Алматы қаласы мемлекеттік архивінің қоры тағы бір құнды жәдігерлермен толықты. Архивтің №842 қор құрушысы, Қазақстан Республикасының Халық артисі, «Тамаша» ойын-сауық отауының тарланы, ұлағатты ұстаз, театр және кино актеры, көрнекті қоғам қайраткері Құдайберген Сұлтанбаевтың «Күлкі – өмірдің кілті» атты музей бұрышы ашылды.
Мәдени іс-шарада Асанәлі Әшімов, Болат Әбділманов, Жеңіс Ысқақова, Бақыт Тушаев, Әсет Иманғалиев сынды өнер жұлдыздары Құдайберген Сұлтанбаев туралы жүрек тебірентерлік естеліктерімен бөлісті. Музей бұрышына актердың әр жылдары алған жоғары марапаттары, құнды заттары, фотосуреттері, тіпті, карандашпен салған суреттері қойылған.
Құдайберген Сұлтанбаев есімін естігенде аға буынның көз алдына бірінші «Тамаша» келе қалатыны рас. Әсіресе, Тұңғышбай Жаманқұлов екеуінің тандемі, сахнадағы рөлдері ерекше еді. Бір ұзын, бір қысқа болып шыға келетін «Нағашы мен Жиен» әзілдеріне көрермен ұзақ қол соғушы еді. Өзі туып өскен Сыр өңірінің сыршыл әжелерінің тұлғасын сомдауы да ешкімді бей-жай қылдырмайтын. Сол ақжаулықты әжелер бейнесінен, өнебойы әзіл-қалжыңнан құралса да, мейірім, шуақ есіп тұратын.
Жалпы, оның өнерге келу жолы 23 жасында «Гүлдер» ән-би ансамблінен басталған. Әуелі төрт жылдай сахна жұмыскері, жарық беруші, одан кейін режиссердің көмекшісі болды. Қазақ мемлекеттік өнер институтының (қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының) театр факультетінде оқып жүріп осындай қосалқы жұмыстар істеп, өнердің қыр-сырына бойлай түседі.
Құдайберген Сұлтанбаевтың Әкемтеатр сахнасында жарқырауына Сәбира Майқанова, Асанәлі Әшімов, Әнуар Молдабеков, Сәбит Оразбаев, Қасым Жәкібаев сынды аға буын сахна шеберлерінің өнегесі бағдаршам болды. Талантты актер Ш.Айтматовтың «Ана, Жер – анасындағы» – Майсалбек, О.Бөкеевтің «Құлыным меніңдегі» – гитарист, Ә.Нұрпейісовтың «Қан мен теріндегі» – тілмаш, М.Әуезовтің «Айман-Шолпанындағы» – Жарас және басқа да көптеген бейнені шынайы өрнектей білді.
Кино әлемінде де ізі сайрап жатыр. Мәселен, отандық режиссер Рүстем Әбдіраштың «Қаладан келген қыз» фильмінде мектеп директоры рөлінде ойнады. Рүстемнің «Ауылым» атты картинасына да, қырғыз режиссері Болатбек Шәмшиевтің «Көктебедегі кездесу» туындысына да түсіп, көрермен ықыласына бөлінді.
Т.Жүргенов атындағы театр және өнер академиясында «Актерлік шеберлік» пәнінен сабақ беріп, талай жастың өнер деп соққан жүрегіне от берді.
Құдайберген Тәуекелұлы саясат сахнасында да айшықты қолтаңбасын қалдырды. Иә, халықтың қалауымен депутат атанып, Парламент төріне шығып, Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі ретінде осы саланың көптеген өзекті мәселесінің шешім табуына атсалысты.
