Алматыда 274 мыңнан астам мектеп оқушысы мен колледж студенті психодиагностикалық мониторингтен өтті, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Қалалық Білім басқармасы жанындағы Психологиялық қолдау орталығы балаларға, ата-аналар мен педагогтерге көмек көрсетіп жатыр. Өткен оқу жылында мамандар кеңес беріп, ондаған шұғыл көшпелі іс-шара ұйымдастырып, жасөспірімдердің мінез-құлқы мен көңіл-күйіндегі өзгерісті ерте анықтауға арналған цифрлық құралдарды дамытуды қолға алған. Өңірлік коммуникациялар қызметінде Алматыдағы Білім басқармасының «Психологиялық қолдау орталығы» КММ директоры Венера Коканова орталықтың осы қызметі туралы баяндады.
Спикердің айтуынша, қазір кәмелетке толмағандарға ерекше көңіл бөлмесе болмайды екен, себебі жасөспірімдер арасында мазасызданып, буллингке ұрынып, көңіл-күйі болмай жүргендер көбейген. Осы бағыттағы жүйелі жұмысты ұйымдастыру үшін Алматы әкімдігінің қаулысымен 2024 жылы Психологиялық қолдау орталығы құрылып, ол қала мектептері мен колледждердегі психологиялық қызметтің жұмысын үйлестіре бастапты.
«Қазір балалар мен жасөспірімдер қиындыққа тап болып, үй-ішіндегі жанжалда не істерін білмей басы қататын жағдайға жиі тап болады. Сондықтан біздің басты міндетіміз осындай дағдарыс кезінде ғана әрекет ету емес, көмекке мұқтаж балаларды ерте анықтап, оларды қолдау жүйесін де қалыптастыру. Біз психологиялық көмектің әр бала мен ата-анаға қолжетімді әрі түсінікті болғанын қалаймыз», — деп толықтырды Венера Коканова.
Орталық Алматы қаласындағы Панфилов көшесі, 59 мекенжайында орналасқан. Мұнда мамандардың кабинеті, конференц-зал жабдықталған, шұғыл әрекет ететін мобильді топ та жұмыс істейді. Мекеменің құрылымына әдістемелік және психологиялық жұмыс бөлімдері, шұғыл әрекет ету секторы мен қашықтан кеңес беретін «Сенім телефоны» секторы да кіреді.
Қазір Алматының білім беру жүйесінде 498 педагог-психолог мектептерде, 24 маман колледждерде, 11 маман интернаттық ұйымдарда жұмыс істейді. Кадрлардың 64%-дан астамы жас мамандар, оларға кәсіби қолдау қажет.
Психологиялық көмекті цифрландыру негізгі бағыттың біріне айналды. Мектеп пен колледжде «Жанұя» мен «WeGlobal.ai» платформасы енгізіліп, олар қағаз тестілерсіз психодиагностика жүргізіп, балалардың көңіл-күйіне қатысты бірыңғай деректер базасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
«Цифрлық шешімдер қауіп-қатері жылдам анықтап, кәмелетке толмағандардың жағдайын объективті бағалауға мүмкіндік береді. Автоматтандырылған платформалардың арқасында субъективті фактор азайып, қала бойынша жағдайды жүйелі талдау мүмкіндігіне ие болдық. Бұл мамандарды дер кезінде тартып, қолдауды қажет ететін балаларды сүйемелдеуге көмектеседі», — деп атап өтті орталық директоры.
Психодиагностикалық мониторингпен қазірдің өзінде 274 мыңнан астам кәмелетке толмаған бала қамтылды. 38 444 балада мамандар әлеуметтік-тұлғалық бейімделмеу белгілерін анықтады. Алғашқы түзету жұмысынан соң 674 жасөспірім психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу тобына енгізілді.
2025–2026 оқу жылының басынан бері орталық мамандары 2 667 консультация өткізді. Балалар мен ата-аналар көбіне мазасыздық, буллинг, отбасылық жанжал мен әлеуметтік бейімделудің қиындығына шағымданған. Әр оқиға бойынша мектеппен, медициналық ұйымдармен, профилактикалық қызметтермен бірлесіп жеке сүйемелдеу жоспары әзірленді.
Сонымен қатар, орталықтың мобильді тобы 54 шұғыл көшпелі іс-шара ұйымдастырып, 3 700-ден астам бетпе-бет консультация өткізді. Мамандардың жедел жұмысының арқасында жасөспірімдер арасындағы ауыр дағдарыстық жағдайдың алдын алу мүмкін болды. Барлық мектеп пен колледжде «111» көмек қызметінің және орталықтың сенім телефонының QR-коды орналасқан. Былтырғы қыркүйек пен биылғы сәуір аралығында балалардан, ата-аналар мен педагогтерден 7 664 өтініш келіп түсіпті.
«Баланың психологиялық көмекке жүгіну қалыпты жағдай екенін түсінуі керек. Балалар қазір іштегі уайымын айтып, өз бетінше көмек сұрай бастады. Біздің міндетіміз — жасөспірім өзін тыңдайтын, қорықпай білікті көмек ала алатын қауіпсіз орта қалыптастыру», — дейді Венера Коканова.
Мамандардың біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінген. 2025–2026 оқу жылында 450 педагог-психолог «Өркен» балалардың әл-ауқатын ұлттық ғылыми-практикалық институтында оқудан өтті. Тағы 37 маман Финляндия, Эстония және Швецияда тағылымдамадан өтіп, мектеп психологиясы мен буллингке қарсы бағдарламалардың заманауи тәсілдерін зерттеді.
Мамандарды кәсіби қолдау мақсатында Алматы мектеп психологтарының қауымдастығы құрылып, оған 350 адам бірікті. Сонымен қатар, орталық жоғары оқу орындарымен, медициналық ұйымдармен, құқық қорғау органдарымен, прокуратурамен және халықаралық серіктестермен ынтымақтастық орнатқан.
Қалада «Саналы ата-ана», «Жас педагог-психолог мектебі», эмоционалдық тұрақтылықты дамыту және қауіпсіз мектеп ортасын қалыптастыру бағдарламалары жүзеге асырылып жатыр. Профилактикалық жұмыстарға ата-аналар да белсене тартылды: Алматыда 1 582 адамнан тұратын ата-аналар комитеті жұмыс істейді, кездесу мен жиналыстар аясында мамандар 27 мыңнан астам ата-ананы қамтыды.
«Баланың психологиялық қауіпсіздігі — тек мектептің ғана емес, отбасының, денсаулық сақтау жүйесінің және жалпы қоғамның жауапкершілігі. Тек бірлескен жұмыс қана жасөспірімдердің мінез-құлқындағы өзгерісті дер кезінде байқап, оларға қиындықты еңсеруге көмектеседі. Біз дағдарыстардың алдын алып, балалардың әл-ауқатын сақтауға бағытталған кешенді қолдау жүйесін дамытуды жалғастырамыз», — деп қорытындылады спикер.
2026–2027 оқу жылында орталық психоэмоционалдық тәуекелдерді ерте анықтауға арналған «Emdeu AI+» жаңа платформасын енгізуді, «Тең — теңіне» жасөспірімдердің өзара көмек жобасын іске қосуды, сондай-ақ әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен бірлесіп «Ата-аналар академиясын» дамытуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, Қазақстандағы ЮНИСЕФ ұйымымен бірлесіп, 2029 жылға дейін балалар мен жасөспірімдер арасындағы дағдарыстың алдын алу жүйесін дамытатын арнаулы іс-шаралар әзірленбек.