Әділеттілік – тұрақты дамудың негізі

Әділеттілік – тұрақты дамудың негізі Сурет: жасанды интеллект

Елімізде соңғы жылдары әлеуметтік әділеттілік мәселесі күн тәртібінен түспей келеді. Табыс теңсіздігі, ресурстардың әділ бөлінбеуі, мүмкіндіктердің жалпыға бірдей қолжетімді еместігі қашанда ел арасына жік салып, сенім мен бірлікке сызат түсіретіні мәлім.

Қоғам бірлігі мен тұрақтылығы тек экономикалық өсіммен емес, әділдік пен тең мүмкіндіктерге негізделген саясатпен нығаяды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік әділеттілік қағидатын орнатуды президенттік қызметіндегі басты ұстанымдардың бірі ретінде айқындағаны мәлім.

Президент әділеттілік жоқ қоғамда тұрақты даму мүмкін емес екенін бірнеше рет баса айтты. Сонымен қатар, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған іргелі бағдарламалар ұсынды. Атап айтқанда:

- Ұлттық қордан балалардың есепшотына қаржы аудару. Бұл бастама ұлттық байлықты әділ бөлудің жарқын көрінісі екені даусыз.

- Әлеуметтік осал топтарды қолдау. Мемлекет басшысы көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар және жұмыссыз жастар сияқты әлеуметтік осал топтарға ерекше назар аударып, оларды қолдау шараларын күшейтуді ұсынды.

- Аймақтық теңсіздікті жою: Президент аймақтар арасындағы әлеуметтік-экономикалық айырмашылықтарды азайту үшін инфрақұрылымды дамыту және қызмет көрсету сапасын арттыруды тапсырды.

Алайда, ресми деректер кейінгі жылдары Қазақстанда едәуір экономикалық өсім байқалғанымен, әлеуметтік-экономикалық теңсіздік белең алып тұрғанын көрсетеді. Табыстың әділетсіз бөлінуі, сапалы қызметтерге қолжетімділік пен әлеуметтік мобильділік мүмкіндіктері тұрғысындағы олқылық әлі де өзекті күйінде қалып отыр.  

Ekonomist.kz мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда халықтың ең ауқатты 10%-ы жалпы табыстың шамамен 25%-ын еншілесе, ең кедей 10%-ына небары 4%-ы ғана тиесілі екен. Яғни, табыстар арасындағы айырмашылық 6 есеге жетеді. Ең үлкен табыс айырмашылығы Алматы мен Астана қалаларында байқалады. Алматыда бұл айырмашылық 7,3 есеге, Астанада 5,9 есеге тең.

Бұдан бөлек, гендерлік теңсіздік те жоқ емес. Дүниежүзілік экономикалық форумның (WEF) 2023 жылғы Жаһандық гендерлік теңсіздік индексі бойынша Қазақстан 146 елдің ішінде 65-орынды иеленген. Әйелдердің жалақысы әлі де орта есеппен, ерлерге қарағанда 30%-ға төмен, сондай-ақ олардың саяси және басқарушылық деңгейдегі өкілдігі әлсіз.

Цифрлық теңсіздік мәселесі де айқын аңғарылады. Қалалық жерлерде  ғаламторға қосылу деңгейі айтарлықтай болғанымен, ауылдық аймақтарда интернет байланысы әлі де нашар. Соның салдарынан онлайн білім алу, мемлекеттік қызметтерге қолжетімділік, қашықтан жұмыс істеу және еңбек нарығына қосылу мүмкіндіктері шектеулі.

