Алматыда газды қауіпсіз пайдалану мен үздіксіз газбен жабдықтауды қамтамасыз ету жұмысы жалғасып жатыр.
Газ тарату желілерінің жағдайы мен жылыту маусымындағы профилактикалық іс-шаралар туралы Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «QazaqGaz Aimaq» АҚ Алматы өндірістік бөлімшесінің өндірістік-техникалық бөлімінің басшысы Айбек Қасымов айтып берді, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
«QazaqGaz Aimaq» АҚ Алматы өндірістік бөлімшесі Алматы мен облыстағы жоғары, орта және төмен қысымды жер асты және жер үсті газ құбырын, сондай-ақ оларға тиесілі нысандарды қауіпсіз әрі апатсыз пайдалануды қамтамасыз етеді.
Кәсіпорын мамандары газ реттеу пункттерін, жапқыш арматураларды, газ құдықтары мен электрохимиялық қорғаныс құралдарын жөндеу мен қызмет көрсету жұмысымен айналысады. Сонымен қатар қызметкерлер төтенше жағдай мен апаттарды оқшаулау және жою, жаңа газ құбырын желіге қосу, сондай-ақ газды ажырату, алғашқы және қайта іске қосу мен газ құбырлары учаскелерін үрлеу жұмысын жүргізеді.
«Бөлімшеміздің негізгі міндеті — газ тарату желілерін қауіпсіз әрі апатсыз пайдалануды қамтамасыз ету. Біз әртүрлі қысымдағы газ құбырларына қызмет көрсетіп, олардың техникалық жағдайын бақылап, уақтылы жөндеу отырамыз.
Сондай-ақ мамандарымыз ықтимал оқиғалар мен апаттарды жоюға қатысады, қажет болған жағдайда жаңа газ құбырын қолданыстағы жүйеге қосады. Мұның барлығы Алматы тұрғындарын газбен үздіксіз әрі қауіпсіз қамтамасыз етуге бағытталған», — дейді Айбек Қасымов.
Бүгінде Алматы өндірістік бөлімшесі қалада 4 855 шақырым газ тарату желілерін пайдаланып отыр. Жүйенің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін инвестициялық бағдарлама әзірленген. Оның аясында 2024 жылы 26,88 шақырым газ құбыры жаңғыртылды, дәл осындай көлемдегі жұмыс былтыр да атқарылды. Биыл 36,494 шақырым газ құбырын қайта жаңғыртпақшы.
Халықпен жүргізілетін профилактикалық жұмысқа да ерекше көңіл бөлінеді. Жыл сайын мамандар абоненттерге жадынама таратып, бұқаралық ақпарат құралдарында ақпараттық материалдар жариялайды. Сондай-ақ әлеуметтік бейнероликтер Алматы метрополитенінде көрсетіледі. Бұдан бөлек, «112» бірыңғай диспетчерлік қызметі арқылы тұрғындарға тұрмыста газды қауіпсіз пайдалану ережелері туралы қысқа SMS-хабарламалар жіберіледі.
«Газды пайдалану қауіпсіздігі көп жағдайда тұтынушылардың өзіне де байланысты. Біз тұрақты түрде түсіндіру жұмысын жүргізіп, жадынама таратып, газ жабдықтарын пайдалану ережелерін түсіндіреміз. Сонымен қатар ТЖБ қызметкерлерімен бірге тұрғын үйлерді аралаймыз, әсіресе әлеуметтік осал топтар тұратын үйлерге барамыз. Мұндай сапар барысында газдың шығуын анықтайтын сигнализаторлар орнатылып, газды қауіпсіз пайдалану бойынша ұсыныс беріледі», — деді спикер.
Сонымен қатар тұрғындарды үй ішіндегі газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсету жөнінде келісімшарт жасау қажеттігі туралы ақпараттандыру жұмыстары жүргізілуде. Былтыр абоненттерге 33 617 хабарлама таратылған. Биылдың өзінде шамамен 2,5 мыңға жуық осындай ескерту жеткізілді.
Мамандардың айтуынша, газ жабдықтарын пайдалану ережелерін сақтау және уақтылы техникалық қызмет көрсету — тұрмыста газды қауіпсіз қолданудың негізгі шарттары болып қала береді.