· 2024 жыл Алматы қаласының тұрғындары үшін даму мен жаңашылдықтың жарқын кезеңі болды. Қалада медицина, білім беру, тұрғын үй және қоғамдық кеңістіктерді дамыту салаларында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Тұрғындардың пікірі медициналық қызметтердің сапасының артуы, цифрлық технологиялардың енгізілуі, жастарға арналған тұрғын үй бағдарламалары және қоғамдық орындардың жаңғыртылуы сияқты бастамалардың тиімділігін растайды.
· Алматы тұрғындарының пікірлері – қаланың дамуына берілген баға ғана емес, сондай-ақ, халықтың игілігі үшін жасалған жұмыстардың тиімділігін көрсететін шынайы айғақ. Бұл оң өзгерістер Алматыны жаңа мүмкіндіктер қаласы ретінде танытты.
Айдана АСЫЛБЕК, болашақ дәрігер: АЛМАТЫ МЕДИЦИНАСЫНЫҢ МҮМКІНДІГІ ЖОҒАРЫ
– Мен әзірге студентпін. Бірақ мамандығыма сай медицинадағы тың жаңалықтарға құлақ түріп жүремін. Медициналық қызметтердің сапасын арттыру – әлеуметтік тұрақтылықтың кепілі. Биыл жазда елімізде алғаш рет "ұрық хирургиясы" пилоттық жобасы енгізілді. Бұл, егер құрсақта жатқан шарананың дамуында кінәрат болса, соны емдейтін жаңа инновация. Бұл операция ең алғаш заманауи медициналық аппараттармен жабдықталған Алматы клиникасында жасалды. Енді бізде жылына 150-ге дейін жатырішілік операция жасауға болатын көрінеді. Бұл дегеніңіз ең үлкен озық жетістік!
Самал ҚАЛДЫБЕК, студент: КІТАПХАНАЛАР 24/7 КҮН ІСТЕЙДІ
– Қазір Алматы кітапханаларының күнімен, түнімен, яғни 24/7 қағидатымен жұмыс істейтіні ұнайды. Күндіз сабақта, түрлі әдеби-мәдени іс-шараларда боламыз да, кешке кітапханаларға баруға үлгермей қалып жататынбыз. Қазір іздегеніңнің бәрі интернетте тұр, дегенмен, кітапхананың аурасы бөлек. Алатын ақпаратың да сенімдірек. Мен, мәселен, Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасына жиі барамын. Іші сондай жайлы, жап-жарық, еңселі. Тыныш қана отырып кітап оқитын аймағы бөлек. Ал достарыңмен әлдебір тақырыпта пікірталастыру қажет болса, оған бөлек аймақ арналған. Ешкім ешкімге кедергі жасамайды. Тіпті, кітапханада кездесіп, табысып, шаңырақ көтеріп жатқан таныстарым бар. Бізге рухани бай ұрпақ керек деп ойлаймын.
Гүлнұр ӘБІЛҚАСЫМОВА, мұғалім: ЦИФРЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР – БІЛІМ САПАСЫН АРТТЫРАДЫ
– 2024 жылы қала мектептері цифрлық платформалармен толықтай жабдықталды. Бұл мұғалімдердің жұмысын айтарлықтай жеңілдетті. Енді күнделікті сабақтарды интерактивті тақталар арқылы өткіземіз, электрондық күнделік жүйесі ата-аналармен байланыс орнатуға көмектеседі. Білім беру процесінің цифрлануы оқушылардың білім сапасын арттыруға үлесін қосып, мұғалімдердің уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді. Осындай жаңашылдықтар үшін алғысымды білдіремін.
