКК қызметкерлері арық жүйелері мен су өткізу өткелдерін жапырақ пен қоқыстан жедел тазартты. Аталған сегіз учаскенің барлығы проблемалық аймақтар тізіміне енгізілді. Анықталған кемшіліктерді жою жұмыстары биылғы қараша айының соңына дейін жүргізіледі деп жоспарланған.
Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, сағат 21:00-дегі жағдай бойынша жаңадан су басу дерегі тіркелген жоқ.
Қолайсыз ауа райының салдарын алдын алу және жою мақсатында жалпы саны 1 579 адамнан тұратын 85 жедел бригаданың кезекшілігі ұйымдастырылды. Жұмысқа 415 техника, 97 мотопомпа жұмылдырылып, шамамен 5 000 құм толтырылған қап дайындалды. Күн сайын коммуналдық қызметтің 3 250 жол қызметкерлері мен 1 225 арнайы техникасы жұмысқа жұмылдырылады.
Синоптиктердің болжамынша, түнгі уақытта ауа температурасы 0…–2 °C-қа дейін төмендейді.
Ауа температурасының төмендеуі мен көктайғақтың пайда болу қаупіне байланысты Алматы тұрғындарына жолда сақтық шараларын сақтау және сапарын жоспарлау кезінде ауа райы жағдайын ескеру ұсынылады.