Алматы №4 қалалық клиникалық ауруханаға жол-көлік оқиғасынан кейін 38 жастағы науқас өте ауыр хәлде жеткізілді. Дәрігерлер оны дереу жансақтау бөліміне жатқызып, өмірлік маңызды көрсеткіштерін тұрақтандыру үшін қарқынды ем жүргізді, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
«Жол апаты салдарынан науқас ағзаның бірнеше өмірлік маңызды жүйесі қатар зақымданған ауыр аралас жарақат алды. Оған бас-ми жарақаты мен ми соғылуы диагнозы қойылды. Бірнеше қабырғасы сынып, соның салдарынан өкпесі мен көкірек қуысы ағзалары зақымданған. Бұдан бөлек, жамбас сүйегі, бұғана және аяқ-қолы ауыр жарақаттанған: сан сүйегі, сирақ және тобық буыны бірнеше жерден сынған, сондай-ақ тізе буынының байламдары қатты зақымданған. Жарақаттар травмалық және қансырау шогымен, көп қан жоғалтумен, сондай-ақ аяқтағы қан тамырларының бітелуімен асқынған. Мұндай жарақаттар көп жағдайда адам өміріне тікелей қауіп төндіреді», - дейді №4 қалалық клиникалық аурухананың көпжарақат бөлімінің дәрігері Б. Байкенжеев.
Науқастың жағдайы тұрақтандырылғаннан кейін ол көпжарақат бөліміне ауыстырылып, әрі қарай емдеу бірнеше кезеңмен жүргізілді.
Дәрігерлер екі кезеңде жалпы саны он ота жасады. Мамандар зақымданған сүйектер мен буындарды қалпына келтіріп, күрделі қайта қалпына келтіру оталарын орындады, сондай-ақ байлам жүйесін қалпына келтірді. Емге қан тамырлары хирургі де тартылды, өйткені кейбір жарақаттар қан тамырларына арнайы араласуды қажет етті.
Жарақаттардың ауырлығына және емдеу ауқымының күрделілігіне қарамастан, барлық ота сәтті өтті. Соңғы хирургиялық кезеңнен кейінгі екінші тәулікте-ақ дәрігерлер стационардағы оңалтудың алғашқы кезеңін бастады. Бұл - ауыр аралас жарақаттан кейінгі сауығудың маңызды бөлігі.
Науқастың өмірі мен сауығуы үшін көпбейінді мамандар тобы жұмыла еңбек етті. Хирургиялық бригада құрамында травматологтар Б. Байкенжеев, Н. Турбеков, Б. Толаматов және Н. Смағұлов болды. Анестезиологиялық сүйемелдеуді Н. Сүлейменов пен Қ. Тимиров қамтамасыз етті. Қан тамырларына қатысты емдік араласуды А. Иманғалиев жүргізді.
Емдеуші дәрігер Б. Байкенжеевтің айтуынша, дер кезінде көрсетілген білікті медициналық көмек, кезең-кезеңімен жүргізілген ем және мамандардың үйлесімді жұмысы оң нәтижеге жеткізді.