«Қарты бар үйдің – қазынасы бар» дейді дана халқымыз. Өткен мен бүгінді жалғап, кейінгі ұрпаққа өнегелі жол көрсетіп отырған қарияларымызды ардақтау – біздің азаматтық та, перзенттік те парызымыз.
Үлкенге құрмет көрсету — халқымыздың ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан асыл дәстүрі. Осы құндылықты балалардың бойына сіңіруде шынайы қарым-қатынас пен игі істің орны ерекше. «Халықаралық қарттар» күні қарсаңында мектебіміздің ұстаздары мен оқушыларымен бірге Алматы қаласындағы «Үйдегі қамқорлық орталығына» бардық. Орталықтағы ардақты қарияларымызға арнап мерекелік концерт ұйымдастырып, ізгі тілектерімізді жеткіздік.
Мектеп директоры ретінде бұл кездесуді ұйымдастыруға өзім бастамашы болдым. Біздің бұл игі қадамымызға Алматы қаласы Бостандық ауданының білім бөлімі қолдау көрсетті. Ұстаздарымыздың қажырлы еңбегі, оқушыларымыздың ынтасы мен ата-аналардың жан-жақты көмегі ортақ мақсатқа ұласып, ардақты қарияларымызға үлкен қуаныш сыйлауға мүмкіндік берді. Бұл игі істің негізгі мақсаты – жалғызбасты қарттарға жылулық сыйлау, олардың көңілін аулау және өсіп келе жатқан жас ұрпақтың бойына мейірімділік, жанашырлық, үлкенді сыйлау сияқты адами құндылықтарды сіңіру болды.
Кездесу барысында мектеп оқушылары ардақты қарияларымызға өздері дайындаған шағын концерттік бағдарламасын тарту етті. Шәкірттеріміз ән шырқап, би билеп, күй тартып, өлең оқығанда, қарттарымыздың жүзінен үлкен қуаныш пен толқыныс байқалды. Әрбір өнер көрсетуден балалардың шынайы ықыласы мен үлкендерге деген шексіз құрметі анық сезіліп тұрды.Сонымен қатар, оқушылар өз қолдарымен жасаған сыйлықтары мен мектеп атынан дайындалған естелік тартуларды табыс етті.
Біз үшін ең әсерлі сәт – қарияларымыздың ақ батасын алған сәт болды. Олардың көздеріндегі қимастық пен алғысқа толы мейірімді қарасты көріп, бұл игі істің балалар үшін үлкен өмірлік сабақ болғанын түсіндім. Саналы ұрпақ тәрбиелеу – тек партада отырып білім берумен шектелмейді. Мұндай игі істер оқушылардың жүрегінде өмір бойы өшпес із қалдыратыны сөзсіз.
Кездесудің ең жылы сәттерінің бірі — концерттен кейінгі әңгімелесу болды. Оқушылар қариялардың өмір жолы туралы әңгімелерін тыңдап, оларға ізгі тілектерін білдірді. Осындай сәттерде қарапайым көңіл бөлудің, жылы сөз бен ықыластың адам үшін қаншалықты қымбат екенін терең сезінесің.
Бізді қабылдаған орталық ұжымы мен ардақты қарияларымызға алғысым шексіз. Осындай кездесулердің ізгі дәстүрге айналып, ұрпақтар арасындағы сыйластық пен байланысты нығайта беретініне сенемін. Қайырымдылық шарасына белсене қатысқан мектебіміздің ұстаздарына және жүрегі жылы, мейірімді оқушыларыма мектеп әкімшілігі атынан және өз атымнан зор алғысымды білдіремін. Балаларының тәрбиесіне белсене араласып, демеушілік көмек көрсеткен ата-аналарымызға да ризашылығымды білдіремін. Бұл кездесу мектеп пен отбасының бірлесе атқарған еңбегінің нәтижесі болды.
Үлкенді құрметтеу – ұлтымыздың ұлы қасиеті, ендеше айналамызға мейірім сыйлаудан шаршамайық!
Динара Бауыржанқызы №37 жалпы білім беретін мектептің директоры