Сирек кездесетін тамыр патологиясы бар қазақстандық балалар енді шетелге шыкпай-ақ, өз елімізде емделе алады, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Елімізде алғаш рет күрделі тамыр мальформациясы бар балаларды шетелде ғана қолданылып келген әдіспен емдеу қолға алынды. Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында алғашқы сегіз балаға ота жасалды. Енді орталық жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінен 50-ге дейін баланы қабылдай алады.
«Өмірге дем берейік» жобасы 2025-2026 жылдары Almaty Marathon қайырымдылық бастамаларының бірі болды. Жобаны «Бірінші болу батылдық» корпоративтік қоры мен AYALA қайырымдылық қоры ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен жүзеге асырды.
Елімізде жыл сайын 40-тан астам бала тамыр мальформациясымен, яғни қан тамырлары дамуының туа біткен ақауымен дүниеге келеді. Бұл ауру созылмалы ауырсыну мен қан кетуге себеп болады, ал ауыр жағдайларда баланың қозғалу мүмкіндігін шектейді. Бұған дейін аурудың күрделі түрлері бар балаларды емделу үшін шетелге жіберуге тура келетін. 2021-2024 жылдар аралығында мемлекет мұндай емге 437 млн теңгеден астам қаражат жұмсағанымен, жыл сайын небәрі 10-20 пациент қана көмек алатын. Енді отбасыларға шетелге барудың қажеті жоқ.
Электропорациямен склеротерапия деп аталатын жаңа әдіс дәрілік препаратты қысқа электр импульстерімен ұштастырады. Импульстер дәрінің зақымдалған тіндерге енуіне көмектеседі. Соның арқасында препараттың мөлшерін азайтуға және баланың ағзасына түсетін жүктемені төмендетуге болады.
Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы үшін италиялық Cliniporator Vitae жүйесі сатып алынды. Отандық төрт дәрігер тамыр мальформациясы саласындағы Еуропаның жетекші мамандарының бірі профессор Вальтер Вольгемуттың (Walter A. Wohlgemuth) жетекшілігімен арнайы дайындықтан өтті. Олар теориялық дайындықтан Германиядағы Галле университеттік клиникасында өтті, ал практикалық дағдыларын профессордың Алматыда өткізген шеберлік сабағында шыңдады. Алғашқы сегіз ота да осы шеберлік сабағы аясында жасалды.
«Қазір орталық қажетті жабдықпен қамтамасыз етіліп, мамандарымыз арнайы дайындықтан өткендіктен, күрделі тамыр мальформациясы бар балаларға диагностикадан бастап сауығу кезеңіне дейінгі барлық кезеңде өз күшімізбен медициналық көмек көрсете аламыз. Мұнда жыл сайын шамамен 80-100 емшара жүргізіледі, ал әр пациентке қажетті емдеу курстарының саны жеке анықталады», – дейді Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының Басқарма төрағасы Абай Құсайынов.
Келесі қадам жаңа әдісті тұрақты медициналық тәжірибеге енгізу үшін клиникалық хаттама мен тарифтерді бекіту.
«Тамыр мальформациясының ауқымды әрі күрделі түрлерінде дәстүрлі емдеу әдістері әрдайым тұрақты нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік бермейді. Жаңа технологияның енгізілуінің арқасында балалар енді шетелге шықпай-ақ, Қазақстанда ем ала алады. Бір орталықтың мүмкіндігі еліміздің түкпір-түкпірінен келген пациенттерге мамандандырылған медициналық көмек көрсетуге жеткілікті», – дейді Денсаулық сақтау министрлігі Ана мен бала денсаулығын қорғау департаменті директорының орынбасары Майра Бейсен.
«Өмірге дем берейік» жобасының жалпы құны 117,6 млн теңгені құрайды. Бұл мемлекет 2021-2024 жылдары балаларды шетелде емдеуге жұмсаған қаражаттан төрт есеге жуық аз.
