Алматыда жан-жақты жоспарлаудың жаңа жобаларында 200 шақырым веложолдар мен жаяу жүргіншілер аймақтарын құру қарастырылған
Алматы әкімдігі қаланың 2040 жылға дейінгі Бас жоспарына сәйкес әзірленген жан- жақты жоспарлаудың жаңа жобаларын қабылдады, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz
Жан-жақты жоспарлаудың жаңа жобаларын әзірлеушілердің басшылыққа алған қағидаттардың бірі-қалалық қозғалысқа қатысушылардың әрбір тобы үшін жеке инфрақұрылым, атап айтқанда тротуарлар, веложолдар, автомобиль жолдары, қоғамдық көлікке арналған бөлінген жолақтар құрылуы тиіс.
Мәселен, тарихи орталықта жаңа жобалар бойынша жаяу жүргіншілер аумағы қалпына келтіріледі, ал қалған аудандарда жаяу жүргіншілер байланысы жүйесі жолға қойылады – 2030 жылға қарай Алматыда қосымша 200 шақырым жаяу жүргіншілер аймақтары мен веложолдар құрылатын болады.
Жалпы, жаңа жобада табиғи кешендер – Медеу шатқалы, Баум тоғайы, Сайран көлі, Боралдай тоғандары, Іле-Алатау табиғи паркінің аумағы және т.б. арасында жасыл дәліздер құру көзделген.
Үлкен және Кіші Алматы, Есентай өзендерінің жағалауларын абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары аяқталады, ҮАК бойында демалыс аймағы және басқа да жасыл дәліздер құрылады. Орман-саябақ аймағы Көкқайнар кентінің шығысында, Шаңырақ 1 және 2 шағынаудандары арасындағы сайлы аймақта, жаңа желілік саябақ – «Батыс» полиорталығы пайда болуы тиіс. Құлжа трактісі мен Бұқтырма көшесінің қиылысында (Әуежайға барар жолда)аумағы 120 га табиғи аумақты көл және екі өзен жағалауымен қоса абаттандыру жалғасады.
Бұдан басқа, Алматының кешенді көлік сызбасын (ККС) әзірлеу аясында велосипед көлігі инфрақұрылымын дамытудың нақты бағдарламасы қалыптастырылуда. Вело-инфрақұрылымды кеңейту бойынша жобаларды іске асыруды бастау ағымдағы жылға жоспарланған. 2024 жылы шамамен 20 шақырым көше үшін жобаларды әзірлеу және іске асыру жоспарлануда.
Веложолақтардың ұзақтығы және жобаларды іске асыру мерзімдері жобалау-сметалық құжаттаманы (ЖСҚ) әзірлеген соң және нақты жобаға сараптаманың оң қорытындысын алғаннан кейін айқындалатын болады.
Еске салсақ, Бас жоспарда мегаполисті дамытудың моноорталық моделінен полиоралық модельге көшу қағидаты бар. Осылайша, 2030 жылға дейін 5 полиорталықтар құрылатын болады-олар арнайы аймақтар, қоғамдық және іскерлік белсенділік орталықтары: «Шығыс қақпасы», «Тарихи орталық», «Солтүстік», «Оңтүстік-батыс», «Батыс».