***
Жеңіс ЫСҚАҚОВА, эстрада әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
– Бірде Құдайберген ағай екеуміз «Гүлдер» ансамблінің қырық жылдық концертін жүргіздік. Жалпы, ағаның қасында жүрсеңіз, өз-өзіңнен сондай бір әдемі толқынға ілесіп кете беретінің бар. Ол кісі сөйлегенде, солай сөйлеуге еліктейміз бе екен, еркіңнен тыс ілесіп, сөзден сөз төгіле кететіні бар. Сөйтіп сахнада келесі шығатын әнші Мадина Садуақасованы таныстыратын болдық. Құдайберген ағай «Қазақ өнерінде, «Гүлдердің» құрамында дарынды да әдемі жаңа буын өсіп келе жатыр. Ал, қарсы алыңыздар!» дейді де, сөз маған беріледі. Мен іліп әкетіп «Сахнада – Мәдина Садуақасова» деп хабарлауым керек. Ал менің шатасып, «Сахнада – Мәдина Ералиева» демесім бар ма! Мәдина кеткелі қай жыл! Зал гу өте қалды. Мәдина Садуақасова да не шығарын, не шықпасын білмей тосылып қалды. Құдайберген аға маған дем бергендей мейірімді жүзбен бір қарады. «Ал, ағайын, міне, бүгін дүбірлі той, елімізде «Гүлдер» ансамблінің қырық жылдығы аталып өтіп жатыр. Осыны сезген Мәдина апамның да сахнада рухы жүр-ау! «Ай, мені ұмытып кетпеңдер!» дегендей аузымызды байлап, бізді шатастырып жатқан болуы керек. Біз қалай ұмытамыз?! Міне, алдарыңызда – Мәдина Ералиеваның өзі сияқты сұп-сұлу сіңлісі Мәдина Садуақасова!» дедім. Құдайберген ағам маған риза кейіппен тағы бір көз тоқтатты. Осылай бір көзқарасымен-ақ дем беретін, ілестіріп әкететін қасиетке ие болған ағамызды қалай ұмытамыз?!
Бақыт ТУШАЕВ, шәкірті, актер, Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры директорының орынбасары:
– Құдайберген аға мен Дәкен апайдың он бес баласы бармыз. Өзінің екі баласын қосқанда, он бес баласы бірге жүрдік. Ол кісі бізге ұстаз ғана емес, әке де бола білді. Дәкен апамыздың қолынан талай дәм таттық. Мені үйінде жатқызып, шопырлыққа оқытып, жүргізуші куәлігін де өзі алып беріп, сосын мен ол кісінің шофері әлі шәкірті болып жүрдім. Еркелеп, кейде аудиториядан көрінбей кетсек, «анда-санда, қолдарың тигенде сабаққа келіп-кетіп тұрсаңдаршы, біз осында сабақ өтеміз ғой» дейтін марқұм ағам. 3-курста бізді Украинада өткен халықаралық тетар студенттерінің фестиваліне апарды. Бізге қаржылай демеушілік жасап, барлық шығынымызды өзі көтерген болатын. Сонда біз гран-при алып, ағайдың балаша қуанып, шаттанғаны әлі көз алдымда. Құдайберген аға жастардың кез-келген қадамын өте қатты қолдаған үлкен ұстаз біз үшін!
Әсет ИМАНҒАЛИЕВ, шәкірті, актер, Қазақстан Жастар одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты:
– Менің Құдайберген ағадан бір түйгенім, ол кісі ешқашан шәкіртке дауыс көтеріп ұрыспаған адам. Әрі ешкімді балағаттамаған. Жасыратыны жоқ, кейде ұйықтап қалып, сабаққа бармай қоямыз. Тағы бір жағдайларды сылтауратамыз дегендей. Бірақ ешқашан ол қателігімізді бетімізге басып қатты айтпайтын. Бір күні сабақ үстінде артқы партада отырған Бақыт ағайдың көзіне түспес үшін жамбастап алып ұйықтап жатыпты. Мызғып алайын деген болуы керек. Мен тура салдында сабақ айтып тұрмын. Бір кезде Құдайберген аға: «Әсет, жақсы, айналайын, жақсы, сен енді осы оқиғаны сол жағыңа қарай қисайып тұрып орындап берші», – деді. Мен түсінген жоқпын. «Неге десең, артқы жақта жамбастап жатқан Бақыттарға түзу көрінсін», – дегені. Сонда бұл кісі біздің ұйықтап отырғанымыздың өзін оқиғаға, әзілге айналдырып жіберетін. Құдайберген аға біздің мәңгі жүрегімізде.