Қазақстандағы ЭКҰ әдісінің қалыптасу кезеңдерін қамтитын мұрағаттық кадрлар негізінде түсірілген деректі фильм көрсетілді, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Қазақстанда экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКҰ) әдісімен дүниеге келген алғашқы қыз араға 30 жыл салып Лондоннан Алматыға оралды. Юлианна Пермякова отандық репродуктивті медицинаның тарихында есімі қалған «Экомед» клиникасының негізін қалаушыларымен және өзінің өмірге келуіне себепші болған дәрігерлермен алғаш рет жүздесті. Тарихи кездесуге орай Алматыда Қазақстандағы қосалқы репродуктивті технологиялардың 30 жылдығына арналған баспасөз конференциясы өтті.
Жиында елімізде ЭКҰ әдісінің қалыптасу кезеңдері, алғашқы тәжірибелер мен осы уақыт аралығында қол жеткізілген жетістіктер сөз болды. Басты назар репродуктивті технологиялардың дамуына ғана емес, оның арқасында көптен күткен сәбиін құшағына басқан мыңдаған отбасының қуанышына аударылды.

Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы медицина тарихында айрықша орны бар бұл бастама 1995 жылдың 18 сәуірінде құрылған шағын зертханадан басталды. Сол кезде санаулы маманның табандылығы мен өз ісіне деген сенімінің арқасында елімізде медицинаның жаңа бағыты – репродуктивті технологиялардың негізі қаланды. Дәл осы зертханада ЭКҰ әдісімен дүниеге келген алғашқы қазақстандық қыздың өмірге келуіне мүмкіндік туды.
Еліміздегі экстракорпоральды ұрықтандыру әдісінің негізін қалаушы Салтанат Байқошқарова мен оның ізбасарлары отандық репродуктивті медицинаның алғашқы қадамдары мен қалыптасу жолындағы қиындықтарды еске алды.
– Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында түрлі сала өкілі ел дамуына қосқан үлесі мен жүріп өткен жолы туралы естеліктерін бөлісіп жатыр. Біз де отандық репродуктивті медицинаның қалыптасу тарихын көрсетіп, осы бағыттағы еңбегімізді танытқымыз келді. Мамандар ретінде өткен жолымызды, оңай болмаған кезеңдерді, ЭКҰ әдісінің алғашқы қадамдары мен бүгінгі жетістіктерін тағы бір мәрте баяндауды жөн көрдік. Сонымен қатар клиникамыздың қоғам үшін маңызын көрсетуді мақсат еттік, – деді Салтанат Байқошқарова.
Іс-шара барысында Қазақстандағы ЭКҰ әдісінің қалыптасу кезеңдерін қамтитын мұрағаттық кадрлар негізінде түсірілген деректі фильм көрсетілді. Көрермен алғашқы технологияларды енгізу барысымен танысып, осы әдістің арқасында ата-ана атанған отбасылардың тағдырына үңілді.

Одан кейін «Экомед» клиникалар желісінің құрылтайшысы Батыр Бекмұсаев қонақтарға медициналық орталықтың инфрақұрылымы мен негізгі бөлімшелерін таныстырды. Қатысушылар болашақ сәбилердің өмірге келуіне негіз болатын эмбриологиялық зертхананың жұмысын да көрді.
– Үш кабинеттен тұратын шағын зертхана отыз жыл ішінде репродуктивті медицина клиникаларының желісіне айналды. Осы уақыт аралығында еліміз үшін жүздеген білікті маман – репродуктолог даярланды. Олардың еңбегінің нәтижесінде 30 мыңға жуық баланың өмірге келуіне мүмкіндік жасалды. «Экомед» бедеулік мәселесімен бетпе-бет келген көптеген жұп үшін үміт сыйлайтын орталыққа айналды. Бүгінде бұл – әлемдік стандарттарға сай жұмыс істеп, қосалқы репродуктивті технологиялардың озық әдістерін енгізіп келе жатқан ғылыми-тәжірибелік орталық. Қазір желінің Қазақстанның 12 қаласында 14 клиникасы бар, – деді Батыр Бекмұсаев.
Баспасөз конференциясының ең әсерлі сәті – Юлианна Пермякованың көпшілікпен жүздесуі болды. Қазір Лондонда тұратын Юлианна Оксфорд университетін тәмамдап, баспа ісі саласында еңбек етеді. Ол отыз жыл бойы өзінің өмірге келу тарихын көпшілікке жария етпей, отбасымен бірге жеке өмірін құпия ұстаған.
ЭКҰ әдісімен дүниеге келгенін Юлианна есейген шағында білген. Ал арада жылдар өткенде өзін өмірге әкелуге атсалысқан мамандармен жүздесудің сәті түсті.
– ЭКҰ әдісінің арқасында дүниеге келгенімді есейген шағымда білдім. Сол кезде бұл әдіске сеніп, нәтижесіне үміт артқан адамдарға алғысым шексіз. Арада 30 жыл өткен соң осында келіп, олармен жүздесу мен үшін ерекше әсерлі сәт. Менің тарихым дәл қазір осы жолдан өтіп жатқан отбасыларға үміт сыйласа екен деймін, – деді Юлианна Пермякова.
Оның ата-анасы Валерий мен Лариса Пермяковаға ЭКҰ бағдарламасын 1995 жылы Алматыда эмбриолог Салтанат Байқошқарова мен акушер-гинеколог Татьяна Копылова жүргізген. Бір қызығы, жүктілік алғашқы талпыныстан-ақ сәтті аяқталған.
– Отыз жыл бұрын Қазақстан үшін бұл мүлде жаңа әдіс еді. Оның нәтижелі болатынына сенгендер аз болды. Бүгінде алдымызда Оксфорд университетін тәмамдаған, өз жолын тапқан ересек қыз отыр. Біз Юлианнамен мақтанамыз. Сол кезде де, қазір де бізге сенім артқан отбасыға алғысымыз шексіз, – деді Қазақстандағы ЭКҰ әдісінің негізін қалаушы, биология ғылымының докторы, профессор, «Экомед» клиникалар тобы мен NGC Халықаралық репродукция орталығының ғылыми директоры Салтанат Байқошқарова.
Ал Юлианнаның дүниеге келуіне тікелей атсалысқан акушер-гинеколог, жоғары санатты дәрігер, гинеколог-эндокринолог, репродуктолог Татьяна Копылова сол күндерді тебіреніспен еске алды.
– Пациентіміздің жүкті болғанын естігенде, өзім ана атанатындай қатты қуандым. Ол кезде тіпті кейбір әріптестеріміз де бұл жаңалыққа бірден сене қойған жоқ. Ал бүгін Юлианнаны өз көзімізбен көріп отырмыз. Біздің еңбегіміздің мәні де, ең үлкен бақытымыз да – осы, – деді дәрігер.
Іс-шараға ресми тұлғалар, медициналық қауымдастық өкілдері, клиника серіктестері және ЭКҰ әдісінің көмегімен ата-ана атанған отбасылар қатысты. Олардың арасында бүгінде есейіп, өз алдына өмір жолын қалыптастырған балалар да болды.
Отыз жыл бұрын үш кабинеттен басталған шағын зертхананың бүгінгі жетістігі – тек медициналық технологияның даму көрсеткіші емес. Бұл – үмітін үзбеген отбасылардың қуанышы, ғылымға сенген мамандардың табандылығы және бір кездері мүмкін емес көрінген арманның ақиқатқа айналғанының айғағы.
Дана САДЫРҚАН