Ақзер ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ, қала тұрғыны: КӨПТЕН КҮТКЕН ПӘТЕРІМІЗДІ АЛДЫҚ
– Биыл біздің отбасымыз үшін ерекше жыл болды.Көптеген жақсы жаңалықтармен аяқталып жатқан жыл болып тұр.Ең қуантарлығы, тұрғын үй құрылысына арналған мемлекеттік бағдарламаның арқасында Алматыдан көптен күткен пәтерімізді алдық. Мемлекеттік қолдаудың арқасында жас мамандарға арналған бағдарламаның шарттары біз үшін өте қолайлы болды. Бұл тек баспана ғана емес, сонымен бірге отбасымыз үшін үлкен жетістік. Осындай жобалар жастарға өз болашағын қалада құруға үлкен мотивация береді. Бұрын жалдамалы баспанада тұрып, шығындарымыз көбейіп кететін. Енді өз үйімізде тұрып жатырмыз, бұл біз үшін үлкен қуаныш. Қаланың әр ауданында осындай қолжетімді тұрғын үйлердің салынып жатқаны өте жақсы бастама деп ойлаймын. Бұл көптеген отбасыларға жайлы өмір сүру мүмкіндігін сыйлап отыр.
Әсел НҰРҒАЗИНА, Алмалы ауданының тұрғыны: ТАМАША ЖОБА
– Біз үшін биыл ерекше жыл жолды. Розыбакиев көшесі мен Дүйсенов көшелері қиылысы бұрын жабайы сауда мен ретсіз көлік тұрағының ордасы болған еді. Қазір ол жерде «Шипа Дент» деген атаумен саябақ пайда болды. Бұл саябаққа біз «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы арқылы қол жеткіздік. Азаматтық белсенділік пен жергілікті билік жүйесінің тиімділігін арттыратын тамаша жоба.
Жаңа жыл жақындаған сайын саябағымыз бұрынғыдан да керемет болып кетті. Жалт-жұлт еткен шамдар көңіл-күйіңді көтереді. Балалар да, біз де мәзбіз. Өйткені, мұнда бос уақытыңды өткізу үшін барлық жағдай жасалған, жаяу жүргіншілер жолы, балалар ойнайтын алаң, қолайлы орындықтар, тіпті суретке түсуге арналған арнайы аймақ та бар. Халық үнін естіп, өтінішімізге құлақ асқан қала билігіне, аудан әкімдігіне алғыс айтамыз.
Алтынай ЕРКІНҚЫЗЫ, М.Базарбаев атындағы №138 гимназияның мұғалімі: ЖАСТАРҒА ҚАМҚОРЛЫҚТЫ СЕЗІНДІМ
– 2024 жыл мен үшін ерекше жыл болды – «Алматы жастары» бағдарламасы арқылы өз баспанамды алып, арманым орындалды. Осындай маңызды әрі қолжетімді мүмкіндікті ұсынғаны үшін мемлекетке, жауапты мекемелерге және бағдарламаны жүзеге асырған барлық мамандарға алғысымды білдіремін. Бұл бастама жастарға үлкен қолдау көрсетіп, өз болашағын сенімді түрде жоспарлауға көмектеседі. Алматы – мен үшін жаңа бастамалар мен мүмкіндіктер қаласы. Енді өз үйімде жаңа армандар мен мақсаттарды жүзеге асыруға асықпын. Елімізде осындай игі істер көбейе берсін.
· ТҮЙІН: Алматы – әрбір тұрғынының өмірін жақсартуға бағытталған қала. Биылғы жылы қол жеткізілген жетістіктер – бұл тек қала басшылығының емес, азаматтық қоғамның да белсенді үлесінің нәтижесі. Медицина, білім беру, тұрғын үй мәселелері және қоғамдық кеңістіктерді жақсарту бойынша іске асырылған жобалар қала тұрғындарының сенімі мен қолдауына ие болды. Бұл өзгерістер Алматының әлеуметтік тұрақтылық пен инновациялардың орталығы ретіндегі мәртебесін нығайтып, оның болашаққа деген сенімді қадам жасап келе жатқанын көрсетеді. Халық игілігіне бағытталған осындай бастамалар одан әрі жалғасып, жаңа биіктерді бағындыруға негіз болмақ. Алматы – баршаға ортақ жетістіктер мен мүмкіндіктер қаласы.