«Біз балалардың отбасынан тым алыстамай-ақ, заманауи емді Қазақстанда алғанын қалаймыз. Сондықтан дәрігерлермен бірлесіп, қажетті жабдықты таңдап, мамандарды оқытуды ұйымдастырамыз. Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының бағалауынша, жаңа жүйе кемінде 10-15 жыл қызмет етеді және алғашқы он жылда шамамен мың емшара жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл біздің қайырымдылық жобамыздың басты нәтижесі. Almaty Marathon жарысына қатысып, сөреге шыққан әрбір жүгіруші осындай өзгерістерге өз үлесін қосады», – дейді «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қорының атқарушы директоры Салтанат Қазыбаева.
«Өмірге дем берейік» – қорлардың балалар денсаулығын сақтау саласындағы төртінші бірлескен жобасы. 2024 жылдан бері мұндай жобаларға 248,3 млн теңге бағытталды.
«Балалар медицинасында көп айтыла бермейтін, алайда осындай қиындыққа тап болған отбасылар үшін үлкен сынаққа айналатын мәселелер бар. Мұндай жобаларға қомақты қаражат қажет, дегенмен көмек салыстырмалы түрде аз ғана балаға керек болуы мүмкін. Біз осы орайда «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қорының қолдауын ерекше бағалаймыз. Қор біздің ортақ ұстанымымызды қолдайды: мұндай сирек кездесетін кеселдер баланың қажетті ем алу мүмкіндігін шектемеуі керек. Біз дәл осындай өзгерістер үшін жұмыс істейміз», – деп атап өтті AYALA қайырымдылық қорының негізін қалаушы әрі президенті Айдан Сүлейменова.
Бізге конференция болған күні баласына заманауи ота жасалған семейлік Жанар Серікбаевамен тілдесудің де сәті түсті. Қазір ғана күрделі отадан аман-есен шыққан ұлын біз де көрдік. Тілшілерге сұхбат беруге дайындалып тұрған қайран ана бұл сәтке толқып та қалды. Қуаныштың көз жасын бір сүртіп алды.
Ұлының диагнозы – беттің жартысы және көмейдегі тамыр мальформациясы. Осыдан жеті жыл бұрын баласын Астанада өмірге әкелгенде, бетіндегі ақауды көріп әбден қиналып, жүрегі қанжылаған екен. Алғашында сәбиге нақты диагноз қойылмаған. Астанадағы бет-жақсүйек хирургиясына апарғанында, бұл бізде емделмейтінін, Ресейге бару керектігін айтқан. Шетелдің атын естігенде тіпті қамығып қалғанын айтады. Дегенмен бала үшін шегінбеуім керек деп шешіп, Ресейдің белгілі профессоры, осы кеселді склеротерапиямен емдейтін Дмитрий Романов деген дәрігердің алдынан табылған. 2020-2025 аралығында сонда емделген.
«Мәскеуде бізге бірнеше операция жасалды. Былтыр соңғысында Романов: «Менің жұмысым сіздермен толықтай аяқталды. Мендегі техника әрі қарай көмей мальформациясына жете алмайды, сізге Германияға бару керек» деді. Шетел дегенді естіп мен тағы да абдырап, не істерімді білмей қалдым. Сол кезде Романовтың өзі Алматыда Әзиз Қармұқанұлы, Бегайдар Әділқадырұлы деген білікті дәрігерлерге жол сілтеді. Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына солай келдік. Елімізге жаңадан әкелінген қымбат аппаратпен жасалатын күрделі отаға, Германиядан келген дәрігердің «шеберлік сабағына» осылай іліктік. Алғысым шексіз барлық ақ халатты абзал жанға!» – деді жеті жасар Нұрсұлтанның анасы Жанар Серікбаева.
Айтпақшы, 2026-2027 жылдары қайырымдылық қорлары құны 160 млн теңге болатын бесінші бірлескен жобаны – «Әлемді көремін» бастамасының жаңа кезеңін іске асыруды жоспарлап отыр. Алматыдағы перинаталдық орталықтардың біріне Қазақстанда алғаш рет қолданылатын инфант-томограф орнатылады. Бұл аппарат шала туған нәрестенің торлы қабығын жансыздандырусыз әрі көзге жанастырмай, қабат-қабатымен зерттеп, ауруды ең ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде жыл сайын 700-ге жуық бала тексеруден өте алады.
Нұржамал ӘЛІШ