Ресейдің НТВ арнасындағы "Звезды" әзіл-оспақ шоуының финалы қазақстандық көрермен арасында қызу талқыға түсті. Әлеуметтік желіден "Астана"құрамасына қолдау білдіріп, шашын тықырлап алып тастап, Филипп Киркоровты қарғап-сілеп жатқан қазақстандықтардың жазбасын көзіңіз шалған болар. Бұл неден шықты? Ресейлік әртісті неге қазақстандықтар "бойкоттап" жатыр? Аqshamnews.kz тілшісі көптің талқысына түскен жағдайдың жай-жапсарын түсіндіреді.
Қазақстандықтар шулатқан "Звезды" шоуы деген не?
"Звезды" – НТВ арнасындағы әзіл-оспақ бағытындағы тележоба. Бағдарламаны Азамат Мусагалиев жүргізеді. Жобада әр өңірді/команданы белгілі тұлғалар бастап, түрлі әзіл сайыстарында бақ сынайды. Финалда бірнеше команда өнер көрсетіп, соңғы кезеңде ең көп ұпай жинаған ұжымдар басты жүлде үшін бәсекеге түседі. Биылғы финалда 20 миллион рубль (шамамен 129 млн теңге) сарапқа салынғаны айтылды. Ал қатысушылар оның бір бөлігін қайырымдылыққа бағыттауды жоспарлаған. Бұл жобаның 2-маусымы болатын. Былтыр ғана тұсауы кесілген Мусагалиевтың жобасында Денис Дорохов және "Регионы" командасы жеңген болатын.

"Астана" құрамасы финалда қалай өнер көрсетті?
Финалдық бәсекеде қазақстандық "Астана" командасы соңына дейін тартысты ойын көрсетті. Бірнеше кезеңнен тұратын жобаның әр шығарылымында сүрінбей, қағытпа қалжыңымен көрерменнің көңілінен шыққан "Астаналықтар" финалда да, Иван Абрамовтың (ресейлік стендап-комик - еск.) "Команда мечты" командасымен кездесіп, нәтижесінде екі ұжым да 22 ұпайдан жинады.
Ең қызығы, олар "Шаштаразда болған жағдай" нөмерінде Анатолий Цойдың (танымал әнші, Қазақстан тумасы - еск.) шашын сахнада алып тастайды. Одан кейін командаластары да түгел шаштарын қырқып тастап, ерлік танытады. Әзіл үшін болса да, "Астаналықтардың" бірлігін көрсеткен нөмерге ресейлік көрермен орнынан тұрып, зор қошемет көрсетті. Тіпті кейбірі көзіне жас алды.

Киркоровтың “әділетсіз шешімі”
Қазылар алқасының бағалау сәтінде тең түскен қос команда үшін ("Астана" мен "Команда мечты") Филипп Киркоровтың даусы шешуші рөл ойнады. Ол қазақстандықтарға орнынан қасқайып тұрып қошемет көрсетсе де, "Команда мечты" ұжымына – 6 балл, ал "Астанаға" – 3 балл қойып, нәтижесінде қазақстандық команда екінші орынға тұрақтады.
Осы шешімнен кейін желіде екіұдай пікір күшейді: бір бөлігі бұл – қазылар алқасының субъектив таңдауы десе, енді бір бөлігі "әділетсіз болды" деп бағалады. Әлеуметтік желіде Киркоровтың парақшасына да пікірлер көптеп жазылып, кей қолданушылар оның Қазақстандағы концерттеріне бармайтынын айтып, “cancel” форматындағы наразылық білдірген. Талқыланып жатқан жазбалар арасында "Бастаның" да шешіміне келіспегендер "концерттеріне бойкот" жариялап жатыр.
Қысқасы, көрерменнің көпшілігі "Астананың" әзілдері көбірек күлдіргенін алға тартып, қазылар бағасын қабылдай алмағанын ашық айтып жатыр.

Шаш алу челленджі немесе "Астаналықтарға" қолдау
Финалдан кейінгі ең ерекше реакциялардың бірі – әлеуметтік желідегі "тақырбас челленджнің" тарауы болды. Қазақстандық жанкүйерлер "Астана" командасын қолдау белгісі ретінде шаштарын тықырлап алып, фото-видеоларын жариялай бастады. Челлендждің мәні – командаға моральдық қолдау көрсету әрі Киркоровтың шешіміне символикалық “жауап” беру ретінде түсіндіріліп жатыр.
Қазір бұл үрдіске алғаш рет басын тақырлап жатқан адамдар да қосылып, бұл құбылыс әлеуметтік желіде кең тарап отыр. Ал Филипп Киркоров әзірге бұл дау мен челленджге қатысты ресми пікір білдірмегені айтылады.
Танымал шоумен, әзілкеш, "Астана" командасының мүшесі Еркебұлан Мырзабек ойыннан кейін жазба жариялады. Онда ол:
«Бұл кадр эфирде болған жоқ. Дәл осы сәтте біз өз еліміз үшін, өз командамыз үшін мақтаныш сезімін кештік. Зал біздің нөмерге тұрып қошемет соқты. Бұл - финалдағы әннен кейін емес, дәл нөмердің өзіне көрсетілген құрмет! Мен сол сәтте ғана қандай еңбек жасағанымызды, қандай үлкен жұмыс атқарғанымызды түсіндім. Сондықтан көзіме жас келді. Иә, мен жыладым және бұдан ұялмаймын. Біз өз “шыңымызды” әлі талай бұзамыз, елімізді әлемге тағы да танытамыз. Мақсат қойдық, соған жетеміз. Сүйіспеншілікпен әрі құрметпен, "Астана" командасы, - деп жазды Еркебұлан Мырзабек.