Алматыда автотұрақ тарифі өзгереді: жүргізушілер нені білуі керек
Алматыдағы коммуналдық ақылы автотұрақтарда 4 қазаннан бастап көлік қозғалысының қарқыны мен тұрақ орындарына сұранысқа қарай сараланған жаңа тарифтер қолданысқа енгізіледі. Тиісті шешімді қалалық мәслихат сессиясында депутаттар қолдады.
Алматының Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігін басқармасының мәліметінше, қолданыстағы сағатына 100 теңге тарифі 2016 жылдан бері өзгерген жоқ. Соңғы он жылда қаладағы көлік саны 1 миллионнан асты. Бұл көше-жол желісі мен автотұрақтарға түсетін жүктемені айтарлықтай арттырды.
Өзгерістердің негізгі мақсаты – бос автотұрақ орындарының қолжетімділігін қамтамасыз етіп, қала тұрғындары мен қонақтарына тұрақ қоюды ыңғайлы ету. Қазір жүргізушілер автотұрақ іздеуге көп уақыт жұмсайды. Бұл өз кезегінде жолдағы көлік қозғалысына қосымша салмақ түсіреді.
Жаңа тәртіпке сәйкес, көлік қозғалысы салыстырмалы түрде төмен учаскелерде тариф бұрынғыдай сағатына 100 теңге болып қалады. Автотұрақтарға сұраныс орташа аумақтарда сағатына 150 теңге белгіленеді. Ал тұрақ орындары тапшы әрі көлік қозғалысы жоғары, сұраныс ең көп аймақтарда тариф сағатына 200 теңге болады.
Бұл ретте іргелес үйлердің тұрғындары тұрғылықты жері бойынша автотұрақтарды тегін пайдалана алады. Ақылы автотұрақтар орналасқан аумақта тұратын тұрғын үй иелері үйіне жақын орналасқан таңдалған автотұрақта бір көлікті тегін қоюға арнайы рұқсат рәсімдей алады. Сондай-ақ пайдаланушылардың кейбір санатына қарастырылған жеңілдіктер сақталады.
Сараланған тарифті енгізу автотұрақ орындарының айналымын арттырып, бос орын іздеуге кететін уақытты қысқартуға мүмкіндік бермек. Сонымен қатар бұл өзгерістер аялдау және тұраққа қою ережелерін бұзу жағдайын азайтып, қалалық автотұрақ кеңістігін тиімді пайдалануға ықпал етпек.