"Той - халықтың қазынасы" деген сөз қазақ халқының санасына барынша сіңіп қалған. Өйткені күнделікті өмірде киіле бермейтін ұлттық киім, салт-дәстүр мен жөн-жоралғының көбі дәл осы той үстінде орындалып, бір "жасап" қалатыны бар. Уақыт өте келе кейбірі өзгеріске ұшырап, заманына сай жаңарып та жатыр. Дегенмен қазіргі қазақ қоғамында тойға келгенде шамадан тыс шығын да, "ел не дейдіге" салынып, "тыраштану" да тоқтамай тұр.
Бұрын ауылды жерде үйдің алдына палатка тігіп, ал қалада асхананы жалдап, ағайын-туыс, көрші-көлеммен қарапайым ғана той жасай салатын кезең еді. Бірақ қазір заманына қарай ол да өзгеріп, көбінше қарызданып-қауғаланып той жасау үйреншікті жағдайға айналған. Әсіресе, үйлену тойында аста-төк шығынға бататынымыз жасырын емес.
Дегенмен кейінгі кезде осы стереотипті бұзып, шағын әрі мәнді той жасауды жөн көретін жастар да көбейіп келеді.
Aqshamnews.kz-тің бұл жолғы кейіпкерлері – дәл осындай шешім қабылдаған Айдана Хожанова мен Кенжебек Зулкарнаев есімді жас жұбайлар.
Айдананың айтуынша, бұл шешімге екеуі де бірдей тоқтаған.
"Танымайтын 300–500 адамға арнап үлкен той жасағымыз келмеді. Одан бөлек, киіт пен түрлі сыйлықтардың бәрі – артық шығын деп ойлаймын. Алдымда үйленген аға-әпкелерімнің тойын көріп өстім, ата-анамның қаншама қиналғанын да көрдім", – дейді ол.
Жас отаудың пікірінше, көпшілік "ел не дейді" деген желеумен шамасынан тыс шығындалады. Бірақ айтуларынша, қалай болғанда да сын айтатын туыс пен таныс бәрібір табылады. Сондықтан Айдана мен Кенжебек артық шығынға бармай, кредитке кірмей, тек жақын достарына арнап шағын ғана форматта той өткізуді жөн көрген. Екеуара қабылданған бұл шешімді екі жақтың да ата-анасы қабылдай қоймаған. Тіпті, шағын ортада өткізбек болған тойға барудан бас тартқан. Дегенмен, райларынан қайтып, жастардың бақытына тұсау салмай, ақ баталарын беріпті.
Онлайннан - отау құруға
Екі жас 2024 жылғы тамызда онлайн танысқан. Ол кезде Айдана Италияның Милан қаласында тұрып жатқан. Кейін екеуі де жұмыс бабымен Алматыға келеді. Онлайнда басталған таныстық алғашқы кездесуде-ақ екі жастың болашақта отау құратынын аңғартқан.
"Екеуіміз екі елде жүрдік. Ара-арасында Ыстамбұл, Алматыда, Атырауда кездестік. Ақпан айында жолдасым үйленуге ұсыныс жасады, сонымен бәрі шешілді", - деп жылы жымиды жас келіншек.
7 сәуір күні Айданаға сырға салынып, үйінен ұзатылып, келесі күні жігіт жақта үйде 30–50 адамға арналған шағын беташар жасалған. Ал 12 сәуірде достарына арнап, жас жұбайлар өздері қалаған форматта бас қосу отырысын өткізген. Қонақтар саны 50 адамнан аспаған.
Ең бастысы, жастар тойға жұмсалатын 7-8 миллион теңгені екі бөлмелі пәтердің бастапқы жарнасы ретінде ретінде құйып, үйлене сала "үйлі" болған. Ипотекалық бағдарлама арқылы үйдің жарты құнын төлеп, қалғанын қазір кезең-кезеңімен өтеп отыр.

Тойға жалпы 750 мың теңге жұмсалған екен. Тойға келген достарының қосқан сыйы 400 мың теңгені құраған. Түптеп келгенде, жас жұбайлар нақты шығын тіпті 750 емес, 350 мың теңгеге айналғанын өздері де аңғармаса керек.
750 мың теңге қалай жұмсалды?
Айдананың айтуынша, бұл сома кейбіреулерге аз, ал енді біреулерге көп болып көрінуі мүмкін. Қаражаттың негізгі бөлігі видеограф пен фотограф қызметіне, асабаға және дастархан мәзірін әзірлеген аспаз еңбегіне жұмсалған.
Сонымен қатар, үйде өтетін тойға арналған үстелдер жалданып, безендіруге қажетті заттар қарапайым базардан алынған. Жетпеген ыдыстарды сатып алмай, достарынан уақытша алған. Ал даяшы қызметін туыс сіңлілері мен бауырлары атқарған.
Дастархан да барынша жинақы әзірленіп, тек желінетін ас түрлері қойылған. Ысырапқа жол берілмеген.
Мәзірде:
-
үш түрлі салат (капрезе, баклажан, цезарь),
-
суық тіскебасарлар мен жеміс-жидек,
-
екі ыстық тағам (соустағы тауық пюремен, балық күрішпен),
-
тәттілер мен сусындар болған.
Өздері қалаған форматта өткізілген той достарының көңілінен де шыққан. Тек қана жастар бас қосқан отырыс барынша көңілді әрі есте қаларлықтай өткен.
Балидегі бал айы
Той өтісімен, жас отбасы бал айын Балиге барып өткізіп келген. Бұл - олар отау құрмай тұрып келісілген шешім.
Айдана осы уақытқа дейін 25 елді аралап, бірнеше жыл шетелде тұрған жайы бар. Жолдасы Кенжебек те жұмыс барысымен шетелде жиі болған. Екеуін тоғыстырған арманның бірі - ел-жерді бірге көріп, бірге саяхаттау. Шетелге көп жолы түскеннен кейін, бұл тұрғыдан да білгені мен түйгені мол екен. Жас жұбайларды саяхатты да көп шығынданбай барынша тиімді өткізудің шеберлері десе болады.
"Келісіп пішкен тон келте болмас". Айдана мен Кенжебектің өзара ауызбірлікте жасаған шағын ғана шаңырақ көтеру тойы жайлы әңгімесіне қарап осындай ой түюге болады. Өзара сенім мен келісімге келе отырып, жасалған осындай шағын ғана шаңырақ көтеру тойы бұл одақтың әлі талай мақсаттары айқын екенін аңғартады. Бір жағынан бұл оқиға "Бас екеу болмай, мал екеу болмасын" да үйрететіндей.
Қазіргі таңда жас жұбайлар ата-ана болуға дайындалып жүр. Айдананың айы-күні жақындап қалған.

Ең бастысы, болашақ сәбимен пәтерден-пәтерге көшіп, жалақыдан-жалақыға қарап, қарызданып-қауғаланып өмір сүрмейді. Айдана мен Кенжебек өз принциптеріне сай, болашақтарына қажетті жағдайды алдын ала жасап қойған. Алда ел аралау, тіпті шетелде тұрып көру де олардың ортақ армандарының бірі.