Өңірлік коммуникациялар қызметінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің кинологиялық қызметі иттерімен жаттығу өткізді, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Брифинг барысында иттердің дайындығы мен қалай жұмыс істейтінін көрсетіп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі кинологтардың рөліне тоқталды.
Қазақстан Республикасы ІІМ Кинологиялық орталығы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Максим Чебан жұмыстарын баяндады.
Спикердің айтуынша, олар көбіне неміс овчаркасы мен бельгиялық малинуа овчаркасын пайдаланады екен. Бұлар қолға тез көндігеді, төзімді, кез келген тапсырманы тез игереді. Адам көп жүретін жерде жұмыс істеу үшін мінезі орнықты, жұртты шошытпайтын лабрадор мен спаниельді де қолданады.
«Қызметтік итті жастайынан үйретеміз. Олардың денсаулығы, мінез-құлқы мен іздестіру жұмысына бейімділігіне қарап аламыз. Бастапқы тәртіптен бастап арнаулы тапсырманы орындауға дейін оқытуды кезең-кезеңімен жүргізеді. Негізінен жұмысқа ынталандыруға көп көңіл бөлеміз», — дейді.
Максим Чебаның айтуынша, бір итті толық дайындау кемінде бір жыл уақыт алады екен. Оқытуды жұмыс кезінде де жалғастырып, иттің дағдысын жаттығу жасап, жетілдіріліп, жұмысқа ынталандырып отырады.
Жаттығу барысында дайындық деңгейі әртүрлі екі қызметтік иттің жұмысын көрсетті. Негізгі дайындық кезеңіндегі 1 жастағы Амур атты неміс овчаркасы осы уақыттағы бар үйренген нәрсесін көрсетті, тамаққа да аса елеңдемей, кинологтың рұқсатымен ғана жүріп-тұрғаны журналистерді таң қалдырды.
Толық дайындықтан өткен 6 жастағы Астра атты бельгиялық малинуа овчаркасы арнаулы жұмыс элементтерін көрсетіп, соның ішінде бөлме ішінде иіс имитаторын тауып, олардың орнын дәл тауып, белгілеп шықты.
«Осы иттердің қалай жұмыс істеп жатқанына қарап, оларды қалай дайындайтынымызды байқасаңыздар болады», — дейді Максим Чебан.
Арнаулы дайындық бөлімшесінің аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Ерік Кәрібаев кинологтарды қалай даярлайтындарын айтып берді. Оның сөзінше, мамандар теориялық және тәжірибелік дайындықтан өтіп, біліктілігін жүйелі түрде арттырып отырады екен. Себебі бұл жұмыс стрессқа төзімді болуды, тәртіп мен жануарлардың тілін білуді талап етеді.
2025 жылы қызметтік иттердің көмегімен 4 мыңнан астам қылмыс ашылған, оның ішінде адам өлтіру, қарақшылық шабуыл, кісі тонау мен ұрлық та бар. Сондай-ақ есірткі қылмысына қарсы күреске де үлкен үлес қосып, заңсыз айналымнан 12 тоннадан астам есірткі мен прекурсорлар тәркілеген.
Спикер цифрлық технологиялар мен құралдар дамып жатқанына қарамастан, қызметтік иттер түрлі жағдайда тиімді жұмыс істеп, иіс арқылы із кесетін қабілетінің арқасында полицияынң көмекшісі болып қала беретінін айтты.