Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев осылай мәлімдеді, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Үкімет отырысында көлікте интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету жоспарлары туралы айтқан министрдің мәліметінше, қазір 50 теміржол бағыты бойынша қатынайтын 124 пойыздың құрамындағы 1 500 вагон интернетпен қамтылған.
"Жеті ұшақ пен 50 туристік нысанды интернетке қосу жұмыстары жалғасып жатыр. Жалпы ұзындығы 4 511 шақырым болатын "Батыс – Шығыс" гипермагистралінің жартысы төселді. Оны жыл соңына дейін пайдалануға береміз", – деді Мәдиев.
Сондай-ақ оның айтуынша, ауылдық жерлерде 370 ауыл интернетке қосылған. 11 819 шақырым байланыс желісі тартылған.
"Биылғы жоспар – 1 600 ауылды интернетке қосу. 2027 жылы 500-ден астам антенна-діңгек құрылысын орнатып, облыстық және республикалық маңызы бар 40 мың шақырым автожолды байланыспен қамту жоспарланып отыр", – деп түйіндеді министр.
Бұған дейін цифрлық даму министрі өңірлерді цифрлық трансформациялау үдерісінде жүйелі тәсілдің жоқ екенін мәлімдеген болатын.