Экологиялық ахуалды жақсарту үшін Өзбекстан астанасында автокөліктерге қатысты бірқатар шектеу енгізу ұсынылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Өзбекстан Экология министрлігінің мәліметінше, Ташкенттегі ауаның ластануына ағаштарды заңсыз кесу, көліктер бөлетін зиянды газдар және көмір мен мазут түтіні себеп.
«Бүгінде ірі қалаларда, оның ішінде Ташкентте атмосфералық ауаның ластануы электр және жылу энергиясы көздері, автокөлік шығарындылары көлемінің ұлғаюымен байланысты. Олардың жағымсыз әсерін азайту мақсатында тиісті шаралар әзірлеу қажет», - деп мәлім етті ведомстводан.
Осыған байланысты құзырлы орган Ташкент қаласында келесі шектеу шараларын енгізуді ұсынып отыр:
- «Еуро-4» стандартына сай келмейтін жанармайды (АИ-80 маркалы жанармай) пайдалануға тыйым салу;
- кептеліс болатын уақыттарда жүк көліктерінің қозғалысына шектеу (07:00-ден 10:00-ге дейін және 17:00-ден 20:00-ге дейін) қою;
- 2010 жылға дейін шығарылған барлық автокөлік құралының қозғалысына тыйым салу. Электромобильдерге көшкен көлік иелеріне жеңілдіктер, преференциялар мен субсидиялар беру;
- магистральдардағы кептелісті азайту және автомобиль қозғалысын оңтайландыру үшін тәжірибе ретінде көліктерді «тақ және жұп» күндері жүргізу ережесін енгізу;
- қаланың орталық көшелерінде автокөліктен бос аймақтарды ұйымдастыру;
– тиісті инфрақұрылымды құра отырып, қоғамдық көлікті баламалы отын түрлеріне, яғни электр және газға ауыстыру.
Сондай-ақ кәсіпорындар мен жылу орталықтарында көмір мен мазутты пайдалануға тыйым салу ұсынылады. Ведомство объектілердің барлық түрлерін (әлеуметтік және мемлекеттік маңызы бар объектілерден басқа) салуға мораторий жариялау, Ташкенттің айналасында жасанды су айдындары мен жасыл белдеу құру, сондай-ақ ауа сапасының көрсеткіштері жарияланатын мониторлар орнатуды орынды деп есептейді.