Бүгін ақын, Қазақстанның Халық жазушысы, Еңбек Ері, қоғам қайраткері, дипломат әрі түркі әлемінің көрнекті ойшылы Олжас Сүлейменов 90 жасқа толып отыр, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Олжас Сүлейменовтің есімі отандық әдебиет тарихы мен еліміздің мәдени дамуында айрықша орын алады. Оның шығармашылығы, азаматтық ұстанымы және кең ауқымды ағартушылық қызметі – халыққа, елге және бейбітшілік мұраттарына адал қызмет етудің жарқын үлгісі.
Олжас Сүлейменов – сөзі әдебиет шеңберінен әлдеқайда асып, тұтас қоғамдық ойға ықпал еткен тұлғалардың бірі. «Аз и Я» секілді іргелі еңбектері арқылы ол ұлттық тарих, тіл және рухани мұра мәселелерін терең зерделеп, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің әлемдік деңгейде танылуына зор үлес қосты.
Оның қоғамдық қызметі де ерекше мәнге ие. Бұл ретте халықаралық «Невада – Семей» антиядролық қозғалысын құру бастамасының орны бөлек. Аталған қозғалыс жоғары азаматтық жауапкершіліктің, бейбітшілікке ұмтылыстың және адамзат болашағын қорғаудың символына айналып, халықаралық қоғамдастық тарапынан кеңінен мойындалды.
Осындай бірегей тұлғалардың мұрасын сақтау және насихаттау – мемлекеттің мәдени саясатының маңызды бағыттарының бірі. Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Олжас Сүлейменовтің шығармашылық мұрасын дәріптеу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Бұған дейін жазушының қазақ және орыс тілдеріндегі он томдық шығармалар жинағы жарық көріп, оқырманға жол тартты.
Бұл жұмыс мерейтой жылында да жалғасын табады. Жыл соңына дейін «Олжас Сүлейменов. 90 жыл» және «Аз и Я» фотоальбомдарын шығару жоспарланып отыр. Кейін олар еліміздің барлық көпшілік кітапханаларына таратылады. Сонымен қатар республика көлемінде қаламгердің шығармашылығы мен қоғамдық қызметіне арналған түрлі іс-шаралар өтеді.
Олжас Сүлейменов – әдебиет, тарих, мәдениет және азаматтық жауапкершілік ұғымдарын тұтастырған бірегей тұлға. Оның еңбектері бүгінгі ұрпақты да шабыттандырып, ұлттық сөз өнеріне деген құрметті арттырып, қоғамның рухани дамуына қызмет етіп келеді.