Тиісті курстарды аяқтаған сарбаздарға қосымша біліктілікті меңгергенін растайтын сертификаттар табысталды, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматы гарнизонының 78460 әскери бөлімінде борышын өтеп жүрген 73 сарбаз Sarbaz+ пилоттық жобасы аясында әскери қызметін тәмамдады.
Бір жыл ішінде сарбаздар IT саласы бойынша қосымша біліктілікті меңгеріп, QLang платформасында ағылшын тілін үйрену арқылы базалық білім алып, практикалық дағдыларды меңгерді.
Оқыту бағдарламасы Cisco желілік технологияларын, бағдарламалауды, киберқауіпсіздікті, жасанды интеллект пен деректерді талдауды қамтыды. Сабақтар Astana Hub IT мектебінің және басқа да білім беру ұйымдарының қатысуымен өткізілді.
Әскери қызметшілерді даярлау үшін бөлімде арнайы IT-сыныптар жабдықталып, ұшқышсыз ұшатын құрылғыларды басқару және заманауи радиобайланыс құралдарымен жұмыс істеу бойынша оқыту ұйымдастырылды. Тиісті курстарды аяқтаған сарбаздарға қосымша біліктілікті меңгергенін растайтын сертификаттар табысталды.
Жобада жақсы нәтиже көрсеткендердің бірі – Мирас Тұрлыбеков. Әскерде жүріп ол IT бағыттары, ағылшын тілі және басқа да пәндер бойынша тоғыз сертификат алды. Сонымен қатар ұшқышсыз ұшатын құрылғыларды басқаруды меңгерді. Әскери борышын адал атқарғаны үшін оған «кіші сержант» әскери атағы берілді.
– Барлық бағыттың ішінде мені деректерді талдау мен киберқауіпсіздік ерекше қызықтырды. Запасқа шығарылғаннан кейін алған дағдыларымды дамытып, кәсіпте қолдануды жоспарлап отырмын, – деді жоба түлегі М. Тұрлыбеков.
Әскери бөлімде спортпен шұғылдануға да жағдай жасалған. Жаттығу залдары, футбол алаңы, стритбол және воркаут алаңдары жабдықталған. Бұдан басқа кітапхана мен шахмат үйірмесі жұмыс істейді. Әскери қызметшілердің эмоционалдық-психологиялық жағдайын қалпына келтіруге арналған арнайы бөлмелер де қарастырылған.
Sarbaz+ жобасының алғашқы түлектері мерзімді әскери қызмет әскери даярлықтың маңызды кезеңі ғана емес, сонымен қатар жастар үшін қажетті білім алып, жаңа дағдыларды үйренуге және болашақта кәсіби әрі тұлғалық дамудың негізін қалауға мүмкіндік беретінін көрсетті.