Алматыда қала жастарына кеңес беру, білім беру, шығармашылық, экологиялық және қоғамдық жобаларды жүзеге асыруға арналған 12 комьюнити орталығы жұмыс істейді, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Бұл туралы қалалық Жастар саясаты басқармасының өкілдері айтты. 2026 жылдың басынан бері комьюнити орталықтарына 344 мыңнан астам жас келді. Осы уақыт ішінде 980-нен астам іс-шара өткізіліп, оған 210 мың адам қатысты.
Жыл басынан бері 7,6 мыңнан астам жасқа түрлі бағытта кеңес берілді. Оның ішінде 5 мың өтініш жұмысқа орналасуға қатысты болса, тағы 2,6 мыңы психологиялық және құқықтық көмек көрсету мәселелерін қамтыды. Комьюнити орталықтарының қолдауымен 1,2 мыңнан астам жас жұмысқа орналасты.
Орталықтарда бағдарламалау, мобилография, шығармашылық бағыттар бойынша курстар, кәсіптік бағдар беру кездесулері және жастар бастамалары тұрақты түрде ұйымдастырылады.
2026 жылдың соңына дейін Алматыдағы комьюнити орталықтарының санын 15-ке дейін көбейту жоспарланып отыр. Сондай-ақ, көрсетілетін қызметтермен қамтылатын жастар санын 700 мың адамға дейін жеткізу және кемінде 22 мың кеңес беру көзделген.