Осы орайда, бұл жағдай бізде неге әлі күнге дейін өзекті деген сұрақ туындайды. Соған байланысты, «Қазақстанда, көптеген басқа елдердегідей, әлеуметтік-экономикалық теңсіздік өз алдына мәселе ретінде қарастырылмаған, зерттелмеген. Сондықтан да ол мемлекеттік басқару деңгейінде де, академиялық-зерттеу саласында да шешімін таппады. Үкіметтің стратегиялық құжаттары мен бағдарламаларында табыс пен мүлік теңсіздігі, байлықты әділетті бөлу, экономикалық демократия мәселелері нақты күн тәртібіне қойылған емес. Егер бір мәселе күн тәртібінде болмаса – ол ешқашан шешілмейді», – дейді экономист Қуат Әкежанов.

Қазіргі таңда көптеген елдер кедейлікпен күреске айтарлықтай назар аударып отыр. Дегенмен мамандар оның себептерін жоймайынша, оң нәтижеге қол жеткізу мүмкін еместігіне меңзейді және кедейліктің басты себебі – әлеуметтік-экономикалық теңсіздік деп санайды.  

Филология ғылымының докторы Раушангүл Авакова да еліміздегі әлеуметтік әділетсіздік пен жұмыссыздық мәселесіне бейжай қарамайды. Ол «Байлар мен кедейлер арасындағы айырмашылықтың жер мен көктей алшақтап кеткенін қарапайым халық күнделікті өмірде сезінеді. Алайда биліктегілер бұл жағдайды көріп-білсе де, көп жағдайда үнсіз қалуға бейіл» деген пікірде.

Ғалымның пайымдауынша, қоғамда әлеуметтік теңгермешілік орнауы шарт. Ол үшін, ең алдымен, ұрлық жолымен шектен тыс байығандардың байлығы ашық әрі әділ тергеліп, заңсыз алынған қаражат мемлекетке қайтарылуы тиіс. Бұл қоғамдағы әділеттілікке деген сенімді арттыратын маңызды қадамдардың бірі. Р.Авакова сондай-ақ жұмыссыздық мәселесінің де терең әлеуметтік салдарына тоқталады. Оның айтуынша, жұмыссыздық тек экономикалық емес, моральдық күйзеліске де әкеліп соқтырады. «Жұмысы жоқ адам табыссыз, табыссыз адам аш, ал аш адам кез келген ұран мен айтаққа тез ереді, кекшіл келеді», дейді ғалым.

Экономист Қуат Әкежановтың айтуынша, табыстың, мүмкіндіктер мен ресурстардың әділетсіз бөлінуі қоғамдағы тұрақсыздықтың басты себептерінің бірі. Ол бұл құбылыс экономикалық өсімді тежеумен қатар, ел ішіндегі сенімді де жоятынын айтады.

«Бұл  тек теориялық тұжырым емес, әлемнің алдыңғы қатарлы экономистері ғылыми түрде дәлелдеп отырған шындық. Джозеф Стиглиц, Энтони Эткинсон, Бранко Миланович сынды ғалымдар әлеуметтік әділдік пен тең мүмкіндікті ЖІӨ өсімі мен инвестициялық климаттан да маңызды деп есептейді», дейді сарапшы.

Қуат Әкежанов теңсіздік салдарларына тоқтала келе: «Әлеуметтік теңсіздік деңгейі жоғары елдерде қылмыс, суицид, нашақорлық секілді патологиялық құбылыстар жиілейді. Адам капиталы құлдырайды, қоғамдық сенім әлсірейді, білім мен денсаулық сақтау қызметтері қолжетімсіз болады, ал элита халықтан алыстай түседі», деп пайымдайды.  

Бұл тұжырымдар әлеуметтік әділеттілікке негізделмеген қоғамның болашағы бұлдыр болатынын аңғартады. Сайып келгенде, бүгінгі Қазақстан үшін әлеуметтік әділеттілік – тек моральдық ұстаным емес, тұрақты дамудың стратегиялық шарты екені анық.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:23

19:18

17:11

16:47

16:20

16:11

15:45

15:32

15:14

15:04

14:58

14:44

14:38

14:24

14:19

12:20

12:18

11:46

11:10

11:06

10:55

10:30

10:29

09:45

17:43