Ол спорттық мансабын мемлекеттік қызметпен қатар алып жүр, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматы қаласы Сәулет және қала құрылысы басқармасының қызметкері Әбу-Дастан Зиналиев шеберлер арасында самбодан өткен әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Халықаралық жарыс 21 қарашада Кипрдің Лимасол қаласында өтті.
Әбу-Дастан Зиналиев – самбодан спорт шебері, жекпе-жектің түрлі бағыттары бойынша халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы әрі жүлдегері. Ол спорттық мансабын мемлекеттік қызметпен қатар алып жүр.
20 жылдан астам үзілістен кейін спортшы қайтадан белсенді жаттығып, жарысқа қатыса бастады. Соңғы жылдары ол әлем, Еуропа, Азия және Океания чемпионаттарында бірнеше рет жүлдегер атанды.

2023 жылы алматылық спортшы жауынгерлік күрес пен грэпплингтен әлем чемпионы атанды. 2024 жылы жауынгерлік күрестен әлем біріншілігінде және шеберлер арасында дзюдодан өткен Еуропаның ашық чемпионатында алтын медаль, сондай-ақ самбодан әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алды.
2025 жылы ол грэпплинг, жауынгерлік күрес, бразилиялық джиу-джитсу және комбат джиу-джитсудан халықаралық жарыстарда жеңіске жетті. 2026 жылы оның жетістіктері дзюдодан Еуропаның ашық чемпионатының алтын медалімен және Кипрде өткен самбодан әлем біріншілігіндегі жеңісімен толықты.
Әбу-Дастан Зиналиев жарыстарға қатысумен қатар балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға да үлес қосып келеді. 2015 жылы ол бауыры Дәулетпен бірге KETE PRIDE спорт клубын ашты. Клуб шәкірттері дзюдо мен самбодан халықаралық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанды.
Лимасолдағы жеңіс жоғары деңгейдегі жарыстарға қатысып, тәжірибесін жас ұрпаққа үйретіп жүрген алматылық спортшының халықаралық жетістіктерінің қатарын толықтырды.