Алматы Орталық Азиядағы жетекші туристік, іскерлік және оқиғалық орталық ретіндегі позициясын нығайтуға бағытталған ауқымды жобаларды кезең-кезеңімен жүзеге асырып, заманауи туристік экожүйені қалыптастырып келеді, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Жаңа қоғамдық кеңістіктер, заманауи қонақ үй кешендері мен көрме инфрақұрылымы туристер легін едәуір арттырып, халықаралық деңгейдегі іс-шараларды өткізу мүмкіндігін кеңейтеді.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Алматы қаласы Туризм басқармасының басшысы Ғалия Тоқсейітова айтты.
Туризмді дамыту стратегиясында іскерлік туризмге ерекше көңіл бөлінген. Осы мақсатта Алматыда халықаралық көрме, конгресс, форум және басқа да ірі іскерлік іс-шараларды өткізуге мүмкіндік беретін заманауи көрме орталығын салу жоспарланып отыр.
Ғалия Тоқсейітованың айтуынша, бүгінде қалада заманауи көрме алаңдарының тапшылығы байқалады. Бұл халықаралық ауқымды іс-шараларды тарту мүмкіндігін шектейді. Жаңа кешен әлемдік туристік индустриядағы ең табысты бағыттардың бірі саналатын MICE-туризм нарығында Алматының бәсекелік әлеуетін едәуір күшейтеді.
Болжам бойынша, көрме орталығы ашылған алғашқы жылдың өзінде шаһарға қосымша шамамен 50 мың турист келеді. Үшінші жылы бұл көрсеткіш 120 мыңға дейін өсіп, бес жылдан кейін жыл сайын 200 мың туристке жетпек.
Жобаның қала экономикасына мультипликативтік әсерін ескере отырып, оның экономикалық тиімділігі 75 миллион АҚШ долларынан асады деп бағаланып отыр.
Басқарма басшысы атап өткендей, іскерлік туризм жоғары экономикалық тиімділігімен ерекшеленеді. Халықаралық көрмеге, форум мен конференцияларға қатысатын бір адам тәулігіне орта есеппен 430 АҚШ долларын жұмсайды. Бұл күніне шамамен 70 АҚШ долларын жұмсайтын қарапайым туристің шығынынан алты еседен астам көп.
Ғалия Тоқсейітованың айтуынша, заманауи қоғамдық кеңістіктер мен іскерлік инфрақұрылымды дамыту көрме алаңдарының қазіргі тапшылығын жойып қана қоймай, Алматының халықаралық іскерлік іс-шараларды өткізу орталығы ретіндегі бәсекеге қабілеттілігін айтарлықтай арттырады.
Сөз соңында ол жүзеге асырылып жатқан барлық жоба қаланың туризм саласын дамытудың бірыңғай стратегиясының бір бөлігі екеніне тоқталды.
«Біз визит орталықтарды дамыту, әуежайды жаңғырту, жаңа қонақ үйлер салу, тау инфрақұрылымын көріктендіру, қоғамдық кеңістіктер мен іскерлік туризм нысандарын қалыптастыруды қамтитын заманауи туристік экожүйені жүйелі түрде дамытып келеміз. Басты мақсатымыз – Алматыны қонақтар үшін одан әрі жайлы, қауіпсіз әрі тартымды қалаға айналдыру, олардың қалада болу мерзімін ұлғайту және Алматының Орталық Азиядағы жетекші туристік орталық ретіндегі мәртебесін нығайту», – деді Ғалия Тоқсейітова.
Инфрақұрылымды кешенді дамыту туризм саласының тұрақты өсіміне, жаңа инвестиция тартуға және Алматының өңірдегі жетекші туристік әрі іскерлік орталықтардың бірі ретіндегі халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға берік негіз қалайды.